Егер сіз мына талаптарға сай болсаңыз, салық төлемеуіңіз мүмкін

14082

Бұл игілікті кімдердің пайдалана алатыны белгілі болды. 

Егер сіз мына талаптарға сай болсаңыз, салық төлемеуіңіз мүмкін Фото: canva.com

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, 2024 жылдың басынан бергі 11 айда көпбалалы отбасылар жәрдемақы түрінде бюджеттен 431,9 миллиард теңге алды.

Осынша ақша орта есеппен 577,2 мың отбасыға төленген (баласы 18-ге толса және оқу орнына түспесе, отбасы "көпбалалы" статусынан айрылады, тиісінше, жыл ішінде осындай мәртебесі бар және жәрдемақы алатын жанұялар саны үнемі өзгеріп тұрады).

Мысалы, қараша қорытындысында елде мұндай отбасылар саны 591,2 мыңға жетті, оларға бір айда 42,2 млрд теңге жәрдемақы берілді.

Министрліктің түсіндіруінше, бұл мемлекеттік жәрдемақыға 4 және одан да көп, бірге тұратын, кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады.

Төлем мөлшері бала санына қарай сараланады және 2024 жылы:

  • 4 баласы бар отбасыларға – 16,03 АЕК немесе 59 183 теңге;
  • 5 балаға – 20,04 АЕК немесе 73 988 теңге;
  • 6 балаға – 24,05 АЕК немесе 88 793 теңге;
  • 7 балаға – 28,06 АЕК немесе 103 598 теңге;
  • 8 және одан да көп баласы бар отбасыларға – әр балаға 4 АЕК немесе 14 768 теңге мөлшерінде төленді.

Тұтастай алғанда, 2024 жыл қорытындысында көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы төлеуге 472,9 миллиард теңге қарастырылған.

Еңбекмині биылғы жаңа жылда осы отбасыларға бюджеттен былтырғыдан да көп ақша таратылатынын жариялады.

Мысалы, 2024 жылғы 1 қаңтарда көпбалалы отбасыларға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 7%-ға артқан еді.

Ал, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап, мемлекеттік жәрдемақылар мен базалық зейнетақыны Ұлттық банк айқындаған инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 6,5%-ға, ынтымақты зейнетақыны – 8,5%-ға, яғни инфляция деңгейінен 2%-ға оза отырып арттыру көзделген.

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылар келесідей ұлғаяды:

  • 1, 2, 3 бала туғанда берілетін бірреттік жәрдемақы былтырғы 140 296 теңгеден биыл 149 416 теңгеге дейін,
  • 4 және одан да көп бала туғанда берілетін жәрдемақы – 232 596 теңгеден 247 716 теңгеге дейін артады.

Балалар санына байланысты ай сайын берілетін көпбалалы отбасыларға жәрдемақы мөлшері 2025 жылы:

  • 4 баласы бар отбасыларға – 63 030 теңге;
  • 5 балаға – 78 797 теңге;
  • 6 балаға – 94 564 теңге;
  • 7 балаға – 110 331 теңге;
  • 8 және одан да көп баласы бар отбасыларға – әр балаға 4 АЕК немесе 15 728 теңге мөлшерінде төленеді.
  • 10 баласы бар отбасылар үшін ай сайынғы жәрдемақы – 147 680 теңгеден 157 280 теңгеге дейін көбейді.

Бұдан бөлек, мемлекет өзгелер қатарында көпбалалы отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) төлейді. 2024 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 77,6 мың отбасындағы 411,3 мың адамға АӘК тағайындалды. Былтыр бұл адамдардың шотына бюджеттен 54,7 миллиард теңге аудару қарастырылған.

"АӘК-нің негізгі мақсаты – ақшалай төлем түрінде қолдауды жүзеге асыру және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту арқылы отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығару. АӘК аясында табысы өңірлік ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-ынан аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындалады. Табысы аз отбасылардағы 1 жас пен 6 жас аралығындағы әр балаға 1,5 АЕК (2024 жылы 5 538 теңге, 2025 жылы 5 898 теңге) мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем беріледі", – деп хабарлады Еңбекмині.

Бірақ көпбалалы отбасыларға қолдау мұнымен шектелмейді. Олар мемлекетке төлейтін салығын азайта алады, басқа да салықтық жеңілдіктерге ие. Uchet.kz сарапшылары 2025 жылы бұл отбасылар қандай салықтық шегерімдер ала алатынын түсіндірді.  

Қолданыстағы Салық кодексіне сәйкес, кеңес заманында "Батыр ана" атағына ие болған немесе тәуелсіздік жылдары "Алтын алқамен", "Күмiс алқамен" наградталған көпбалалы аналар – 1 автокөлiгі үшін көлік салығын төлемейді.

Сондай-ақ олар тұрғын үй қоры, соның ішінде оның жанындағы құрылыстар мен құрылысжайлар орналасқан жер учаскелері бойынша, үй жанындағы жер учаскелері бойынша, барлық салық салу объектiсінiң жалпы құнынан 1 000 АЕК (2025 жылы 3 932 000 теңге) шегiнде салық төлеуден босатылады.

Алтынқұрсақ аналар сондай-ақ бірқатар баж алымдарын төлеуден де босатылған. Бұған қоса бұл әйелдер өзге нәзік болмыс иелеріне қарағанда ертерек, 53 жаста зейнеткерлікке шыға алады.

"2025 жылы салық заңнамасында айтарлықтай өзгерістер болады және олар көпбалалы отбасыларға да ықпал етеді. Біріншіден, айлық есептік көрсеткіш (АЕК) былтырғы 3 692 теңгеден биыл 3 932 теңгеге дейін өседі. Соның нәтижесінде бірқатар төлемдер бойынша салық салынбайтын минимум көтеріледі", – деді сарапшылар.

Мысалы, біріншіден, бала туғанда берілетін материалдық көмек 94 АЕК-ке дейін түзетуге жатады. 2025 жылы бұл сома 369 608 теңгені құрайды (2024 жылы 347 048 теңге болған). Бұған сәйкес, аталған сома жеке табыс салығын, әлеуметтік салықты және әлеуметтік төлемдерді төлеуден босатылады.

Басқаша айтқанда, қазақстандықтар баласы туылған кезде жұмыс берушісінен материалдық көмек алғанда, одан осы алым-салықтардың бәрі ұсталып, тек қалған сомасы ғана қолына ұстатылады. Ал, көпбалалы ана не әке 369 608 теңгеге дейін маткөмектен бір тиынын бюджетке бермей, түп-түгел өзі алады.

Екіншіден, 14 АЕК көлемінде (кодекстің 346-бабы) ай сайын қолданылатын стандартты салықтық шегерім өткен жылғы 51 688 теңгеден жаңа жылда 55 048 теңгеге дейін көбейді. Бұл да оларға қосымша табыс әкеледі.

Айта кететін жайт, ел Парламенті 2025 жылы қабылдап, 2026 жылы күшіне енеді деп жоспарланған жаңа Салық кодексінде мемлекет ай сайынғы стандартты шегерімнің көлемін қазіргі 14 АЕК-тен келесі жылы 30 АЕК-ке дейін екі еседен астамға көтеруді жоспарлап отыр.

"Жылдың 1 қаңтарында кәмелет жасқа жетпеген 4 және одан көп баласы бар отбасылар үшін салықтық шегерім қос ата-анаға жиынтығында бір жыл ішінде 282 АЕК-тен (2025 жылы – 1 108 824 теңгеден) аспайтын мөлшерде қолданылады. Бұл ретте көпбалалы отбасының ата-анасының біреуі үшін – ай сайын 23 АЕК (2025 жылы – 90 436 теңге). Ата-аналардың әрқайсысы үшін – айына 12 АЕК (2025 жылы – 47 184 теңге). Қорыта айтқанда, 2025 жылы көпбалалы ата-аналар ай сайын табысынан шамамен 90 000 теңгені мемлекетке салық түрінде төлемей, отбасына қайтара алады", – деп мәлім етті "Учет.kz" сарапшылары.

Жылына 1 109 000 теңге шығады. Яғни, өзге ата-аналар бюджетке осынша салықты артық төлейді. Егер олар 4 бала туып, көпбалалы отбасыға айналса, отбасылық бюджетінің осынша қаражатын алым-салықтан босатып алып, өз игілігіне пайдалана алар еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу