Мемлекет басшысы Парламент Мәжілісін таратты

1404

Парламенттің төменгі палатасы депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2023 жылғы 19 наурызда өтеді. 

Мемлекет басшысы Парламент Мәжілісін таратты Фото: parlam.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жетінші сайланған ҚР Парламентінің Мәжілісін тарату және ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды, деп жазады inbusiness.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сонымен қатар "Барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы" Жарлыққа да қол қойды.

Осыған байланысты Мемлекет басшысы мәлімдеме жасады.

"Өздеріңізге мәлім, мен былтыр күздегі Жолдауымда Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы осы жылдың бірінші жартысында болатынын жарияладым. Яғни, бұл бастама айтылған сәттен сайлауға дейін жарты жылдан астам уақыт өтеді. Тәуелсіздік жылдарында сайлауға дайындалу үшін кандидаттар мен саяси партияларға осыншама көп уақыт берілген емес. Мәжілістің және мәслихаттардың кезектен тыс сайлауы –конституциялық реформаның жалғасы. Былтырғы референдумда халқымыз бұл реформаға қолдау білдірді. Соның нәтижесінде еліміз өкілді билікті жаңа, әділ әрі ашық бәсекеге жол ашатын қағида бойынша жасақтауға көшті", - деді .

Президенттің сөзінше, Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауының заңға сәйкес өтуіне, әділ әрі ашық болуына қатаң бақылау жасалады.

Еске салайық, осыған дейін Қаржы министрлігі Мәжіліс пен мәслихат сайлауын өткізуге 33,4 млрд теңге бөлінетіні туралы айтқан болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу