Мемлекет басшысы қаңтар оқиғасының құрбандарына арналған мемориалдың ашылуына қатысты

1459

Қасым-Жомарт Тоқаев  өз сөзінде мемориалдың бүкіл Қазақстан халқы үшін алатын орны ерекше екенін атап өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап

Мемлекет басшысы  қаңтар оқиғасының құрбандарына арналған  мемориалдың ашылуына қатысты Фото: akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласына жұмыс сапарымен барып, қаңтар оқиғасының құрбандарына арналған "Тағзым" мемориалының ашылу рәсіміне қатысты. 

Мемлекет басшысы жиналғандар алдында сөйлеген сөзінде бүгінгі шараның еліміз үшін айрықша мәні бар екенін атап өтіп, қасіретті қаңтардан бері бір жылға жуық уақыт өткенін, бұл тәуелсіздік кезеңіндегі ең күрделі оқиғаның бірі болғанын айтты.

"Сол күндері халқымызға зор қауіп төнді. Мемлекеттігіміздің тұғыры шайқала жаздады. Тіпті, "ел болып қаламыз ба, жоқ па" деген сұрақ туды. Бірақ біз мызғымас бірлігіміздің арқасында қатердің бетін қайтардық. Елдігімізді таныттық, мықты мемлекет екенімізді көрсеттік. Ел ішіне іріткі салғысы келген топтарға тосқауыл қойып, жымысқы әрекеттің жолын кестік. Бірқатар қалада өткен бейбіт шерулер жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Әсіресе, тәуелсіздігіміздің алтын бесігі – Алматы қаласы қатты зардап шекті. Қарақшылар қаланы қиратты. Күштік құрылымдарға шабуыл жасап, қару-жарақ қоймаларын тонады. Соның кесірінен жазықсыз адамдар опат болды. Қираған дүниені қалпына келтіруге болады. Бірақ үзілген өмір қайта жалғанбайды. Мұндай оқиға ешқашан қайталанбауы үшін біз қолдан келгеннің бәрін жасап отырмыз. Еліміздің амандығын, жеріміздің тұтастығын қорғау – бәріміздің перзенттік парызымыз. Бұл мақсат – Президент ретінде мен үшін ең қасиетті борыш. Тұрақтылық пен татулық болса ғана, осы міндетті ойдағыдай орындай аламыз", – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар қасіреті ел тарихындағы үлкен сынақ ретінде халқымыздың жадында сақталатынын атап өтіп, Алматыда "Тағзым" мемориалын орнатуды жөн көргенін жеткізді.

"Шын мәнінде, бұл ескерткіштің  мағынасы терең, маңызы өте зор. Мұнда Қазақ елінің мемлекеттігін нығайту жолындағы қилы кезеңдер көрініс тапқан. Тас тұғырларға әйгілі тұлғаларымыздың өлеңдері және өсиеттері жазылған. Ұлтты ұйыстыратын осы сөздер әрқайсымызға ой салады. Бұл мемориалды қаңтарда қаза болған азаматтардың рухына тағзым ретінде тұрғыздық. Сондай-ақ оны кейінгі ұрпаққа тағылым болсын деп орнаттық. Мен осы мемориалдың бой көтеруіне атсалысқан сәулетшілерге және барлық азаматтарға ризашылығымды білдіремін", – деді Президент.

Мемлекет басшысы қандай жағдай болса да, еліміз реформа жолымен ілгері дами беретінін жеткізді.

"Халқымыз мықты мемлекет құруға, қасиетті тәуелсіздігімізді нығайтуға және қорғауға бел буғанына сенімдімін. Біз саяси жүйені одан әрі демократияландыруға, ұлттық экономиканы монополиядан арылтуға және оның бәсекеге қабілетін арттыруға бағытталған ауқымды реформаларды жалғастырамыз. Жыл басынан бері қысқа мерзім ішінде біраз іс атқарылды. Біз жалпыхалықтық референдум арқылы жаңа Конституциямызды қабылдадық. Қазір алдымызда ауқымды әрі күрделі жұмыс тұр. Біз тұтас ел болып жаңғыру және жаңару жолына аяқ бастық. Әрине, бұл – тек басы ғана, бұл жолдың оңай болмайтыны анық. Бірақ біздің басты мақсатымыз баршаға айқын. Бұл – Әділетті Қазақстанды құру және бәріне бірдей мүмкіндік беретін қоғам қалыптастыру. Біз әрқашан бірге болсақ, міндетті түрде мақсатымызға жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы мыңдаған отандасымыздың – волонтерлердің, дәрігерлер мен полицейлердің және қарапайым адамдардың қаңтар оқиғасы кезінде шынайы батылдық пен жоғары азаматтық жауапкершіліктің үлгісін көрсеткеніне арнайы тоқталды.

"Олардың көбі бүгінгі салтанатты шараға қатысып отыр. Біз қасіретті қаңтар құрбандары мен нағыз қаһармандарды мәңгі есте сақтаймыз. Бір сөзбен айтқанда, біз ұлт болып осы қасіретті оқиғадан сабақ алуымыз керек. Құқық қорғау органдары және арнаулы құрылымдар ауқымды жұмыс атқарды. Тергеу барысы депутаттардың, Бас прокуратура өкілдерінің және заңгерлер қауымының қатысуымен Парламентте талқыланды. Сол күндердің мән-жайын жан-жақты қарастырып, қамауға алынғандарға заң тұрғысынан көмек көрсету үшін құрамына еліміздің беделді құқық қорғаушылары енген қоғамдық комиссиялар елеулі үлес қосты. Мұның бәрі болған оқиғаға шынайы қарауға мүмкіндік берді. Нәтижесінде жалған ұрандарға сеніп, қылмыскерлердің ықпалына түскен, алайда, ауыр қылмыс жасамаған азаматтарға менің Жарлығыммен рақымшылық жасалды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент сонымен қатар бұзақыларды, радикалдар мен лаңкестерді батыр етіп көрсетудің қажеті жоқ екенін атап өтті. Оның пікірінше, нағыз батырлар – жұмысшылар, фермерлер, дәрігерлер мен медбикелер, мұғалімдер мен оқытушылар, ғалымдар мен мәдениет қайраткерлері, кәсіпкерлер мен спортшылар.

Президент сөзін қорытындылай келе қаңтар оқиғасы бәріміз үшін үлкен сабақ болғанын жеткізді.

"Біз құт-берекенің бастауы тұрақтылық екенін ұғындық. Ел тыныштығын сақтай білмесек, дүние бір сәтте астаң-кестең болатынын көрдік. Тәуелсіздігіміз бен мемлекеттігімізді күн сайын қорғауымыз қажет екенін сезіндік. "Жау жоқ деме, жар астында" деген сөздің мәнін де жете түсіндік. Ынтымақ пен бірлік болмаса, басқа жетістіктің бәрі бекер екеніне көз жеткіздік. Сондықтан қаңтар қасіреті және сол кезде өмірі қиылған азаматтар біздің жадымызда мәңгі сақталады. Біз ұлт болып ұйыссақ, кез келген қауіп-қатерді еңсере аламыз. Мен Президент ретінде мемлекетіміздің тұтастығын және халқымыздың амандығын сақтау үшін бәрін жасаймын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

"Тағзым" мемориалы қаңтар оқиғасының эпицентрі болған жерде салынды. Республика алаңы халқымыз үшін киелі орын саналады. Мемориал тағзым ететін және еске алатын, сондай-ақ халқымыздың даналығын, батылдығы мен күш-қуатын көрсететін орынға айналады.

Еске сала кетсек, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы үшін күрескен батырлардың құрметіне пантеон салуды тапсырды. Ол пантеонға қазақстандықтардың қауіпсіздігі үшін өз өмірін құрбан еткендердің есімдері жазылатынын атап өтті. Қаңтар құрбандарына арналған болашақ пантеонның эскизін жасауға ашық архитектуралық байқау 2022 жылдың қаңтарында өтті.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу