Мемлекет басшысы Қазақстан халқын Алғыс айту күнімен құттықтады

1408

1 наурыз Қазақстанда Алғыс айту күні – мейірімділік, достық және сыйластық мерекесі тойланады. 

Мемлекет басшысы Қазақстан халқын Алғыс айту күнімен құттықтады Фото: akorda.kz

Құрметті отандастар! Сіздерді Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мерекеде ұлтымыздың салт-санасында берік қалыптасқан достық, қайырымдылық және ынтымақ сынды мызғымас құндылықтар кеңінен дәріптеледі, делінген Мемлекет басшысы сайтында жарияланған құттықтауда.

"Алғыс айту күні қиын-қыстау замандарда да мейірімділік пен жанашырлық таныта білген әрі бірлігін бекем еткен халқымыздың ізгі қасиеттерін жадымызда жаңғыртады", деп атап өтті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар бұрын-соңды болмаған жаһандық сын-қатерлер және еліміздегі ауқымды өзгерістер кезеңінде әрбір азаматтың ел болашағы үшін жауапкершілік танытуы және өзара қолдау көрсетуі аса маңызды екені деп атап көрсетілді.

"Бүгінгі мейрамда адал еңбегі, жасампаздығы мен отаншылдығы үшін барша халқымызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Біз еліміздің ауызбіршілігін сақтай білсек, кез келген қиындықты еңсереміз. Әділетті Қазақстанды құрып, елімізді одан әрі өркендете береміз деп сенемін", – деді Президент.

Президент барша халыққа зор денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тіледі.

Еске салар болсақ,  1 наурыз Қазақстанда Алғыс айту күні – мейірімділік, достық және сыйластық мерекесі тойланады. Мереке 2016 жылдан бері тойланып келеді. Мереке Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күніне орайластырылған – 1995 жылы 1 наурызда ҚХА құру туралы жарлыққа қол қойылған болатын.

Алғыс айту күні көпұлтты елдің бірлігінің символына айналды. Мереке күні өскелең ұрпақтың бойында толеранттылық, бір-біріне деген құрмет пен достық сезімін оятуға, сондай-ақ Қазақстандағы ұлтаралық келісім мен ұлтаралық қатынастарды нығайтуға бағытталған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу