Мемлекет Iphone алғандардың да кредитін кешіреді

8478

Бұл бастамадан онлайн-несиелер тыс қалады.

Мемлекет Iphone алғандардың да кредитін кешіреді

Тұтынушылық кредиттерді кешіру туралы шешім биыл құрылған тікелей инвестициялар қорына соққы болып тиді. Өйткені кәсіпкерлердің маңызды жобаларын қолдауға бағытталады деп бекітілген миллиардтар енді әлдекімнің несиеге алған "айфонын", тұрмыстық техникасын және басқасын қаржыландыруға жұмсалмақ.

Президенттің борыш жүктемесін азайту туралы жарлығын іске асыру мәселелеріне арналған баспасөз мәслихатында үкімет басшысының бірінші орынбасары-қаржы министрі Әлихан Смайылов аз қамтылған азаматтардың тұтынушылық кредиттерін жабу үшін қаржының қайдан алынатынын мәлімдеді.

"Мемлекет басшысы жариялаған міндеттерді қаржыландыру көзі ретінде бұған дейін өзге мақсаттарға бөлінген қаражаттар пайдаланылатын болады. Біз белгілі бір инвестициялық жобаларға бекітілген қаржыларды қайта бөлуді ұсындық. Нақтырақ айтқанда, бұл жерде әңгіме "Тікелей инвестициялар қорын" қалыптастыруға арналған қаржыны қайта бөлу туралы сөз болып отыр. Яғни ол ақша бюджетте көзделіп қойған және қаржы қазір қорда жатыр. Бұл қаражат одан алынып, кеше жарияланған әлеуметтік шараларға бағытталады. Қаржыландыру көзі – осы", – деді бас қаржыгер.

Айта кетсек, "Тікелей инвестициялар қоры" экономикамыздың мұнайға тәуелділігін төмендету үшін бизнестің тең қаржыландыруы негізінде шикізаттық емес жобаларды қолдауға жұмсалуға тиіс еді. Бұған дейін қаржы вице-министрі Татьяна Савельева қазақстандық жаңа инвестқорды құруға 2019 жылғы нақтыланған бюджетте 370 млрд теңге қарастырылғанын мәлім етті. Бұл ақша Елбасының "Ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөніндегі кейбір шаралар туралы" 2019 жылғы 30 қаңтардағы №829 жарлығын орындау мақсатында бөлінген.

Осының алдында АХҚО басқарма төрағасының орынбасары Қайрат Әйтекенов жаңа қор мен оның басқарушы компаниясы "Астана" қаржы орталығы алаңында тіркелгенін растаған болатын.

"Басқарушы компанияға директорлар кеңесі басшылық етеді. Барлық мандат – үкіметте. Директорлар кеңесінің мүшелері сайланбалы болады. Басқарушыны солар тағайындайды. Қор қаражаты Ұлттық банктегі есепшотта қордаланады", – деп түсіндірген Қайрат Әйтекенов.

Бұл ретте басқарушы компанияның директорлар кеңесінің тізгінін Премьер-министр Асқар Маминнің өзі алатыны айтылды. Алайда Үкіметтің бұл жоспары биыл жүзеге аспайтын сияқты.

"Дәрі-дәрмек сатып алу үшін кредитке жүгінгендерді демеген жөн. Ал ауқаттылардан қалыспау үшін қарызға "Iphone" алғандар да жетерлік. Енді салық төлеушілер қаржысына олардың несиесін жауып беріп, мемлекеттің ұялы телефонды "сыйға" тартуы әділдік пе?", – деп сауал қойған БАҚ өкілдері тұтынушылық кредиттерді бюджет есебінен жаппас бұрын олардың алыну мақсатына қарай саралауды ұсынды.

Бірақ Ұлттық банк өкілі дәрі не смартфон деп іріктеудің жүргізілмейтінін, акция жаппай қолданылатынын кесіп айтты.

"Тұтынушылық кредитті азаматтар өздерінің әл-ауқатын жақсарту үшін де алады. Осы арқылы өз тұтынушылық сұранысын қанағаттандырады. Демек қазір оның байыбына барып, ұялы телефон, әлде басқасын алды ма деп, жеке-жеке қарап, егжей-тегжейіне үңілмейміз. Президенттің бұл бастамасының басты міндеті – табысы төмен азаматтарды қолдау. Бұл бір реттік және нысаналы акция. Ол шамамен жарты миллион адамды қамтуы ықтимал", – деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков.

Ол алда Қазақстанда смартфондарды, тұрмыстық техниканы, қандай да бір қызметтерді тұтынушылық несиеге алуға тыйым салынбайтынын түсіндірді.

"Ең бастысы – сол тұтынушылық кредитті алушының оны өтеуге табысының жеткілікті болуы. Ал осы жолы мемлекет аз қамтылған азаматтарға қарыз батпағынан шығуға көмек қолын созбақ. Одан әрі ондай қарызға батпауы қадағаланады", – деді Олег Смоляков.

Өз кезегінде вице-премьер Гүлшара Әбдіқалықова бұл шарадан ешқандай әділетсіздік байқап тұрмағанын айтты.

"Өйткені бұл көмек көпбалалы отбасыларға, асыраушысынан айрылғандарға, мүгедек балалары барларға, атаулы әлеуметтік көмек алатындарға, жетім балаларға беріледі. Кейінгі 2-3 ай бойы біз өңірлерде жұртшылықпен кездесудеміз. Бұл санаттағы азаматтар негізінен тамақ, дәрі-дәрмек, өмірлік қажетті мұқтаждықтар үшін несие алады. Ал смартфон, супертеледидар сияқты қандай да бір қымбат заттарды алушылар аз деген ойдамыз", – деді вице-премьер.    

Оның дерегінше, Қазақстанда 933 мың адам әлеуметтік аз қамтылған азаматқа жатады, тиісінше, Президент ұсынған 300 мың теңге көлемінде кредитті кешіру акциясына ілігеді. Бірақ Гүлшара Әбдіқалықова олардың барлығы бірдей мұндай несие алмағанын, алдын ала мәлімет бойынша шамамен 443 мыңы ғана тұтынушылық кредитке ие екенін хабарлады.

Ұлттық банктің түсіндіруінше, бұл акция реттелмейтін қарыз берушілер – онлайн-кредиттеу ұйымдары, кредиттік серіктестіктер, ломбардтар берген несиелерге таралмайды. Банктер мен микроқаржы ұйымдарынан алынған тұтынушылық кредиттер ілігеді.

Бірінші вице-премьер, қаржы министрі Әлихан Смайылов президенттік акция шамамен 2 айдан кейін басталатынын хабарлады.

Қазір банктерде осындай кредиті бар клиенттер тізімін қалыптастыру жұмысы жүріп жатыр.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу