Мектептегі ер мұғалімдерді саусақпен санауға болады – Ырысбек Мәуіт

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
6544

Қашықтан оқыту білім жүйесіне қиындық туғызып тұр.   

Мектептегі ер мұғалімдерді саусақпен санауға болады – Ырысбек Мәуіт

Білім және ғылым министрлігінің 2 мәрте Құрмет грамотасының иегері, бірнеше оқу құралдарының авторы, республикалық, халықаралық пән олимпиадалары жеңімпаздарының жетекшісі, Zerdeli ақыл-ой дамыту мектебінің директоры, математик Ырысбек Мәуіт коронавирус пандемиясы білім жүйесін жағдайға қарай әрекет етуге мәжбүрлеп отырғанын мәлімдеді.

Оның сөзінше, қашықтан оқыту білім жүйесіне қиындық туғызып тұр, алайда дәл қазір бұдан тиімді тәсіл жоқ.

"Министр Асхат Аймағамбетов жаңа оқу жылы қашықтан оқыту форматымен басталатынын хабарлады. Сонымен қатар шағын жинақталған мектептер эпидемиялық ахуал жақсы болған жағдайда дәстүрлі түрде оқуы мүмкін екенін, ал бастауыш сынып оқушылары үшін қатаң санитарлық талап жағдайында кезекші сынып ашылатынын айтты. Бұған қоса ол жоғары оқу орындары мен колледж студенттері де қашықтан және кей жағдайда аралас оқитынын жариялады. Осының барлығы білім жүйесіне салмақ салады. Дегенмен уақытша болса да қазіргі жағдайға икемделуіміз керек", – деді Ырысбек Мәуіт.

Ол коронавирус пандемиясы әлсірейтінін, жағдай жақсарып, қоғам дәстүрлі білім жүйесіне көшетінін, бұдан былай қашықтан және онлайн оқыту дәстүрлі білім берумен қатар жүретінін тілге тиек ете келіп, нақты шара қолданбаса бір мәселе шешілмей қалуы мүмкін екенін айтты.

"Мектептегі ер мұғалімдерді саусақпен санауға болады. Мұғалім мамандығын меңгерген ер адамдардың басым бөлігі шәкірт тәрбиелеуден бас тартып, басқа салаға бет бұрады. Ер мұғалімдердің дені жүйке жұқартатын қағазбастылыққа шыдамайды. Бұған қоса отбасын асырау үшін мектептен тыс жерде қомақтылау ақшаға жұмыс істегісі келеді. Ал оқушылар үйде де, түзде де әйел адамның тәрбиесін көреді. Себебі әкелері жұмыста, ал мектепте ер мұғалім жоқтың қасы. Бұл ер адамның қабағынан ығуды білмейтін, оның мінез құлқын, ұстанымы мен тәртібін түсінбейтін ұрпақтың қалптасуына түрткі болуы мүмкін. Осыдан 6 жыл бұрын елорда да ақыл-ой дамыту орталығының негізін қалап, кейін оны мектепке айналдырған кезде, мақсатты түрде математикадан сабақ беретін ер мұғалімдерді іздедік. Оларды қағазбастылықпен қинаған жоқпыз. Әлеуметтік жағдайын жасап, шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік бердік. Ер мұғалімдер шәкірт тәрбиеледі және дидактикалық құрал ретінде пайдалану үшін қазақ тілінде кітап жазды. Нәтиже көп күттірген жоқ, шәкірттеріміз білім бәсекесінің алдын бермейтін болды. Бұған оқушыларымыздың республикалық, халықаралық жарыстарда топ жарып жүргені және Назарбаев зияткерлік мектептері мен Білім инновация лицейлеріне сондай-ақ Назарбаев университеті мен шет мемлекеттердің жоғары оқу орындарына түсу көрсеткіші дәлел. Мысалы, былтыр елордадағы Назарбаев зияткерлік мектептеріне қабылданған 192 баланың 102-cі бізде білім алған оқушылар. Айтайын дегенім, білім және ғылым министрлігі ер мұғалімдердің ғылыми-педагогикалық әлеуетін пайдалануы керек. Бұл үшін оларды ынталандырып, білім жүйесіне тартуға тиіс",– деді Ырысбек Мәуіт.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу