Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев көрсетілген жылы қабылдау мен ілтипат үшін ризашылығын білдіріп, Қазақстан мен Ресей арасындағы қатынастарды "ешқандай түйткілі жоқ, барлық бағытта жемісті дамып келе жатқан" серіктестік деп атап өтті.
– Шын мәнінде, Ресей астанасындағы ыстық ықылас мені қатты таңғалдырды әрі қуантты. Екіжақты ынтымақтастық стратегиялық серіктестік, одақтастық қатынастар сипатына ие. Барлық бағытта бірлесе жұмыс атқарып келеміз. Мемлекеттеріміз арасында ешқандай түйткіл жоқ. Мәселе туындаған күннің өзінде президенттер мен үкіметтер басшыларының күш-жігері арқасында оң шешімін табады, – деді Қазақстан Президенті.
Өз кезегінде Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа Мәскеуге мемлекеттік сапармен келгені үшін алғыс білдіріп, бұл сапардың екі ел қарым-қатынасындағы маңызды кезең екенін айтты.
– Біз ұдайы байланыстамыз. Алайда мемлекетаралық қатынастарда мұндай протоколдық дүниелер де маңызды. Бүгін бейресми жағдайда кездесіп, барлық өзекті мәселе бойынша әңгімелесеміз. Ал ертең әріптестермен бірге екіжақты қарым-қатынастың күн тәртібін қарастырамыз және перспективті бағыттарға назар аударамыз. Жалпы алғанда, біз осы жылды өте жақсы нәтижелермен аяқтаймыз, сондай-ақ таяу келешекке арналған жоспарды орындаймыз деп ойлаймын, – деді Ресей Президенті.