Ауыл шаруашылығы өткен ғасырларға құлдырап барады
Мемлекет басшысы таяуда ғана аграрлық саясатта сабақтастық жоқ деп қатаң сынады: министр ауысса, саланың саясаты өзгеріп кетеді. Дегенмен, бұл салада бір нәрсе өзгеріссіз қала береді, ол – бюрократия мен біліксіздік. Бұлардың тұрақтылығы және өміршеңдігі сонша, бюджеттік қолдау мен отандық өндіруші арасында басыартық делдал болып отырған холдингтер ауыл кәсіпкерлерін ашықтан ашық алдаудан қымсынбайды. Ол үшін ешкім жауапкершілікке тартпайтынын біледі.
Таяудағы жолдауында аграрлық сала мәселелеріне баса мән берген Президент Тоқаев ауыл шаруашылығын технологиялық тұрғыдан қайта жабдықтауды қолдау тәсілдерін мұқият қайта қарауды жүктеді. Оның мәліметінше, агроөнеркәсіп кешені қолданатын технологияның шамамен 90%-ы әбден ескірген! Яғни, шенеуніктер мен делдалдар саланы осындай ауыр жағдайға, биік жарқабаққа әкеліп тіреді. Ар жағында 100 пайызға жетсе, сала құлдырайды, жайрап қалады. Шетелдік өнімдер нарықты ен жайлап алады. Азын-аулақ фермерге жерін байырғы ғасырлардағыдай соқамен жыртып, өнімін арбамен тасу қалады.
"Ауыл шаруашылығын субсидиялау саясатын өнеркәсіп саласындағы мемлекеттік саясатпен ұштастырған жөн. Үкімет пен "Бәйтерек" холдингі тиісті ұсыныстар әзірлесін", – деп тапсырды Тоқаев.
Ал ауыл шаруашылығы өндірушілерінің ойынша, төмендегі орындаушысымақтар ел басшылығының маңызды тапсырмаларын жарға жығуда. Салдарынан, мысалы, Батыс Қазақстан облысындағы "Әлиев", "Мирлан", "Шұнайбеков" секілді шаруа қожалықтары тұйыққа тірелді. Олардың кейбірі банкрот болуы да мүмкін.
"Қарап тұрсаң, республикалық деңгейде елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ауыл өндірушісін қолдау үшін орасан зор шаралар қабылдануда. Олардың бәрі жете орындалса, Қазақстан агроөнімдерімен бүкіл әлемді асырай алады. Бірақ жоғарыда қабылданған шешімдерді өңірлерде, жергілікті жерлерде жүзеге асырудың сапасы еш сын көтермейді. Кейде жекелеген тұлғалар ел басшылығының тапсырмасына ашықтан-ашық саботаж жасаумен айналысатындай көрінеді. Олар қарапайым шаруаларды қанап, тұншықтыруда. Қатардағы ауыл кәсіпкері өзіне берілген мүмкіндік пен құқықты пайдалану жолында әлгілер қойған кедергілерге маңдай соғады", – дейді "Әлиев" шаруа қожалығының басшысы Элдар Әлиев.
Мәселенің мәнісі неде?
Өткен жылы Батыс Қазақстан облысындағы бірнеше шаруа қожалығы "ҚазАгроҚаржы" АҚ-ы арқылы "КамАЗ" және "МАЗ" маркалы шаруашылыққа қажетті көліктерді лизингке алады. Бұл шөп, азықжем, астық, құрылыс техникаларын, тіпті малды тасуға ыңғайлы, жол талғамайтын жүк көліктері екені белгілі.
Мысалы, 2020 жылы "Әлиев" қожалығы "ҚазАгроҚаржымен" арада бекітілген келісімге сәйкес, құны 29 миллион теңгеден асатын "МАЗ 6501С5-8535-000" маркалы "КамАЗ" тектес жүк көлігін 6% тіркелген пайыздық ставкамен лизингке алады.
Сол кезде Qoldau.kz порталында Қазақстан өңірлерінде 2018 жылдан бері Газель, КамАЗ, МАЗ, ГАЗ, УАЗ, SHACMAN, HOWO маркалы автоқұралдардың пайыздық мөлшерлемесін "ҚазАгроҚаржы" арқылы судсидиялау белсенді жүргізіліп жатқаны, онымен 173 көлік сатылғаны туралы дерек болған.
Алайда 13 қазанда "ҚазАгроҚаржы" фермермен №2 қосымша келісім бекітеді, онда пайыздық ставка 17% деп жазылған.
Осының алдында, 19 маусымда "Мирлан" шаруа қожалығы да осы ұлттық компания арқылы "КамАЗ 45143-6012-50" маркалы көлігін 6% ставкамен лизинге алады. Көлік құны 25,1 миллион теңгеге түскен. Артынша, 13 қазанда оны да қосымша келісімге иліктіреді, онда пайыздық ставка 17%-ға арттырылған.
Фермерлерді қорғаған адвокат бұған не негіз болғанын түсіндіріп, ақпарат беруді сұратады. "ҚазАгроҚаржының" БҚО филиалының түсіндіруінше, жылдық 6% ставкамен қаржылық лизинг алу үшін өндіруші зауыттың өзі тікелей техника жеткізуші болуға тиіс. Мұндай талап әрине, бірде бір заңда жоқ. Төмендегі бюрократияның ойлап тапқаны.
Бұл ретте олар зауыттардың бір көлік қана алатын ұсақ клиенттермен жұмыс істемейтінін не білмеген, не қасақана ескермеген.
Осы ауыл шаруашылығы өндірушілері көлікті өндіруші зауыттың ресми дилерлерінен – "АгроБизнесҚазақстан" ЖШС-нен және "КамАЗ Орал автоорталығы" ЖШС-нен алған.
Не себепті фермерлер жүктемесі еңсе езетін, пайызы мүлдем тиімсіз қосымша келісімге қол қойған?
"Аталған қосымша келісімдерге қол қоюға "ҚазАгроҚаржының" Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалы бастамашы болды. Оның мамандары қосымша келісімге қол қойылғаннан кейін лизинг объектісі субсидиялаудың аса қолайлы бағдарламасына енетінін және ол шаруа қожалықтары үшін әлдеқайда тиімдірек екенін айтып, сендірді. Осы орайда олар 2020 жылғы 12 қазандағы әлдебір ресми хатты көрсетті. Онда ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алушылардың субсидия алатынына кепілдік берілгені көрсетілген", – дейді Элдар Әлиев.
Алайда олай болмай шықты. Салдарынан, "Әлиев" ЖҚ лизингке алған жүк көлігі 30 130 468 теңгеден 45 593 837 теңгеге дейін шарықтай өскен. Ал "Мирлан" ЖҚ иеленген "КамАЗ" құны 25,1 миллионнан 38,7 миллион теңгеге дейін қымбаттады.
Фермерлерге банкрот болмауы үшін бұл көліктерді кері тапсыруға тура келмек. Ол жағдайда бұған дейін төлеген төлемдерін қайтара алмайды.
Жоба дайын, бірақ келісуі ұзақ
Ауылдағы шаруалардың мұңына елордадағы орталық биліктің шұғыл ден қойып отырғаны шамалы. Ауыл шаруашылығы министрлігі жолдаған жауапта осы шаруа қожалықтары лизингке сатып алған көлік түрі ешқандай субсидиялау бағдарламасына жатпайтыны айтылыпты.
"Яғни, нені көксегені белгісіз, "ҚазАгроҚаржының" батысқазақстандық филиалы бізді, қарапайым фермерлерді алдап соқты. Өйткені біз қол қойып жатқанда лизингті субсидиялау бағдарламасы дәл осы көлік түріне таралмайтын болып шықты. Сотта да нәтиже шығара алмадық. Істі сотта қарау барысында біз таңдаған техникаға жеңілдікті кредиттеу қарастырылмағаны анықталды. Біз соны білмей, сан соқтық. 17%-дық лизинг бізді борыш батпағына батыруда. Ондай борышты көтере алмайтынымызды филиалдағыларға түсіндіруге тырыстық. Олар тыңдағысы да келмейді. Қол қойғанға дейінгі айтқан уәделерін ұмытып та кеткен. Ұлттық компанияның бүкіл әрекеті фермерлерді алдап, көлікті лизинге өткізумен шектелді", – деп ренжиді фермер Э.Әлиев.
Ол мұндай тым жоғары пайыздық лизинг қазіргі пандемия және күрделі экономикалық ахуал жағдайында шағын шаруа қожалықтарын банкрот қылып тынатынын жеткізді.
Мұндай проблема жүйелі сипат алды деген батысқазақстандық фермерлер оны республикалық деңгейде шешуді сұрап, Президент Әкімшілігіне жүгінді. Әйтпесе, жергілікті жердегілер шеше алмаған.
2020 жылғы 7 қазанда сол кездегі БҚО әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрмановқа хат жолдап, қалыптасқан жағдайды түсіндіреді. Хатта ауыл шаруашылығы өнімдерін және биологиялық активтерді тасымалдауға арналған автокөліктердің лизинг бойынша пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау мәселесінде түсініктеме беру туралы өтініш айтылған.
АШМ Қаржылық құралдар және микрокредит беру департаменті директорының міндетін атқарушы Ж.Маханова жауап хатта субсидиялау – ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу заемдарына таралатынын хабарлады. Бірақ ауыл фермерлеріне қажет болғанымен, "КамАЗ" және соған ұқсас техника бұл қатарға кірмеген.
"Қазіргі уақытта министрлік субсидиялау қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар жобасын әзірледі. Ол ауыл шаруашылығы өнімдерін және оларды өңдеуден алынатын өнімдерді тасымалдауға арналған, өздігімен жүретін жүк және тіркемелі автокөлік құралдарын да субсидиялауды қарастырады. Аталған жоба салалық одақтарда, қауымдастықтарда келісу рәсімінен өтуде. Соның қорытындысы бойынша мүдделі мемлекеттік органдардың қарауына бағытталады", – дейді АШМ.
Өзге меморгандар қарауында қанша жатары беймәлім.
Ендеше орталықты да алапат бюрократия жайлаған және ол күн сайын құбылған заманаға сай жылдам қимылдай алмайды. Мұндай қарқынмен Президент қойған агроөнеркәсіпті серпінді дамыту міндеті бұл ғасырда орындалмауы ықтимал.
Жанат Ардақ
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз !