Upgs.gosreestr.kz порталындағы мәліметтерге сүйенсек, алдымен М.С. Нәрікбаев атындағы КазГЮУ активтері сатылымға шығарылады, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.
31 наурызға жоспарланған саудаға түсетін нысанның негізгі акционері Талғат Нәрікбаев. Оған университеттің жарғылық капиталының 38,32%-ы тиесілі. Ал мемлекеттің меншігіндегі көлем - 35%. Ол Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің үлесінде. Сонымен қатар акционерлердің ішінде тағы 5 жеке тұлға мен 5 ЖШС бар.
Қаржылық көрсеткіштер бойынша акционерлік қоғамның кірісі 4,6 млрд теңгені. Ал оқу орнының жеке капиталы 3,8 млрд теңге.
e-auction.gosreestr.kz электронды сауда алаңындағы мәліметтерге сүйенсек, Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті университеттің 35% үлесін бұған дейін де, яғни, 2019 жылы сатылымға шығарған. Бұл кезде баға 2018 жылы жүргізілген оқу орны активтерін бағалауға сәйкес 1,7 млрд теңге төңірегінде белгіленген. Алайда кейін университет аукционнан алынып тасталды.
Privatization.gosreestr.kz сайтының мәліметінше Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтының (ресми атауы "КИМЭП Университеті" АҚ) кірісі 5,7 млрд теңге шамасында. Жоғарғы оқу орнының жеке капиталы – 4,6 млрд теңгеден асады.
Білім ордасы 2021 жылдың мамыр айында саудаға шығарылмақ. 2019 жылғы аудиторлық есепке сәйкес университеттің жарғылық капиталының 40%-ы немесе 234 012 дана акциясы Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің үлесінде. Яғни, мемлекет меншігінде. Ал 60%-ы немесе 350 988 дана акциясы институт президенті Чан Йан Бэнгке тиесілі.
Айта кетейік, екі ірі оқу орны да 2021-2025 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспары аясында саудаға шығады.
Экономика ғылымдарының кандидаты, "Тұран-Астана" университетінің профессоры Бауыржан Ысқақов бұл бастаманы экономикалық жағынан тиімді өзгеріс деп есептейді.
"Негізгі акционерлер қала береді де, мемлекет өзіне тиесілі акцияларын сатады. Біріншіден бұл білім беру саласының субъектісі болғандықтан, оны нарыққа шығарудың артында мықты менеджмент қалыптастыру мақсаты тұр. Университеттер мемлекеттің балансында ғана қала берсе, белгілі бір жүйе аясында ғана дамиды. Ал мемлекет балансынан шығару арқылы мекемелерді күтіп-ұстау бойынша қаржылық ауыртпашылықтан құтылады. Екі жоғарғы оқу орны да қаржылық активтері жоғары, табыстылығы тұрақты, беделді унивеститеттер. Ал оларды мықты компаниялар немесе жеке тұлғалар сатып алып, тағы да жетілдіретін болса бұл қос тарап үшін де пайдалы", – дейді маман.
Экономистің айтуынша, алдағы сауда сатып алушы, сатушы және оқу орындарының акционерлері үшін де ұтымды.
"Былтырғы жылдың соңында "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жасаған рейтингіге сәйкес қос университет еліміздегі алдыңғы қатарлы 10 жоғарғы оқу орнының қатарына кірген. Сондықтан алдағы сауда барлық тарап үшін тек жағымды өзгерістер алып келеді", – деді Бауыржан Ысқақов.
Бұл пікірмен "DAMU Capital Management" ЖШС бас директоры Мұрат Қастаев та келіседі. Оның айтуынша екі оқу орнын сату қалыпты үдеріс.
"Мемлекет бақылау пакетіне ие емес, сондықтан бұл құрылымдардан шыққысы келеді. Бұл оқу орындары білім беруді ақылы түрде жүргізеді. Сондықтан алдағы саудаға күдікпен қараудың керегі жоқ. Егер олар мемлекеттік болып, тегін білім берсе, онда мемлекеттік мүліктің сатылуы студенттерге зиянын тигізеді деп алаңдауға болар еді", – дейді сарапшы.
Оның айтуынша мемлекет стартегиялық емес, жеке капитал және нарықтың бәсекелестік бар жерден кетуі керек. Экономикада мемлекеттің шектен тыс болуы экономикалық өсімнің төмен болуы мен мемлекеттік шығындардың көп болуына әсер етеді. Ал нарықтық экономикада жеке акционерлер өз активтерін мемлекетке қарағанда жақсы басқарады. Сатылғаннан кейін, университеттер жекеменшікке айналып, бәсекелестік ортаға шығады.
"Бұл ретте ҚазГЮУ-дағы үлесін сатудан мемлекет шамамен 1,3 млрд теңге, ал КИМЭП-тегі үлесінен 1,84 млрд теңге пайда табуы мүмкін", – дейді Мұрат Қастаев.
Құралай Құдайберген
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз !