Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің жұмыс отырысы өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің, сондай-ақ басқа да құзыретті органдар басшыларының баяндамалары тыңдалды.
Президент қазіргі жаһандық экономикадағы ахуалдың тұрақсыз сипат ала бастағанын, сондықтан кез келген жағдайға дайын болу қажет екенін атап өтті.
Кеңес отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы жұмыстың негізгі бағыттарын айқындады.
"Үкіметтің міндеті – халықтың әл-ауқатын, экономикалық өсім қарқынын және тартылатын инвестиция көлемін төмендетуге жол бермеу", – деді Мемлекет басшысы.
Президент әлемдік деңгейдегі дағдарыстар әрдайым сын-қатерге толы болғанымен, дамудың жаңа көкжиегін ашатынын да айтты.
Мемлекет басшысы Қазақстанның экономикалық, көлік-логистикалық және адами әлеуетін нығайтуға ықпал ететін нақты стратегиялық бағыттарды атады.
Ірі инфрақұрылымдық жобалар мен цифрландыру жоспары еліміздің экономикалық саясатының басты бағыттары болып қала береді.
– Халық алдындағы негізгі әлеуметтік міндеттемелердің бәрін орындауға және маңызды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруды жалғастыруға тиіспіз, – деді Президент.
Мемлекеттің қаржылық тұрақтылығын сақтау мен ақша-несие саясатын іске асыру тетіктерін жетілдіруге ерекше назар аударылды.
Жиын соңында Президент мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырма берді.