Мемлекет пен халықтың қарызына қатысты тосын жайт әшкере болды

637

Қаржылық сауатсыз кім: шенеуніктер ме, қарапайым қазақстандықтар ма?

Мемлекет пен халықтың қарызына қатысты тосын жайт әшкере болды Фото: bugin.kz

Үкімет халықтың қаржылық сауатсыздығын жоюға бағытталған күрес пен науқанды бастады.

Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитеті төрағасының орынбасары Жомарт Қарамбаевтың мәліметінше, енді қаржылық сауаттылық бойынша да сабақ беруі үшін педагогтердің біліктілікті арттыру курстары жүргізіліп жатыр.

Ал, Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглованың дерегінше, бюджеттен қаржы жұмсалып, "Narxoz" университеті 2024 жылы "Қаржылық сауаттылық" курсын әзірлеген. Ол биылдан бастап барлық жоғары оқу орындарында оқытылады. Жыл сайын шамамен 100 мың студент қамтылады, олардың басым бөлігін бірінші курс студенттері құрайды.

Дегенмен, экономист Рахымбек Әбдірахманов өзінің Gde Tenge Telegram-арнасында мемлекет пен халықтың қарыздарын салыстыра келе, күтпеген байламға келді. Соған қарағанда, "Қаржылық сауаттылық" курстары шенеуніктердің өздеріне көбірек қажет көрінеді.

Өйткені сарапшының пікірінше, қазіргі мемлекеттік борыштың көлеміне және квазимемлекеттік сектордың, ұлттық компаниялардың берешекке белшеден батқанына қарағанда, қаржылық тәртіп проблемасы мемлекетке де қатысты екен.

Осы орайда сарапшы "Үкімет пен азаматтар: мұнда қаржылық сауатсызы кім?" деген сауал тастап, оған өзі жауап берді.

"Шенеуніктер халықтың шектен тыс кредиттелуін "оның қаржылық сауатының аздығының" салдары ретінде түсіндіруді жақсы көреді. Алайда мемборыш пен квазимемсектордың қарызына қарасақ, өзінің қаржылық тәртібі нашар көрінеді. Алдымен Үкіметтің борышына тоқталайық: Жоғары аудиторлық палатаның дерегінше, 2024 жыл қорытындысында Үкіметтің борышы 30,1 триллион теңгеден асты және бір жыл ішінде бірде 20,7%-ға өсті", – деді Рахымбек Әбдірахманов.

Оның ішінде:

Ішкі нарықтан алған қарызы – 21,7 триллион теңге (жалпы сомадағы үлесі 72%;

Шетелден тартқан сыртқы қарызы – 8,3 триллион теңге (28%).

Осы астатөк берешекке қызмет көрсету, пайыздық сыйақысын төлеу үшін бір ғана 2024 жылы Үкімет бүкіл республикалық бюджеттің 23,8%-ын шығындаған. Сол арқылы тарихта теңдессіз дефицитті өршітті.

Соңғы 10 жылда Үкіметтің қарызы 3,5 есе (!) өсті. Егер 2014 жылы Үкіметтің борышы 8,7 триллион ғана болса, 2024 жылдың қорытындысында 30,1 триллион теңгеден асып жығылды.

Бір ғана 2024 жылы Үкіметі 2013 жылға дейін болған мемборыштың бүкіл жиынтықты сомасына жетеғабыл көлемде қарыз алды – 7,03 триллион теңге. Бұл заем бюджеттің ағымдағы тапшылығын жабу, яғни, жыртығын уақытша жамау үшін ғана жұмсалған. Биыл алып жатқан қарызы 8 триллионнан да көп асып кетті.

Мысалы, Жоғары аудиторлық палата аймақ әкімдерінің қарызды ойланбай алып, оңды-солды шашатынын анықтады.

"Жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижесінде осы салада бірқатар кемшілік табылды. Жергілікті жерлерде қарыз алу лимиттері (жергілікті бюджет кірістердің 10%-ынан аспауға тиіс) кей жағдайларда сақталмайды. Ал жергілікті атқарушы органдардың лимитті сақтамағаны үшін жауаптылығы көзделмеген. Жалпы қарызды басқару әртүрлі әдіспен жүзеге асырылып келген", – деп хабарлады ЖАП.

Палатаның дерегінше, мемлекет алған қарызының басым бөлігін экономикаға серпін беретін инвестициялық жобаларды іске асыруға немесе халыққа қажетті инфрақұрылымдық нысандарды салуға емес, бюджеттің дефицитін өтеуге және бұрынырақта алған заемдарына қызмет көрсетуге шығындайды. Яғни, Үкіметтің өзі бұрынғы алған берешегін "жабу" үшін жаңадан қарыз алады.

Экономист министрліктер мен әкімдіктер тартатын заем қаражатты жұмсаудың тиімділігіне талдау жүргізілмейтініне назар аудартты. Қаржы министрлігі кредиттік қаражаттардың қайтарымы қандай болғанын, оның есебінен нақты қандай әлеуметтік, экономикалық әсер-эффект болғанын жария етпеді.

Әбдірахманов енді квазимемлекеттік сектордың қарызын келтірді:

Жалпы көлемі – 23,65 триллион теңге немесе бір жылда 16,8%-ға ұлғайып кеткен;

"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының борышы – 10,99 триллион теңге, 2024 жылы қарызын өтеуге 2,21 триллион теңге жұмсаған; 

"Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингінің борышы – 9,88 триллион теңге, былтыр қарызын өтеу үшін 1,07 триллион теңге шығарған;

Басқа квазимемлекеттік субъектілер 2,78 триллион теңге қарызға ие.

ЖАП аудиторларының байламынша, квазимемсектор қарыз алу кезінде мемлекеттік стратегиялар мен басымдықтарды басшылыққа алмайды, тіпті оған қайшы тірлікке барады. Бұл қарызға алынған қаражатты мақсатсыз жұмсауға және ақыр соңында ешқандай нәтижеге қол жеткізбеуге соқтырады.

Мысалы, "Самұрық-Қазына", "Бәйтерек" және басқа компанияларда заем ақшаның нақты инвестициялауға бағытталған үлесі 25-30%-дан да аспайды. Басым бөлігі бұған дейін қордалаған берешегін өтеуге бағытталады екен. Егер отағасы не отанасы үнемі кредит алып, оның 70%-дан астамын тек бұрынғы қарызын "сөндіруге" жұмсаса, ол адамның масқара тірлігінен туыс, таныс, дос, көршілерінің бәрі шошынып, жаға ұстар еді.

Экономист енді халықтың қарыздарына назар аудартты. Ұлттық банктің мәліметінше, қаржылық ұйымдар жалпы сомасы 47,6 трлн теңге кредит берген. Соның ішінде:

25,5 трлн теңгесі немесе 53,7%-ы – жеке тұлғаларға берілген несиелер;

Заемшылардың 70%-ы немесе шамамен 6,3 миллион адам 2 миллион теңгеге дейін ғана, яғни, шағын кредит алған;

53%-ы – 1 миллион теңгеге дейінгі ұсақ кредит алған.

Мемлекеттік кредиттік бюро базасында 9 миллион заемшы тұр, демек, елдегі 13 миллионнан аса ересек қазақстандықтардың 70 пайызының кредиті бар (қалғаны 18-ге толмаған балалар, олар өз бетінше кредит ала алмайды).

Ешқандай кепілзатсыз берілген, пайыздық ставкасы өте жоғары тұтынушылық кредиттердің үлесі 62%-ға, көлемі – 16 триллион теңгеге жетті.

Бұл ретте экономисттің мәліметінше, 2024 жылдың қорытындысында модальды жалақы 97 557 теңге ғана болды. Ал, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысында табыстардың шынайы өсімі небәрі 0,3%-ды құрады.

Halyk Finance дерегінше, қазақстандықтардың барлық шығысының 50,6%-ы азық-түлік сатып алуға кетеді. Өйткені елде кейінгі жылдары қымбатшылық қатты қарқын алды.

АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігінің жаһандық рейтингі бойынша халқының өз табысын тамаққа шектен тыс көп жұмсауға мәжбүрленуі жөнінен Қазақстан бүгінде әлем бойынша ТОР-6-ға енді (6-орынға шықты).

"Егер елдегі модальдық жалақы бар-жоғы 97 557 теңге болса, халықтың шынайы табысы бір жылда небәрі 0,3%-ға өссе, қазақстандықтарға тапқан-таянғанының жартысынан астамын (50,6%) азық-түлікке шығындауға тура келсе, онда жұрттың шектен тыс көп кредит алуына – оның "қаржылық сауатсыздығы" емес, ақшасының жетіспеушілігі себепкер. Қазақстандағы табыстардың стагнациясы, жалақының төмендігі, инфляцияның өршуі және коммуналдық тарифтердің тоқтаусыз өсуі азаматтарды "аштан өлмеу үшін қарыз алу" сияқты жанбағыс механизмін қосуға итермелейді", – деді экономист Рахымбек Әбдірахманов.

Ол келесі қорытындыға келді: Қазақстанда мемлекет үшін де, азаматтар үшін де қарыз – даму мен инвестициялау құралына емес, жанбағыстың тәсіліне айналды.

"Үкімет жыртықты жабу үшін борышқа батады. Квазимемлекеттік сектор – ескі берешектеріне қызмет көрсету, дефолт болмау үшін жаңадан қарыз алады. Адамдар келесі жалақыға немесе кездейсоқ табысқа дейін тірі қалу үшін заем рәсімдеуге мәжбүр. Соған қарамай, шенеуніктер халықты "қаржылық сауатсызсың!" деп айыптайды. Сонымен бірге, өзі де көрпесіне қарай көсілмейтінін, қарызға өмір сүретінін тарс естен шығарады", – деді сарапшы.

Айтпақшы, Еуразиялық одақтың дерегінше, ЕАЭО-ға мүше елдер арасында сыртқы борышы ең көп мемлекет – Қазақстан. Жан басына шаққандағы мемлекеттің қарызы – әрбір қазақстандыққа 8,1 мың доллардан келеді.

Ұлттық банктің ресми есебінше, Қазақстанның сыртқы борышының (ішкісін қоспағанда) көлемі 2025 жылғы 1 шілдеде 172,8 миллиард долларға жетті. Бұл – тарихи рекорд! ҚРҰБ ресми бағамы бойынша ол 92,8 триллион теңгеге барабар.

"Осылайша, Қазақстанның сыртқы қарызы 2025 жылдың басынан бастап 8,1 миллиард АҚШ долларына долларға ұлғайды. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында сыртқы борыш төлем балансы бойынша операциялардың есебінен – 4,3 миллиард долларға, ал, бағалық, бағамдық (шетелдік валюта) және басқа өзгерістер есебінен 3,8 миллиард долларға өсті", – деп мәлімдеді Ұлттық банк.

Қазақстанның сыртқы борышының құрылымында өтеу мерзімі бойынша 86,8%-ы – ұзақ мерзімді, яғни, 1 жылдан көпке алынған сыртқы борышқа тиесілі. Бұл Ұлттық банк сарапшыларының түсіндіруінше, бір жағынан, өтімділік тәуекелдерін азайтады, алайда екінші жағынан – жалпы нарықтық талаптардың өзгеруінің борышты өтеуге және оған қызмет көрсетуге деген теріс әсерін күшейтеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу