Мемлекеттік балабақшаның болашағы бұлыңғыр

Қажет Андас Қажет Андас
3321

Заңнаманың шикілігінен мектепке дейінгі мекемелер жабылып қалуы мүмкін.

Мемлекеттік балабақшаның болашағы бұлыңғыр

Қазақстанның мектепке дейінгі білім беру қауымдастығының Алматы облыстық бөлімінің өкілдері мен мемлекеттік мекемелер облыстағы мемлекеттік-жекеменшік серістестік мәселелерін талқылады. Онда бизнес саласының жұмысына мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды жоспарлау және қаржыландыру тәртібіне орай бекітілген жаңа заңнамалық тәртіптің кесірі тиіп жатқаны белгілі болды.

Яғни, әдістемелік нұсқаулықты бекіту туралы білім және ғылым министрінің 2012 жылдың 21 тамызындағы №387 бұйрығы мен білім беру ұйымдары қызметінің үлгі қағидасын, оның ішінде балаларға арналған қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің үлгі қағидасын бекіту туралы үкіметтің 2013 жылдың 17 мамырындағы №499 қаулысының жетілмеген тұстары кәсіпкердің жұмысына кедергі келтіріп отыр. Соның салдарынан жекеменшік білім беретін мекемелер қадағалау органдарының ұшы-қиыры жоқ тексерісінен көз аша алмай отыр. Сондай-ақ, балабақша қызметіне білім басқармасы және оның бөлімдерімен арадағы байланыстың нашарлығы да әсер етеді.

Қауымдастықтың Талдықорған қалалық филиалының директоры Маржан Ахметжанова өңірде мектепке дейінгі мекемелерге бөлінген мемлекеттік қаржының игерілуін тексеру тым жиілеп кеткенін алға тартады. Білім және ғылым министрлігінің 2012 жылдың 21 тамызындағы №387 бұйрығына сәйкес, әдістемелік кеңестердің мектепке дейінгі білім беру мен тәрбие ісіне жоспарлаған қаржылық есебінде сабаққа 1-2 күн себепсіз келмей қалған баланың ақшасы қарастырылмаған, сондықтан бұл ақша ұсталып қалады не қайтарылады.

"Республикада мұндай жағдайлар өте көп, нәтижесінде мектепке дейінгі көптеген мекеме жұмысын тоқтатты. Кейбірі мемлекеттік органдардың ақшаны қайтару туралы шарттарымен келіспей, мемлекеттік тапсырыс аясындағы келісімге қарсы келіп, 1-2 күн келмей қалған баланың ақшасын қайтармау үшін соттасып жатыр. Қызылордада осындай жағдай болып, сот жергілікті мемлекеттік органның шағымына қарсы шешім шығарып, сабаққа аз күн келмей қалған баланың орны сақталды. Өйткені, бала сабақта болмағанымен, мекеме толық жұмыс күнін атқарады, сондықтан мемлекеттік органның талабы негізсіз деп табылды. Оның үстіне медициналық мекемелер 1-2 күн үшін анықтама бермейді", – дейді Маржан Ахметжанова.

Кәсіпкерлік қауымдастықтың шағымынан кейін министрліктегілер бұл қаулыға өзгеріс енгізіп жатқан көрінеді. Сол өзгеріске сай ата-анасының өтінішімен балабақшаға үш күн бойы келмеген баланың ақысы мектепке дейінгі мекемеге төленетін деген нақтыланбаған ақпарат бар. Тағы бір жағынан, жекеменшік балабақшаның басшысы мемлекеттік тапсырыспен тәрбиеленетін баланың ата-анасы төлейтін ақының мөлшеріне наразы. Өйткені, жыл сайынғы ақыны өңірлік әкімдік белгілейді.

"Ата-ана төлейтін қаржыға санитарлық ережелер мен нормалар бойынша тамаққа жұмсалатын ақша ғана емес, кәсіпкердің несиелік төлемі, балабақшаны дамыту мен қамтамасыз ету шығындары кіреді. Егер бизнестің инвестициялық тартымдылығы болмаса, ондай бизнес кімге керек? Кәсіпкердің Конституцияда көрсетілген кәсіпкерлік құқығына нұқсан келеді. Осыдан кейін кәсіпкер мекемесін жабуға немесе мемлекеттік тапсырыстан бас тартуға мәжбүр болып, ақырында ата-анадан алатын ақыны қымбаттатуға тура келеді. Ал кей балабақша "бармақ басты, көз қыстымен" жұмыс істей бермек", – дейді мектепке дейінгі білім беру қауымдастығының Алматы мен Алматы облысындағы филиалының директоры Күләнда Батырбекова.

Расында, мемлекеттік тапсырысты жекеменшік балабақшаға берудің тетіктерін тағы бір рет қарастыру керек. Сонымен қатар, мектепке дейінгі білім беру қауымдастығының өкілдерін қабылдау, аттестация, мемлекеттік білім беру тапсырысының қаржысын есептейтін және бөлетін бюджеттік комиссия құрамына байқау арқылы кіргізу қажет. Сонда ғана ол Ережеге қарамастан балабақшада бірдей есептік бағам орнатуға мұрындық бола алады. Алайда, бұның қаншалықты орындалатынына нақты сенім жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу