Мемлекет банктердің активтерін бақылауға кірісті

7612

Қазақстан Ұлттық банкі 2019 жылғы 1 тамыздан бастап Қазақстанның банк секторы активтерінің сапасын бағалауға кіріседі.

Мемлекет банктердің активтерін бақылауға кірісті

"Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық банктің 2018 жылғы қызметінің қорытындылары бойынша сәуірде өткен кеңесте берген тапсырмасына сәйкес банк секторы активтерінің сапасын бағалау (AssetQualityReview - AQR) жүргізілетін болады. Бұл процесс биылғы жылғы 1 тамыздан басталады және еліміздің банк секторы активтерінің шамамен 87%-ын құрайтын  14 ірі банкке қатысты болады", –  деп хабарлайды Ұлттық банк. 

Бас банктің мәліметінше, AQR банк секторының қаржылық тұрақтылығын кешенді бағалауды жүзеге асыру бойынша әлемдік нарықтағы жалпыға белгілі тәжірибе болып табылады. Бұл банктердің капиталға қажеттілігін анықтауға, портфельдің сапасына баға беруге, кредиттеу тәжірибесін талдауға мүмкіндік беретін диагностика.

Бұл бағытта Ұлттық банк жүргізіп отырған жұмыс үш негізгі мақсатты көздейді:

Біріншіден, негізгі банктердің қаржылық жағдайы туралы қолжетімді ақпараттың сапасын арттыру есебінен барлық банк жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету.

Екіншіден, банктердің қаржылық жағдайын жақсарту үшін түзету шараларын анықтау және ендіру есебінен қаржылық тұрақтылықты нығайту (қажет болған жағдайда).

Үшіншіден, Қазақстанда жұмыс істейтін банктердің сенімділігін көрсету есебінен инвесторлар мен салымшылар тарапынан сенімді арттыру.

Банктердің қолданыстағы бизнес-процестерін жетілдіру (үздік халықаралық практикаға сәйкес), нақты экономикаға несие беруді жандандыру және Қазақстан халқы үшін көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту рәсімінің нәтижесі болады.

Бұдан басқа, әлеуетті инвесторлар үшін қаржы секторының ашықтығын арттыру есебінен жалпы алғанда, Қазақстанның инвестициялық ахуалы жақсарады деп болжанады.

Бағалаудың өзінің ашықтығы мен объективтігін қамтамасыз ету үшін Қазақстан Ұлттық банкі халықаралық консультантпен және тәуелсіз аудиторлық компаниялармен бірлесе отырып AQR өткізеді. Қазақстанның банк секторының жай-күйін зерттеу Еуропа Орталық банкінің әдістемесіне сәйкес жүзеге асырылады, онда сапаның бірыңғай халықаралық стандарттарын сақтауға кепілдік беріледі және халықаралық қоғамдастық жағынан бағдарламаның нәтижелеріне сенім қамтамасыз етіледі. Бұл ретте Еуропа Орталық банкінің әдіснамасы Қазақстанның заңнамасы мен қаржы институттары бизнес-процестерінің ерекшелігін ескере отырып түзетілді.

AQR-ды 2019 жылғы желтоқсанда аяқтау жоспарланып отыр. Бағдарламаның нәтижелері активтердің сапасын бағалауға қатысушы банктер үшін айқын болады. Қажеттілігі кезінде, жұмыстың қорытындылары бойынша орта мерзімді перспективада нақтылау шараларын қабылдау бойынша іс-шаралар жоспары жасалады және екінші деңгейдегі банктер үшін қазіргі кездегі бизнес процестерді одан әрі жетілдіру бойынша қажетті ұсынымдар беріледі.

Аслан Қажен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу