Мемлекет ауылда үй салғандарға субсидия береді

11861

Қазақстан бойынша 76 ауданда 2 855 тұрғын үйге қажеттілік бар. 

Мемлекет ауылда үй салғандарға субсидия береді

Мемлекет ауылда тұрғын үй салу тетігін енгізбек. Яғни, ауылда жұмыскерлер үшін тұрғын үй салған жұмыс берушінің шығындарының 50 пайызын мемлекет субсидиялайтын болады.

Деректерге сүйенсек, республика бойынша 76 ауданда 2 855 тұрғын үйге қажеттілік бар. Бұл дегеніміз 285,5 мың шаршы метр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметіне сүйенсек, субсидиялау үшін республикалық бюджеттен 14,3 млрд теңге қажет. Қазір тұрғын үй саясатының жаңа тәсілдерін жүзеге асыру мақсатында қолданыстағы заңнамаға қажетті өзгерістер мен толықтырулар енгізуі жайы пысықталып жатыр.

Бір өзі бір ауылды көркейтіп отырған кәсіпкер Манат Алғамбаровтың айтуынша, бұл ауылда үй салатын кәсіпкерлер үшін тамаша мүмкіндік.

"Біздің ауыл Екібастұз қаласына қарайды. Мал шаруашылығымен айналысамыз. Жұмыскерлерге үй салып, қажетті жағдайды жасаймыз. Оларды осылай ынталандырып отырмыз. Егер мемлекет салынған үйдің бір бөлігін субсидиялайтын болса, мұның әсері зор болмақ. Біріншіден, кәсіпкерлерге кәдімгідей көмек. Екіншіден, ауылда көп үй салынады. Демек, ауылдың тамырына қан жүгіреді. Сондықтан бұл бастама қолдауға лайық", – дейді Жайылма ауылындағы "Табыс" шаруа қожалығының иесі.

Тұрғын үй құрылысын субсидиялау тетігі "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылмақ. Ол үшін құрылыс салушылар мемлекет бекіткен бір типті үйлерді ғана салуы тиіс. Яғни, үйдің жалпы көлемі 80 шаршы метрден аспауы керек. Ал құны 8,4 млн теңгеден жоғары болмауы шарт. Жергілікті атқарушы органдар аталған жоба бойынша өтініштерді қабылдап, жағдайды бақылауда ұстайды.

Түптеп келгенде бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған тапсырма болатын. Президент "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында салынатын жеке тұрғын үйлердің, оларға тартылатын инфрақұрылымдардың құрылысын жандандыруды тапсырған болатын.

Ғалия Әділ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу