Мектептердегі ақылы олимпиадаларға жаңа министрдің көзқарасы қандай

3309

Оқушыларға арналған пайдасы шамалы конкурстар мен олимпиадалар білім емес, бизнеске айналып кетті, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Мектептердегі ақылы олимпиадаларға жаңа министрдің көзқарасы қандай Фото: atpress.kz

Соңғы жылдары ата-аналардың отбасылық шығынына – мектеп олимпиадалары қосылды. Олардың бәріне қатысу ақылы. Мысалы, бастауыш сыныптарға арналғандарына қатысу негізінен 500, 1 мың теңгені талап етеді. Кейбірінде қатысу құны 15 мың теңгеден жоғары болып келеді.

Елімізде ресми мәлімет бойынша 3 миллионға жуық бала бастауыш мектепте оқитынын ескерсек, ұйымдастырушылар олардың бәрін жұмылдыра алса, бір жолғы конкурстан 3 миллиард теңгеге дейін табыс табуына болады. Бұл бизнес қыруар шығынды қажет етпейтін көрінеді. Тест сұрақтары мен жауаптарын дайындайтын маманды жалдаса жеткілікті. Ресми емес олимпиадалар үшін құрылымы күрделі сайттар мен ұялы қосымшалардың керегі шамалы. Мысалы, Tilda Publishing сияқты сайттардың блоктық конструкторы базасында жасалған тегін ресурстар да жарап қалуы мүмкін.

Әрине, бұған қоса жергілікті білім басқармаларының шенеуніктерімен, не мектеп басшысымен ортақ тіл тапқан жөн, сонда олар өздеріне қарасты барлық мемлекеттік және жекеменшік мектептерді не ұстаздарды ұсынылған ақылы конкурс-олимпиадаға жұмылдырады, оқушыларын қатыстыруға міндеттейді. Барлығы онлайн жүреді, дайын тестіге әр қатысушы баланың дұрыс жауаптары автоматты түрде айқындалады.  

"Бұлар ата-аналардың мақтаншақтық сезімін қоздырып, соның арқасында табыс табады. Қай ата-ана өз баласымен мақтанғысы келмейді? Сондықтан бірде-бір ақылы олимпиаданы жібермей, бәріне баласын қатыстыратын ата-аналар бар. Олар баласын соған өзі тіркейді, үйінде баласының қасына жайғасып алып, жауаптарын да айтып беріп, нұсқап көрсетіп отырады. Өйткені бұл олимпиадасымақтардың бәрі мектепте емес, онлайн түрде өтеді ғой. Содан соң ата-аналар чатында оның нәтижесін жетістік ретінде паш етіп, мақтанады. Негізі, әсіресе, бастауыш сыныптарда мұндай байқаусымақтардан еш пайда жоқ, баланың кейін университетке ҰБТ-сыз түсуіне көмектеспейді. Жеңімпаз оқушыларға көбіне тіпті сертификат түгіл, қағаз диплом да табысталмайды", – дейді елордалық педагог Қалима Кеңесқызы.

Ол шәкірттке жоғарғы оқу орнына тегін түсуіне жол ашатын халықаралық олимпиадаларға бұлар арқылы дайындалу мүмкін еместігін, олардың басқаша қалып-формат пен қағида-тәртіп негізінде өтетінін қаперге салды. Халықаралық олимпиадаларға қатысатын оқушыны соған маманданған бапкер ұстаздар жеке даярлауға тиіс.

Жалпы, оқушылар үстінен жасалатын бұл бизнес ата-аналарды екіге жарды. Бірі оларды қызу қолдап, баланың білімін ұштау, салмақты сындарға дайындығының іргетасын қалау үшін керек деп қорғаштайды. Басқа бөлігі мемлекет мұндай масқараны тиғаны жөн деген ұстанымда.

"Қазіргі кезде мектеп мұғалімдері өз оқушыларын және ата-аналарды әртүрлі сайттарға тіркетіп, неше түрлі тестерден өтуге мәжбүрлей береді. Ол сайттарға тек ЖСН-ыңды енгізіп қана тіркелесің, басқаша вариант ұсынбайды. Оның үстіне көбінесе бұл тестер ақылы! Бұл қаншалықты дұрыс? Неге біз белгісіз сайттарға өз ЖСН-імізді тіркей беруіміз керек? Оның қауіпсіз екеніне еш кепілдік жоқ. Дербес деректеріміз ертең сыртқа кетіп қалмай ма, бөтен адамдардың қолына түсіп кетпей ме? Qabilet.kz, Bilimshini.kz сияқты сайттар олимпиаданы көп өткізеді", – дейді Кентау қаласының тұрғыны Нұрбол Тілемісов.

Ал қоғамдық белсенді Сәуле Нұрбекова Оқу-ағарту министрлігінен ресми олимпиадалар тізіміне кірмегендеріне тыйым салмауды сұрады.

"Ата-ана комитеті атынан хабарласып отырмыз. Біз балаларымызға арналған ақылы байқауларға қатысқымыз келеді. Сондықтан олардың мектепте тыйым салынуына қарсымыз. Ақысын сіздер емес, өз қалтамыздан төлейміз! Құрметті министр, сізден өтініп сұраймыз: №514 бұйрықта жоқ байқауларға оқушыларымыздың еркін қатысуына тыйым салмаңызшы. Біз баламыздың бағын сынап көргіміз келеді", –деп өтінді ол Оқу-ағарту министрінен.

Жасыратыны жоқ, бұл сала да түйткілдерге толы. Мысалы, ұстаз Гүлмира Нысанбаеваның түсіндіруінше, Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 7 желтоқсандағы №514 бұйрығымен "Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының, ғылыми жарыстардың, орындаушылар конкурстарының, кәсіби шеберлік конкурстарының және спорттық жарыстардың тізбесі" бекітілді. Оған мысалы, мұғалімдерге арналған пәндер бойынша "ПедСтарт" қашықтық олимпиадасы да кірген. Алайда "Педстарт" бұрыннан өткізілмейді.

Педагог, химия ғылымдарының PhD докторы, сөз болып отырған істің қыры мен сырын білетін білім саласының белсендісі Аятжан Ахметжанұлы кәсіпкерлер білім саласында жабайы нарық құрып алғанын айтады.

Оның түсіндіруінше, ақылы олимпиадалар белгілі бір дәрежеде балалардың білім деңгейін арттыруға ықпал етеді. Дегенмен, олардың біразы сапасыз ұйымдастырылады. Сондықтан ата-аналар бәріне бірдей қатыса бермей, саналы түрде келгені жөн. Ал ұстаздар оқушыларының олимпиадаларға белсенді қатысуын үнемі ынталандырады, себебі осы арқылы олар ұжымда, директор алдында өз беделін көтереді. 

Оқу-ағарту министрлігінің түсіндіруінше, аталған тізбе "Білім туралы заңының" 5-бабына сәйкес әзірленген. Министрлік былтыр ол тізбені қалыптастыру және бекіту критерийлерін қайта пысықтап шықты. Яғни, әрбір олимпиада, конкурс пен жарыстың тізбеге кіруінің жаңа өлшемшарттары бекітілді.

Әйтпесе, бұрынғы білім министрлері тұсында әлдекімнің лоббиімен сапалы білімге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын сайыссымақтар да тізбеге өтіп кеткені жасырын емес.

Жаңа критерийлер ашықтықты, айқындылықты қамтамасыз етудің, есеп берудің және баршаға тең мүмкіндіктер туғызудың тетіктері мен қағидаттарын қарастырады.

Жаңа Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев осы тақырыпқа қатысты түсініктемесін ресми блогында жариялады.

"Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 17 тамыздағы №371 бұйрығымен Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының, орындаушылар конкурстарының, кәсіби шеберлік конкурстарының және спорттық жарыстардың жаңа тізбесі бекітілді. Осы бұйрықпен бекітілген олимпиадалар мен конкурстар тегін негізде өткізілетініне назар аударамыз. Бүгінгі күні тізбені қалыптастыру тәртібін көздейтін іріктеу критерийлері бекітілді. Сонымен қатар, тізбеге білім берудің барлық деңгейлеріндегі педагогтар мен білім алушыларға арналған олимпиадалар мен конкурстар енгізілген. Ал одан тыс, ақылы конкурстар мен олимпиадаларға қатысу туралы шешімді білім алушылар мен олардың ата-аналары, заңды өкілдері дербес қабылдайды", – деді министр.

Яғни, ақылы олимпиадасымақтарға жаңа министрдің командасы тосқауыл қоймайды. Жаңа талаптар да оларға таралмайды: олар тегін олимпиадаларға қатысты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу