Бұл туралы Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов Үкіметте өткен баспасөз конференциясында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Қазіргі таңда 45 200 азамат банкрот деп танылды. Олардың қарыз сомасы 180 млрд теңге болған. Барлығы кешірілді деуге болады. Бұл банктерге байланысты қарыздар болатын. Соның ішінде 13 мыңнан аса адам төлемін бес жылдан бері жасай алмаған азаматтар. Яғни, көптен қарыз болған азаматтар. Қосымша айта кететін болсақ, 2,5 мың азамат – әлеуметтік тіркеуде тұрған, жағдайы қиын жанұялар. Солардың қарыздары кешірілді. Қазақстан бойынша жалпы сомасы 180 млрд теге бойынша міндеттемелерін заң арқылы шештік", – деп жауап берді вице-министр.
Ержан Біржанов заң жақсы жұмыс істеп жатқанын айтты. Оның сөзінше, соттан тыс банкроттық процестер автоматтандырылған.
"Арыз беруші соттан тыс банкрот болса, мүлкі болмауы керек. Көптен бері төленбей жүрген қарызы болуы тиіс. Қазіргі таңда арыз жазған адамдардың көбінде автокөлігі немесе пәтерлері бар. Ол азаматтар банкрот деп танылмайды", – деп түсіндірді ол.
Айта кету керек, бұған дейін вице-министр салық реформасы тұрғын үйдің бағасына әсер етпейтінін айтқанын жазған едік.