Мемлекет патриот оқушыларға арналған медаль тағайындады

7340

Отаншыл шәкіртті тәрбиелеген адам санаторийге жолдама алады.

Мемлекет патриот оқушыларға арналған медаль тағайындады Фото: time.kz

Ел Үкіметінің "14 жастан 29 жасқа дейінгі балалар мен жастардың көрсеткен патриотизмі мен белсенді азаматтық ұстанымы үшін ерекшелік белгісімен марапаттау қағидаларын" бекітетін қаулысының жобасы жария етілді.

Жоба Тұңғыш Президенттің "Ел үмiтi" бастамасының бір бөлігі болып табылады. Сондықтан Білім және ғылым министрлігі жүргізетін мемлекеттік жобаға бәрібір Елбасы құрылымдары басшылық етеді. Нақтылай кетсек, ерекшелік белгісінің әкімшісі – БҒМ. Ал құрылтайшысы – Елбасы қоры, операторы – "Елбасы академиясы" корпоративтік қоры. Құрылтайшы төс белгінің дизайнын бекітуде.

Қағидада тиісті төс белгімен наградталған жас ұрпақ өкілдері үшін "әлеуметтік лифтілер жасалатыны" айтылған. Яғни, олар мемлекеттік қызметке келсе, бұл оның мансап сатысымен өсуіне ықпал етуі ғажап емес. Бір анығы, ерекшелік белгісіне ие оқушылар мемлекеттік білім грантын, өңір әкімінің грантын, ЖОО ректоры грантын басымдықты түрде алу құқығына қол жеткізеді.

Үкімет қаулысының аты айтып тұрғандай, бұл марапат 14–19 жас аралығындағы Қазақстан азаматтарына, сондай-ақ шетел азаматы болып есептелетін, жатжұрттарда тұрып жатқан осы жас аралығындағы этникалық қазақтарға арналған.

Қатысу тегін және үміткерлерден құжаттар қабылдау әр жылдың қаңтар айында жүреді. Бұл ретте тек сөз жүзінде емес, құжат жүзінде "рәсімделген" патриот атанғысы келетін жас "Елбасы академиясының" интернет-ресурсында тіркелуі және өз қалауы бойынша жобаның тиісті деңгейіне қатысу туралы өтінімін орналастыруы қажет.

Осыдан кейін қатысушыға тұрғылықты жеріне немесе оқу орнына сәйкес тәлімгер ұсынылады. Ол тәлімгер – не педагог, немесе қатысушыларға әдістемелік қолдау көрсететін және олардың жетістіктерін бағалайтын орталық қызметкерлері, болмаса, практика үшін база ұсынатын жұмыс беруші болуы мүмкін. Кейін осы бала жеңіп шықса, тәлімгер де оның игілігін көреді. Бұл оны оқушыны жақсылап баптауға ынталандыру үшін жасалған.

Сонымен, таңдаған тәлімгері балаға алда қандай талаптар қойылатынын, нендей нормативтерді орындауы керектігін түсіндіреді, сондай-ақ басқа да кеңестер беріп, әдістемелік қолдау көрсетеді.

Қатысушы арнайы берілген жеке журнал-күнделікті тиісті ақпаратпен толтырып шыққанда, мысалға, онда көрсетілген тапсырмаларды орындап, тиісті фотосын және эссені қоса тіркегенде, "жобаның талаптары орындалды" деп танылады. Журналды қатысушы өзі толтырады. Әрбір жаңа ақпаратты тәлімгер растауы тиіс.

Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, "Физикалық даму", "Таланттар мен дағдыларды дамыту" және "Ұлттық мұра" бағыттары бойынша қатысушы кестеге сәйкес арнайы жаттығу-сабақтарға үнемі қатысуы және онысы тиісті белгілермен расталуы қажет. "Физикалық дамуда" президенттік тест нормативтерін тапсыру да талап етіледі.

"Волонтерлік" және "Экспедиция" бағыттары бойынша үміткерлер күн сайын ерікті болып жұмыс істеп жүргені туралы қысқаша есеп тапсырады, оның ішінде акцияның атауы мен нәтижелері, фото не бейнеролик қоса беріледі.

"Кітап оқу" бағыты бойынша әрбір оқылған кітаптың мазмұнына қатысты өзінің төл көзқарасын баяндайтын қысқаша эссе не бейнеролик жазуы міндет.

"Еңбек практикасы" бағыты бойынша қысқаша есеп береді және оны жұмыс беруші растауы тиіс.

Дәл осы эссе, есептер және бейнероликтер негізінде әр қатысушының нәтижелері мен жетістіктері бағаланады және олар арасынан патриот төс белгісіне лайық жастар анықталады. Ерекшелік белгісі сыртында "Елбасы академиясы" жеңімпазға және оны жеңіске жетелеген тәлімгеріне, оқу орнына, жұмыс беруші мен қоғамдық бірлестіктерге сыйлықтар береді деп жоспарланған.

Жалпы алғанда, патриотизм мен белсенді азаматтық ұстаным үшін ерекшелік белгісімен марапаттау 7 аталым-бағытта ұсынылады.

1) Физикалық даму – білім беру ұйымдары мен басқа да ұйымдар жанындағы секцияларда спорттың әртүрлі түрлерімен айналысу арқылы денсаулықты нығайтуға бағытталған. Кезең президенттік тестті өз деңгейінде тапсыру арқылы аяқталады.

2) Кітап оқу – оператор бекіткен әдебиеттер тізбесінен "Қазақ әдебиетінің алтын қоры", "Әлемдік әдебиеттің алтын қоры", "Тұлғалық өсу мен өзін-өзі дамытуға арналған кітаптар, ғылыми-көпшілік әдебиеттер" атты үш бөлімді қамтиды.

3) Таланттар мен дағдыларды дамыту – әлеуметтік және практикалық дағдыларды жетілдіруге, үйірмелерге, курстарға, тренингтерге, практикумдарға қатысу арқылы қатысушылардың таланттарын ашуға, зияткерлік, шығармашылық, ғылыми-техникалық конкурстарға, олимпиадаларға, көрмелерге, жарыстарға қатысуға бағытталған.

4) Волонтерлік – мұқтаждарға, жануарлар мен қоршаған ортаға тегін қызмет көрсету және азаматтық қатысудың басқа да нысандары арқылы көмек көрсетуге бағытталған.

5) Экспедициялар мен жорықтар - туған өлкені зерттеуге және туристік жорықтар мен танымдық саяхат арқылы туған жерге патриоттық қатынасты дамытуға бағытталған.

6) Ұлттық мұра – қатысушыларды ұлттық музыкалық аспаптарда ойнау арқылы ұлттық салт-дәстүрлермен, мәдениетпен таныстыруға, ұлттық спорт түрлерімен айналысуға, сәндік-қолданбалы өнерге бағытталған. Қатысушы өз қалауы бойынша қызметтің бір түрін таңдайды.

7) Еңбек практикасы – нақты өндіріс жағдайында әртүрлі кәсіпорындарда және кез келген салада еңбек тәжірибесі арқылы алтын ерекшелік белгісін алуға арналған қорытынды кезең.

Айтқандай, төс белгінің 3 түрі болмақ: алтын, күміс және қола. Мысалы, қола төс белгі кем дегенде 3 кітап, экспедицияда кем дегенде 2 күн, спортқа және еріктілер қозғалысына кем дегенде 3 ай қатысқандарға тағайындалады.

Күміс жүлдеден 15 жастан ересектер, сонымен бірге 6-дан көп кітап оқығандар, кем дегенде 3 күн туған елдегі саяхатқа қатысқандар, 6 ай ерікті болғандар, спортпен жарты жыл шұғылданғандар үміттене алады.

Ал алтын тұғырға жасы 16-дан асқан және өз бағыты бойынша мысалы, бір жылдан көп мерзім волонтер болып жүрген, 9-дан артық кітап оқыған, 9 ай дене шынықтырумен айналысатын, ең кемі 4 күн экспедицияда болып қайтқан, зауыт-кәсіпорында 5 күннен көп еңбек тәжірибесінен өткен жастар көтеріледі.

"Үздік тәлімгер" атағын олжалаған адам елдегі және шетелдегі оқу орындарында тағылымдамадан өтуге және біліктілігін арттыруға арналған грантпен марапатталады. Сондай-ақ Қазақстан санаторийлеріне жолдама алады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу