Әр азаматтың бір-біріне тілеулeстігі арқылы бүкіл ұлттың тұтастығын таныта білдік

422

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел тұрғындарын Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Әр азаматтың бір-біріне тілеулeстігі арқылы бүкіл ұлттың тұтастығын таныта білдік Фото: akorda.kz

Қадірлі отандастар!

Қазақстан халқының бірлігі күні құтты болсын!

Бұл – татулық пен тыныштықтың, тұрақтылық пен бейбітшіліктің символы саналатын мерейлі мереке.

Қазақ жерін мекен еткен сан алуан этностың мәдениеті, діні мен дәстүрі өзара үндесіп, бірегей өркениетке айналды. Бүгінде еліміздің барша азаматтары біртұтас ұлт болып Әділетті Қазақстанды құрып жатыр. Ырысты ынтымақтың арқасында халқымыздың қуаты арта түседі. Сондықтан біз бірлігімізді нығайтуға бар күш-жігерімізді жұмылдыруымыз керек. Бұл – әрбір азаматтың мәртебелі міндеті әрі перзенттік парызы. Ел бірлігі, әсіресе, қиын-қыстау сәттерде сыналады.

Биыл біз бұрын-соңды болмаған "алапат тасқынмен" бірлесе күресіп жатырмыз. Әр азаматтың бір-біріне тілеулeстігі арқылы бүкіл ұлттың тұтастығын таныта білдік. Қазақстан халқы тарихтың күрделі кезеңінде жұрт болып жұмылып, табысқа жете алатынын тағы да дәлелдеді.

Халқымыз жасампаздық пен жаңашылдық, еңбекқорлық пен білімпаздық, жанашырлық пен жауапкершілік сияқты асыл қасиеттерінің арқасында өсіп-өркендей береді деп сенемін.

Баршаңызға зор денсаулық, толағай табыс тілеймін!

Әр шаңыраққа құт-береке дарысын!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу