Мемлекеттен қаржылай жәрдем алу шарттары өзгереді

5091

Табысы аз отбасылардың 56 пайызы көпбалалы жанұялар. 

Мемлекеттен қаржылай жәрдем алу шарттары өзгереді

ҚР Парламенті Мәжілісінде депутаттар атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудың тиімділігі мәселесін талқылады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов АӘК берудің жаңа тетіктерінің жұмысын түсіндіріп, реформа көпбалалы аналарды қолдау, жаңартылған атаулы әлеуметтік көмек көрсету және кепілдендірілген әлеуметтік көмекті қамтитынын айтты.

Биылғы жылдың қараша айының басында шамамен 456,5 мың отбасы немесе 2,1 миллионға жуық адам мемлекеттен нақты қолдауға ие болған, оның 53%-ы көпбалалы отбасы. Бұл биылғы жылдың 1-тоқсанындағы көрсеткіштермен салыстырғанда 7,7 есе артық.

Министр Біржан Нұрымбетов бүгінгі Үкімет отырысында тағайындалған атаулы әлеуметтік көмектің орташа мөлшері 1,8 есе артып, көпбалалы отбасыларға 2020 жылы 42 496 теңгеден 74 388 теңгеге дейін жаңа мемлекеттік жәрдемақы белгіленетінін мәлім етті.

"Парламент Мәжілісі АӘК ұсынудың қолданыстағы жүйесін өзгертетін заң жобасын қабылдады. Оның негізгі бағыты – еңбекке ынталандыру, табысы аз азаматтардың кірістері мен мемлекеттік қолдау көлемін есепке алудың ашықтығы мен әділеттігін қамтамасыз ету. Табысы аз отбасылардың 56 %-ы көпбалалы жанұялар. Олар ең осал санатқа жатады.  Осыған байланысты көпбалалы отбасыларға жеке мемлекеттік жәрдемақы енгізу көзделген. Жәрдемақы отбасы табысына қарамастан, көпбалалы аналардың беделін көтеру, олардың материалдық әл-ауқатын арттыру, елде бала тууды ынталандыру үшін берілетін болады", - деді министр.

Сондай-ақ, Біржан Нұрымбетов ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауында атаулы әлеуметтік көмек көрсету ашық, әрі әділетті болуымен қатар, азаматтарды жұмысқа ынталандыру және табысы аз отбасылардың балаларына кепілдендірілген әлеуметтік топтама енгізу туралы тапсырма бергенін еске салып, АӘК ұсынудың жаңа тәсілдерімен таныстырды.

"Соңғы өзгерістер бойынша атаулы әлеуметтік көмек 6 айға, 12 айға төленетін. Бұдан былай АӘК әр тоқсан сайын есептелетін болады. Шартты және шартсыз көмекті үш айға тағайындау, бір жағынан, АӘК алушылардың табысын жасыруын болдырмайды. Екінші жағынан алып қарасақ, отбасының жан басына шаққандағы табысы тек қана ұлғаю жағына қарай өзгере бермейді. Баланың тууы, ата-анасының жұмысынан айырылуы, әлеуметтік мәртебесінің жоғалуы және т.б. себептерге байланысты көбінесе азаяды. Мұндай жағдайда АӘК алуға тоқсан сайын жүгінген кезде тағайындалған АӘК мөлшері объективті түрде ұлғаяды. АӘК мөлшері жан басына шаққанда кірістері мен кедейлік шегінің арасындағы айырмашылық ретінде анықталатын болады. АӘК-тің шекті өлшемі бойынша отбасының әр мүшесіне шаққандағы орташа кіріс күнкөріс деңгейінің 70%-ынан кем болуы керек. Сондай-ақ еңбекке қабілетті азаматтарға қойылатын талаптар да күшейеді. Учаскелік комиссияның осы процестегі рөлі артып, отбасының материалдық жағдайына зерттеу жүргізу мерзімі 3 күннен 7 күнге дейін ұзартылады", – деді министр.

Еңбекке қабілетті азаматтарға қойылатын талаптардың күшеюін министр "азаматтардың жауапкершілігін арттыру" себебімен түсіндірді.

"Атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған жанұяда еңбекке қабілетті азаматтар болса, оларды еңбекке тартамыз. Ол кісі келіскеннен кейін, әлеуметтік келісім жасалады. Негізі бұл бұрыннан бар нәрсе. Егер АӘК алып жүрген азамат жұмыс істеуден бас тартса, бүкіл отбасына АӘК көрсету тоқтатылады. Басқаша айтқанда, тепсе темір үзетін отағасы ұсынылған жұмысты істегісі келмесе, атаулы әлеуметтік көмектен бүкіл отбасы айырылады. Бұндай шара азаматтардың жауапкершілігін арттыру үшін қолданылуда", – деді Біржан Нұрымбетов.

Халықты әлеуметтік қорғау министрі кепілдендірілген әлеуметтік топтамаға қандай көмек кіретінін де түсіндірді.

"Кепілдендірілген әлеуметтік топтаманы ұсыну шеңберінде 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың, сондай-ақ 6 жастан 18 жасқа дейінгі орта білім беру ұйымдарында оқитын балалардың екі санатын қамту ұсынылады. Бұл шамамен 600 мың бала. Мектепке дейінгі жастағы балалардың бірінші санаты азық-түлік жиынтығымен және гигиеналық құралдармен қамтамасыз етілетін болады. Екінші санаттағы оқушылар мектепте тегін ыстық тамақ, мектепке және кері күнделікті тегін жол жүру, мектеп формасы мен оқу құралдарын мемлекет есебінен алатын болады", – деді министр.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу