Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) президенті Витольд Баньканы қабылдады.
Президент WADA-ның спорттағы допингпен күрестегі жаһандық рөлін атап өтіп, Витольд Баньканың Астанаға сапарын Қазақстан мен агенттік арасындағы ынтымақтастықты кеңейтудің маңызды қадамы ретінде бағалады.
Қасым-Жомарт Тоқаев таза спорт қағидаттарын қолдаудағы және тәртіп бұзушыларға қарсы күрестегі агенттіктің ұстанымына жоғары баға берді.
Қазіргі уақытта Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі жанындағы допингке қарсы зертхана Орталық Азиядағы жалғыз мекеме болып табылады. Оның базасында өңірлік допингке қарсы ұйым жұмыс істейді, оған аймақтың бірнеше елі кіреді.
Витольд Банька Қазақстанның WADA бастамаларын қолдағаны үшін алғыс білдіріп, ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өтті. Тараптар ұзақ мерзімді серіктестікті нығайтуға ниетті екенін растады.