Мемлекет сайлауға жұмсайтын қаражатты халықтан жасырын ұстамақ – тәуелсіз бақылаушылар наразылығын айтты

2006

Орталық сайлау комиссиясы мен оның жергілікті жерлердегі өкілдіктері бұдан кейін сайлауларға қанша теңге жұмсайтыны құпия ұстауы мүмкін.  

Мемлекет сайлауға жұмсайтын қаражатты халықтан жасырын ұстамақ – тәуелсіз бақылаушылар наразылығын айтты

Бұл Әділет министрлігі әзірлеген сайлау туралы жаңа заң жобасында жазылған. Ал тәуелсіз бақылаушылар мұндай өзгерістің енгізілуіне үзілді-кесілді қарсы, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

"Жарияланған жаңа заң жобасында назар аударатын түсініксіз нәрсе бар. Мысалы, бақылаушы органдардың барлық қаржы айналымы ашық болуы керек екенін айтады. Шетелден қаражат алатын ұйымдар, мейлі сайлауға қатыссыз қаражат алса да, өз өкілдерін сайлау науқанына бақылаушы қылып жібере алмайды деген өзгеріс енгізбек. Бұл дегеніміз мемлекеттің өзі банк құпиясының сақталуына, яғни заңға қайшы әрекет етіп отыр дегенді білдіреді. Сөйте тұра өздерінің жұмсайтын ақшасын жасырын ұстап қалмақшы. Яғни сайлау мен референдумдарға бөлінетін ақша "Мемлекеттік сатып алу туралы" заңымен реттелмейді дейді. Ал біз салығымыз бен бюджетіміз қалай жұмсалғанын толық бақылап отырғымыз келеді. Сендер қаражаттарыңды қайдан алғандарыңды көрсетесіңдер, біз көрсетпейміз деуі негізсіз. Ашықтық барлық жерде әділ сақталғанын қалаймыз", – деді тәуелсіз бақылаушы Ғалымжан Оразымбет бүгін онлайн байланыс арқылы болған тәуелсіз бақылаушылардың баспасөз мәслихатында.

Айта кетейік, сайлау туралы заң жобасы ашық талқылауға шығарылды. Оған ЭЦҚ арқылы кіріп, пікір білдіруге, лайк немесе дизлайк басуға болады.

Заң жобасында шетелден қаржы алатын ұйымдардың тәуелсіз бақылаушылары сайлау науқанына қатыса алмайды, видео, фото түсіре алмайды деп көрсетілген.

Бұған тәуелсіз бақылаушылар мен саясаттанушылар наразы. Олар "билік өзі істейтін қылмысы әшкере болмауы үшін тәуелсіз бақылаушыларды Кремль тәрізді "иноагент" етіп шығармақшы" дейді.  

Айта кетейік, биыл Конституцияға түзету енгізу үшін өткізілген референдумға 16 млрд теңге қаражат бөлінген.

Тасқын Болатұлы

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу