Мемлекет әрбір спортшыға бюджеттен 112 миллион теңге сыйақы төлейді

3400

Олимпиада басталмай жатып, оған лицензия алған спортшылардың алды 9 миллион теңге сыйақысын қалтасына салды.

Мемлекет әрбір спортшыға бюджеттен 112 миллион теңге сыйақы төлейді Фото: inbusiness.kz

Қазақстанның бокс федерациясы Париждегі 2024 жылғы жазғы Олимпиадада Қазақстанның боксшылар құрамасына төлейтін сыйақыларының мөлшерін жариялады. Айта кету керек, заңнамаға сәйкес, жалғыз боксшылар ғана емес, барлық олимпиадалық спорт түрлері бойынша сыйақылар төленеді.

Франция астанасында өтетін 33-ші Олимпиада биылғы 26 шілдеде ашылып, 11 тамызға дейін жалғасады.

Сонымен Қазақстанның бокс федерациясы:

  • 1-орын алған боксшыға 220 мың доллар (Ұлттық банк 4 сәуірге бекіткен ағымдағы бағам бойынша 98,5 миллион теңге);
  • 2-орын үшін 120 мың доллар (53,7 миллион теңге);
  • 3-орын үшін 70 мың доллар (31,3 миллион теңге);
  • 4-орын үшін 30 мың доллар (13,4 миллион теңге);
  • 5-орын үшін 10 мың доллар (4,5 миллион теңге) төлейді.

Бұл спортшылардың бапкерлері де ақшамен марапатталады. Қазақстан бокс федерациясының мәліметінше, 2024 жылғы Олимпиадада "ақшалы" орындарға көтерілген боксшының бас бапкері мен жаттықтырушылар кеңесі оның премиясының 30 пайызы көлемінде қаржы алады.

Бұған қоса, қалыптасқан дәстүр, бекітілген заң бойынша боксшылар, өзге де спортшылар мемлекеттен де сыйақы алады. Мемлекет жазғы Ойындарда жеңімпаз атанғаны, жүлде алғаны сыртында, одан тыс қалғандарға да қомақты сыйақы беріп, құрметтейді. Азайып, көбейіп, құбылмауы үшін мемлекеттік сыйақы көлемі де доллармен бекітілген.

Сонымен, Олимпиадада алдыңғы қатардан көрінген спортшыларға бюджеттен келесі көлемде сыйақы төленеді:

  • алтын алған спортшыға – 250 мың доллар (ағымдағы бағам бойынша бұл 111,9 миллион теңге);
  • күміс жүлде үшін – 150 мың доллар (67,1 миллион теңге);
  • қола жүлде үшін – 75 мың доллар (33,5 миллион теңге);
  • 4-орын үшін – 30 мың доллар (13,4 миллион теңге);
  • 5-орын үшін – 10 мың доллар (4,5 миллион теңге);
  • 6-орын алғанға – 5 мың доллар (2,2 миллион теңге) төленбек.

Олардың бапкерлеріне де мемлекеттен сыйақы беріледі.

Бұған қоса, "Дене шынықтыру және спорт туралы" заңының 47-бабына сәйкес, Олимпиадалық, Паралимпиадалық және Сурдлимпиадалық ойындардың чемпиондары мен жүлдегерлеріне спортшының тұрғылықты жеріне және алған орнына қарай республика қалаларынан:

  • алтын медаль жеңіп алған чемпионға – үш бөлмелі пәтер;
  • күміс медаль жеңіп алған жүлдегерге – екі бөлмелі пәтер;
  • қола медаль жеңіп алған жүлдегерге – бір бөлмелі пәтер табысталады.

Бұл пәтерді спортшы 10 жыл өткен соң, тегін жекешелендіре алады. Бұл өтпелі кезең "допинг дауынан" қорғану үшін жасалған. Егер оны алған спортшы қайтыс болса, қаза тапса, "тұрғынжайды меншікке өтеусіз алу құқығы оның мұрагерлеріне өтеді".

Олимпиадашылар қазірден қомақты жүлде алуда. Мысалы, таяуда Италияда және басқа елдерде өткен іріктеу турнирлерінде  Олимпиадаға лицензияға қол жеткізген қазақстандық боксшылар 20 мың доллар (шамамен 9 млн теңге) көлемінде бонустарға ие болды.

Бас бапкер Мырзағали Айтжановқа сол үшін 10 000 доллар (4,47 миллион теңге) берілді. Қазақстан құрамасының бапкерлері де марапатталған.

Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, жанкүйерлер тағатсыздана күткен төртжылдықтың басты спорттық додасына қазақстандық спортшылар жеңіп алған лицензиялардың саны 31-ден асты.

Франция жеріндегі додаға әлемнің 205 елінен 10 мыңнан астам спортшы қатысады деп жоспарланған. Париждегі бәсекеде 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстан ұлттық құрамасы спорттың 20 түрінен қатысуды жоспарлап отыр.

Қазіргі кезде Қазақстан делегациясының қоржынында Париж Олимпиадасының 11 спорт түрінен 31 лицензиясы бар:

  • бокс (ерлер) – 6,
  • нысана көздеу – 5,
  • садақ ату – 4,
  • семсерлесу – 4,
  • тас жолдағы велоспорт – 3,
  • қазіргі бессайыс – 2,
  • таэквондо – 2,
  • бокс (әйелдер) – 1,
  • грек-рим күресі – 1,
  • еркін күрес – 1,
  • спорттық гимнастика – 1,
  • батуттағы гимнастика – 1.

Лицензия санын өңірлердің үлесіне бөлер болсақ, Алматы, Шымкент қалалары мен Жетісу облысы үздік нәтижемен көш бастап тұр. Үшеуінің де еншісінде бес жолдамадан бар.

Кейінгі орындарға ШҚО (4), Астана қаласы (3), Жамбыл (2), СҚО (2), Ақмола (1), Қызылорда (1), Абай (1), Қарағанды (1) және Түркістан облыстары (1) жайғасқан. Қалған өңірлер – аутсайдер: оларда Олимпиаданың бірде-бір жолдамасы жоқ екен. Бірақ мүмкіндігі бар.

Олимпия ойындарына дейін әлі 50-ден аса лицензиялық жарыс өтпек. Оның ішінде спортшыларымыз әлем чемпионаттары, Азия чемпионаттары және  рейтингтік турнирлерге қатысады.

Министрлік сәуір айында Олимпиада лицензиясы берілетін жарыстар кестесін жариялады.

Бұдан бөлек, 2024 жылғы 28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында Парижде XVII Паралимпия ойындары өтеді. Жарыс спорттың 23 түрінен ұйымдастырылады. Қазақстанның ұлттық құрамасы спорттың 9 түрінен – пара жеңіл атлетика, пара пауэрлифтинг, пара таеквондо, пара үстел теннисі, пара жүзу, пара дзюдо, пара каноэ, отырып ойнайтын волейбол, пара нысана көздеуден өнер көрсетуді жоспарлады.

Осы уақытқа дейін қазақстандық паралимпиадашылар 11 лицензия жеңіп алды: отырып ойнайтын волейболдан ерлер құрамасы – 1, пара жеңіл атлетика бойынша ядро лақтыру – 1, пара жүзу – 3, пара каноэ – 1, пара пауэрлифтинг – 1, пара таеквондо – 3, пара нысана көздеу – 1.

Сонымен қатар Паралимпиадаға лицензия беретін 23 спорттық іс-шара жоспарланған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу