Мемлекет басшысы отандастарын Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен құттықтады

1012

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Мемлекет басшысы отандастарын Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен құттықтады Фото: akorda.kz

"Қадірлі отандастар!Сіздерді Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!" деп басталған Мемлекет басшысының құттықтауы Ақорда сайтында жарияланды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: "Бұл – тұрақтылық пен тыныштықты, татулық пен келісімді дәріптейтін мейрам" екенін ерекше атап өтті.

"Ел бірлігі – біздің баға жетпес байлығымыз, мемлекеттілігіміздің берік негізі. Қазақ жері сан алуан этнос өкілдерінің құтты мекеніне айналған. Барлық азаматтарымыз өткен тарихы, бүгіні мен болашағы бір екенін терең ұғынады. Өйткені жұртымыздың құндылықтары да, арман-мұраттары да ортақ. Түптеп келгенде, бәріміз – үлкен қара шаңырақтың, біртұтас қазақ ұлтының перзенттеріміз", – деп жазылған Президент құттықтауында.         

Еліміздің өсіп-өркендеуі қолға алған реформалардың тиімді жүзеге асырылуына байланысты екенін айтқан Мемлекет басшысы: "Біз осы іргелі мақсаттарға мызғымас бірліктің арқасында ғана қол жеткіземіз", – деді.

Халқымыз "Ырыс алды – ынтымақ" дейді. Бабаларымыздың бұл өсиеті – Әділетті Қазақстандағы басты ұстанымның бірі. "Біз татулық, теңдік және әділдік қағидаларына негізделген қоғам құрамыз", – деп сенім білдірді Қасым-Жомарт Тоқаев.

"Бірлігі жарасқан жұртымыздың абыройы асқақ болсын!Баршаңызға бақ-береке және толағай табыс тілеймін!",– деді Президент.

Қазақстан халқының бірлігі күні – жыл сайын 1 мамырда тойланатын мемлекеттік мереке.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу