Мемлекет пәтер жалдап тұратындардың ақшасын қайтарады

3516

Ол үшін көпбалалы отбасы, І және ІІ топтағы мүгедек, жетім, мүгедек баласы бар отбасы санаттарына жату керек.

Мемлекет пәтер жалдап тұратындардың ақшасын қайтарады

Біршама жылдан бері айтылып келе жатқан тұрғын үйді субсидиялау тетігі жуырда іске қосылды. Енді көпбалалы отбасылар, І және ІІ топтағы мүгедектер, жетім балалар, халықтың әлеуметтік осал тобына жататын мүгедек баласы бар отбасылар жалдап тұратын баспанасы үшін мемлекеттен көмек ала алады. Бүгінде елімізде шамамен 600 мың адам кезекте тұрса, соның 215 мыңы жоғарыда аталған халықтың әлеуметтік осал тобына жатады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі базасының деректеріне сәйкес отбасы мүшелеріне шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен (36 018 теңге) төмен шамамен 70 мың азамат қысқа мерзім ішінде тұрғын үймен қамтамасыз етілуге тиіс. Бұған 51 мың көпбалалы отбасы, 2 мың жетім бала, 10 мың І және ІІ топтағы мүгедек, сондай-ақ мүгедек балалары бар 7 мың отбасы кіріп отыр.

Жалға алған үйді субсидиялау қағидаты азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген. Яғни баспананың 50 пайызы мемлекеттік субсидия есебінен жабылады да, қалған 50 пайызын көмек алушы өзі төлейді. 70 мың азаматқа қолдау көрсету үшін 50 млрд теңге қажет. Оның 40 млрд теңгесі республикалық бюджеттен, 10 млрд теңгесі жергілікті бюджеттен бөлінеді.

Бағдарламаның операторы – Отбасы банк. Өтінішті қабылдау осы жылдың 18 сәуірінде басталды. Дәл осы күні субсидия алуға үміткер 17 мың адамға өтініш беруге шақырту ретінде SMS-хабарлама жіберілген. 26 сәуірде тағы да 23 мың үміткерге SMS-хабарлама жолданды. Өтінім беру процесі толығымен цифрландырылған. Төлемдер республикалық және өңірлік бюджеттерден қаражат түскеннен кейін маусым айында басталады.

Субсидиядан дәмелі отбасылардың соңғы 6 айдағы орташа жиынтық табысы отбасының әрбір мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен, яғни 36 018 теңгеден аспауы тиіс.

Субсидиялауға арналған өтінімдер otbasybank.kz платформасында ЭЦҚ көмегімен қабылданады. Субсидия алуға үміткерлер Отбасы банкінің клиенті болуы тиіс. Яғни банкте депозиті болуы керек және Отбасы банкінің интернет банкингінде тіркелуі қажет. Жинақ шоты жоқтар міндетті түрде ашуы шарт. Депозит болашақ тұрғын үйге қаржы жинақтау үшін ашылады. Оны кезекте тұрған адам жалдау төлемдері тоқтатылғаннан кейін сатып ала алады.

Бағдарламаға қатысушы ең алдымен otbasybank.kz платформасына кіріп субсидия алу туралы өтінішке қол қояды. Бұл оның жеке деректерді жинауға әрі өңдеуге келісім бергені. Қол қойылғаннан кейін жүйе деректерді өңдеп, отбасының құрамын анықтайды. Содан кейін кәмелеттік жасқа толған әрбір отбасы мүшесі otbasybank.kz сайтында "қонақ" ретінде тіркеліп, ЭЦҚ арқылы жеке деректерді жинау және өңдеу келісіміне қол қоюы керек. Осыдан кейін жүйе деректерді қайтадан тексеріп, өтініш берушіге субсидия алуға келісім береді немесе себебін түсіндіріп, өтінішін кері қайтарады.

Өтініш мақұлданса, хабарламада жалға алу аймағы, пәтер ауданы, жалдау ақысының максималды мөлшері мен қатысушыға тиесілі ең жоғары субсидия көлемі көрсетіледі. Осыдан кейін "Пәтер иесі туралы деректер" бөлімінде өтініш иесі пәтерді жалға берушінің ЖСН немесе БСН көрсетуі керек. Осы сәттен процеске жалға алынатын тұрғын үйдің иесі қосылып, екінші кезеңі басталады.

Баспананы жалға беруші де otbasybank.kz сайтында ЭЦҚ арқылы тіркеліп, "Жалға алу ақысын субсидиялау" бөлімінде деректерін растайды. Сондай-ақ жеке деректерді жинау және өңдеу туралы өтінішке қол қойып, жалға берілетін пәтердің кадастрлық нөмірін және қаражат аударылатын 20 сандық шотты көрсетуі керек. Осыдан кейін жүйе жалдау шартын және төлем кестесін жасап шығады, оған тараптар ЭЦҚ арқылы қол қояды. Субсидия алуға өтініш беруші жалдау шартын тіркегені үшін мемлекеттік баж төлейді. Содан кейін оның жеке кабинетінде төлем кестесі бар жалдау шарты пайда болады.

Жалдамалы баспананы әркім өзі іздейді. Отбасы банк субсидияны жалға алу келісімшартының мерзімі аяқталғанша ай сайын аударып отырады. Құжаттың күшін мерзімінен бұрын жоюға, сондай-ақ жаңа үй иесімен келісімшарт құруға рұқсат етілген. Бұл жағдайда otbasybank.kz порталында өтініш беру процесі қайтадан жасалады.

Отбасы банк жыл сайын субсидия алушылардың шарттарға сай келуіне мониторинг жүргізіп, төлем тәртібін ай сайын қадағалап отырады. Ал жергiлiктi әкiмдiктер жалдамалы үйлер мен онда тұрып жатқан азаматтарды кемiнде тоқсанына бiр рет тексеретiн болады. Баспананы жақын туыстардан және жұбайлардан, оның ішінде бұрынғы жұбайларынан және ерлі-зайыптылардың туыстарынан жалға алуға, сондай-ақ қайта жалға өткізуге тыйым салынған.

2002 жылғы 22 сәуірдегі жағдай бойынша үміткерлерден бағдарламаға қатысу жөнінде 1 662 өтініш түскен. 259 өтініш мақұлданыпты (жалға берушінің деректері күтілуде). 129 өтініш бойынша қатысушының немесе оның отбасы мүшелерінің деректері тексерілуде. 161 өтініш иесі тек бастапқы деректерді ғана енгізген. Қатысушы тарапынан жойылған өтініштер – 105. Тексеру барысында 1 008 өтініш кері қайтарылған. Көпшілігі (575 өтініш) тіркеу кезінде SMS арқылы жіберілген кодты енгізбеген. Басқа да себептер бар.

Әзірше мақұлданған өтініштердің басым бөлігі (96 өтініш) Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындарынан түскен. Екінші орында – Шымкент (51 өтініш), үшінші орында Түркістан облысы (31 өтініш) тұр.

Ғалия Әділ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу