Мемлекет үшін маңызды мәселелер үкімет деңгейінде ғана шешілмеуі керек

3154

Сарапшылар әлеуметтік саланың құрылымы мен құндылығын зерттеуге қызығушылық таныта бастады.

Мемлекет үшін маңызды мәселелер үкімет деңгейінде ғана шешілмеуі керек

Нұр-Сұлтанда өткен Қазақстан-Ресей сарапшыларының ІІІ форумында экономистер мен саясаттанушылар мемлекет үшін маңызды мәселелер үкімет деңгейінде ғана емес, сарапшылар деңгейінде де талқыланып, шешілуге тиіс екенін айтты.

"Біз талқылайтын тақырыптардың аясын кеңейтеміз деп шештік. Сәйкесінше биылғы форум аймақтық һәм саяси мәселелерді қарастырып отыр", – деді форумның ашылуында ҚР Президентінің кеңесшісі, Қазақстан халықаралық қатынастар кеңесінің төрағасы Ерлан Қарин.

Оның сөзінше, қазіргі сарапшылар әлеуметтік саланың құрылымы мен құндылығын зерттеуге қызығушылық таныта бастады. 

Жиында "Альтернатива" өзекті зерттеу орталығының директоры Андрей Чеботарев бүгінгі таңда геосаяси текетірестің көрігі қызып тұрғанын тілге тиек етті.

"Батыс пен Ресей, АҚШ пен Қытай арасындағы қырғи-қабақтың қыртысы жазылар емес. Халықаралық терроризмнің де тыйылар түрі жоқ. Осы тұрғыдан алғанда бізге сыртқы саясаттағы серіктестерімізбен түрлі жиындарда жиі жүздескен дұрыс. Кездескен сайын біз қоғамға қауіп төндіретін қатерлердің бетін теріс қарататын амалдарды табуымыз керек", – деді ол.

Басқосу барысында Қазақстандағы билік транзиті туралы да сөз қозғалды.

"Ресей сіздердегі жоғары биліктің бейбіт жағдаймен ауысқанын қалайды және осыған дейінгі достық қарым-қатынасымыздың жалғасатынына сенеді", – деді "Альтернатива" өзекті зерттеу орталығының директоры.

Андрей Чеботаревтың пікірінше, шетелдік инвесторлар Қазақстанға ерекше ықылас танытуда.

"Сырттан келген адамдар ойын ережесінің бұзылмағанын, құйған қаржыларының өздеріне еселеніп қайтқанын қалайды", – деді шетел азаматы.

Оның ойынша, қазір Орта Азия аймағында оң өзгеріс байқалады.

"Өзгеріс болып жатыр. Біз Қазақстанда жоғары билік қалай ауысып жатқанын, Өзбекстан ішкі, сыртқы саясатын қалай өзгертіп жатқанын көріп отырмыз", – деді ол.

Форумда ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасы геосаясат және өңірлік зерттеулер қызметінің басшысы Қазбек Майгелдинов пікір білдірді. Ол форумның маңызы зор екеніне тоқталып, Еуразия кеңістігінде әлемдегі секілді түрлі трендтер пайда болып жатқанын айтты.

"Қазақстан көпвекторлы саясат ұстанып отырған ел. Біз барлық елдермен тең дәрежеде қарым-қатынас жасаймыз. Оның ішінде Ресей Федерациясымен стратегиялық қарым-қатынас орнатқанбыз. Сәйкесінше екі ел қиындықтан шығу жолын бірлесіп іздейді. Өздеріңіз білетіндей, АҚШ-та мыңнан астам "Ми орталығы" бар. Өкінішке қарай, мұндай орталықтар Қазақстанда саусақпен санарлық. Сол себепті сарапшылардың пікірі, ойы, резолюциялық шешімдері алдағы уақытта екі елдің билігі үшін өте тиімді болады деп үміттенемін", – деді Қазбек Майгелдинов.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу