Мемлекет басшысы "Атлетико де Мадрид Қазақстан" футбол академиясына барды

1239

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті.

Мемлекет басшысы "Атлетико де Мадрид Қазақстан" футбол академиясына барды Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі бірегей спорт жобасы – "Атлетико де Мадрид Қазақстан" халықаралық деңгейдегі футбол академиясының қызметімен танысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Мемлекет басшысы академияның 180 балаға арналған жатақханасын аралап көрді. Қазір мұнда еліміздің әр түкпірінен келген 116 бала жаттығады. 

Академия ойыншыларын испандық бапкерлер іріктеп, оған Қазақстанның барлық өңірінен 4 мыңнан аса бала қатысты. Орталықта жас футболшылардың толыққанды оқу үдерісіне, жаттығулары мен жеке даярлығына барлық жағдай жасалған.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа академияны дамыту және спорттық инфрақұрылымды кеңейту жоспары көрсетілді. Осы орайда жасанды көгалы бар екі ашық футбол алаңын, 500 орындық жабық манеж және әкімшілік-тұрмыстық кешеннің жаңа ғимаратын салу көзделген.

Президентке академия орнын таңдауда балаларды шыңдай түсетін табиғат факторлары ескерілгені айтылды. 

Алматы облысының Талғар ауданындағы таудың таза ауасы мен жағымды климат бала ағзасының тез қалпына келуіне септігін тигізеді.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев жабындысы FIFA талаптарына сай келетін футбол алаңын көрді, сондай-ақ допты игеру техникасы мен испан әдістемесі бойынша командалық іс-қимыл дағдыларын пысықтауға кіріскен жас футболшылардың жаттығуын тамашалады.

Іс-шараға Испанияның Қазақстандағы елшісі Луис Франсиско Мартинес Монтес, "Атлетико Мадрид" футбол клубы директорлар кеңесінің мүшесі Давид Вилья, аталған клубтың академия істері және халықаралық даму жөніндегі директорының орынбасары Мария Тереса Кириви қатысты.

Президент академияға сапары барысында тәрбиеленушілермен кездесіп, олардың испан тілі сабақтарына қатысуын, жаттығу залындағы дайындықтарын және футбол алаңындағы жаттығуын тамашалады. Сонымен қатар балалардың жан-жақты дамуына, сапалы білім алуына, қажетті тұрмыс жағдайларымен қамтамасыз етілуіне және спортпен шұғылдануына ерекше назар аударылды.

Футбол академиясы баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі таңда академияда еліміздің түрлі өңірлерінен келген 2012 және 2013 жылы туған 116 жас спортшы тұрақты тұрып, дайындықтан өтіп жатыр. Бұдан бөлек, академияда қалалық топтарда жаттығатын кіші жастағы балалар да білім алып, спорттық даярлықтан өтеді.

Кездесу барысында академияның балалар мен жасөспірімдер футболын дамытудағы, салауатты өмір салтын насихаттаудағы және қазақстандық спортшылардың жаңа буынын тәрбиелеудегі маңызы атап өтілді. Жоба еліміздің түкпір-түкпірінен шыққан талантты балаларға халықаралық стандарттарға сай дайындықтан өтуге, еуропалық футболдың озық тәжірибесін меңгеруге және өздерінің спорттық әлеуетін толық ашуға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысының сапары академия тәрбиеленушілері, жаттықтырушылар құрамы мен серіктестері үшін маңызды оқиға болды. Бұл сапар Қазақстанда бұқаралық және балалар-жасөспірімдер спортына, дарынды жастарды қолдауға және халықаралық спорттық ынтымақтастықты нығайтуға ерекше көңіл бөлінетінін тағы бір мәрте көрсетті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу