Мектептердегі вахтер бала қауіпсіздігінің кепілі бола алмайды – сарапшы

Қазақстан күзет ұйымдары қауымдастығының президенті білім ордаларындағы бақылау камераларының сапасы көңіл көншітпейтінін айтады.   

Мектептердегі вахтер бала қауіпсіздігінің кепілі бола алмайды – сарапшы

Бүгінде елімізде 129 жоғарғы оқу орны, 780 орта білім беру мекемесі, 7 мың мектеп, 10,5 мың балабақша бар. Алайда олардың барлығы террористік тұрғыда осал нысандар санатына жатқызылған, деп хабарлайды іnbusiness.kz.

Ведомство басшылары "білім беру ұйымдары бақылау камераларымен 100% жабдықталған" деп есеп бергенімен, елдегі 7 мың мектептің 798-ы ғана полицияның жедел әрекет ету орталығына қосылған, 1017 оқу ордасында ғана дабыл түймесі бар. 
Демек қылмыс болған жерде камера сөніп тұрған, істемей қалған деген деректерге таңқалуға болмайды. Оның басты себебі оқу ордаларындағы бақылау жүйесін мемлекеттік сатып алудан жеңген компания орнатады. Ал тендер ең төмен баға ұсынған мекемеге берілетіні белгілі. Арзан техника баға қауіпсіздігінің кепіл бола ала ма?

Қазақстан күзет ұйымдары қауымдастығының президенті Анатолий Калинин мұндай камералардың сапасы сенім ұялатпайтынын алға тартып отыр. 

"Балалардың қауіпсіздігіне келгенде үнемдеуге болмайды. Камерамен жабдықтауға желгілікті атқарушы орган жауап береді. Олар мұны мемлекеттік сатып алу арқылы жүзеге асырады. Әрине, ең төмен бағаны техникасы Қытайдан әкелінген, сапасы төмен, күннің ыстығы мен суығына есептелмеген компания ұтады. Салдарынан құқық бұзушылық орын алған жерден нақты дәлел табу қиындайды. Сондықтан бала қауіпсіздігіне келгенде үнемдеу аса қауіпті" , – дейді сарапшы. 

Қазандағы қайғылы оқиғадан кейін мамандар қазақстандық мектептерді кім күзететіне назар аудара бастады. Анатолий Калинин негізінен бұл міндет тиісті құзыреті жоқ, зейнет жасындағы адамдар, вахтер әжелерге жүктелгеніне налиды. 

"Егер кейбір мектептерде кәсіби күзетші болса, басқаларында барлық үміт тек күзетшілер мен вахтер әжелерге жүктелген. Кәсіби күзетшілер полиция қызметкерлерімен бірдей құқықтарға ие. Олар тәртіп бұзушыларды ұстай алады, арнайы құралдарды қолдана алады. Күзетшілердің мұндай құқықтары жоқ. Кәсіби күзетші дайындықтан өтіп, жыл сайын біліктілігін арттырып, қоян-қолтық ұрыс техникасын білуі керек", – дейді спикер. 

Қазақстан күзет ұйымдары қауымдастығының президентінің айтуынша, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жүйелі жұмыс қажет. Мәселен, мамыр айының басынан бастап нысандарды антитеррористік қорғаудың жаңа талаптары бекітілген. Сарапшы бұл ұсынымдер бұған дейін де болғанын айтады. Тек кәсіби қауіпсіздік мәселесі ақшаға келіп тіреледі.

"Білім беру нысандары бақылау жүйесімен, қызметкерлер мен келушілерді хабарландыру құралдарымен, дабыл түймесімен, мамандандырылған күзетпен, өткізу жүйелерімен жабдықталуы тиіс. Бірақ кейде жергілікті атқарушы органның бұған қаржысы жетпей жатады", – дейді сарапшы. 

Жүйелі жұмыс демекші Татарстан астанасында болған трагедияда террорист оқушыларға өзінің атына тіркелген қаруымен оқ атқаны белгілі. Елімізде суық қару ұстауға рұқсат алу талаптары қандай? Қылмыскерлерге суық қару тым қолжетімді емес пе? Бұл мәселені де зерделедік. 

Мәселен, Ашық үкімет порталында "белгі беру қаруы, механикалық тозаңдатқыштар, көзден жас ағызатын немесе тітіркендіргіш заттармен жарақталған аэрозоль, калибрі 4,5 миллиметрге дейінгілерін қоса алғанда, пневматикалық қару тіркеуге жатпайды" деп көрсетілген.  Яғни, ол үшін рұқсат алудың қажеті жоқ. Ал тегіс ұңғылы атыс қаруын алу үшін тұрғылықты жері бойынша ішкі істер органдарынан мінездеме сынды санаулы құжат жинау керек. Бұл ретте Анатолий Калинин мұндай құралды ұстауға азаматтың нақты мақсатына байланысты екенін айтады. 

"Қаруды бірі қорғану үшін, бірі аңшылық үшін заңдастырады. Былай қарағанда талаптар оңай болып көрінер. Бірақ шындығында олай емес, оны сақтау талаптарынан бастап, жергілікті инспектордан мінездеме, түрлі анықтамалар сынды бірқатар құжат бар. Мұның барлығын орындаған адамға қауды сақтауға тыйым салынбайды. Қазандағы террорист те барлық талаптарды орындаған. Оны айналасындағы адамдар жағымды суреттеген", – дейді қауымдастық президенті. 

Айта кетейік, жақында елімізде заңсыз қару айналымын алдын алу үшін жедел алдын алу іс-шарасы басталды. Оның аясында қару-жарақ пен оқ-дәрілердің сатылу заңдылығы, қару-жарақ дүкендері, оқты қарудың иесі саналатын заңды және жеке тұлғалар тексеріледі. 

Сонымен қатар Ішкі істер министрлігі интернет кеңістігінде, оның ішінде жастар форумдары мен пабликтерде зорлық-зомбылықты насихаттау фактілерін анықтау және алдын алуға бағытталған тұрақты мониторинг жүргізген. Мәселен, жыл басынан бері мұндай 4 мыңнан астам шетелдік ресурс анықталып, бұғатталған. 

"Олардың 2,5 мыңнан астамы порнографиялық материалдарды тарату бойынша, 1 мыңы экстремистік сайттар, 12 қатыгездікті насихаттайтын желі, 19 қару-жарақ сатуға бағытталған ресурстар. Бұлар туралы барлық дерек "Кибер бақылау" ақпараттық жүйесіне енгізіледі. Кейін бұғатталады. Осындай мониторингтің арқасында тәртіп сақшылары желіде суицид жасайтынын жазған бірнеше адамды өлім аузынан құтқарып қалды", – деген еді Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Алексей Милюк.

Еске сала кетсек, 11 мамыр Татарстан астанасы Қазан қаласындағы мектептердің біріне террористік шабуыл жасалып, 8 адам қаза тапқан. Аталған жағдайдан кейін еліміздегі білім ордаларында қауіпсіздік шараларын күшейту мәселесі қолға алына бастады.

Құралай Құдайберген


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу