Мемлекеттік қарызды өтеуге биыл 1,1 трлн теңге шығындалады

5660

Қазақстан Үкіметі ысырапшылдықтың қауіпті межесіне жетті. Пандемия да, дағдарыс та билікті үнемшілдікке үйрете алмады, мемлекет бар тапқанының 83%-ын ағымдағы шығыстарына шығындайды.

Мемлекеттік қарызды өтеуге биыл 1,1 трлн теңге шығындалады

Қазақстанның бюджет саясаты бір қарағанда, тамаша. Ол бюджет теңгерімділігін сақтауға, жыл сайын Ұлттық қордан алып қойылатын кепілдендірілген трансфертті азайтуға, болашақ ұрпаққа арналған "мұнайлық қордың" қаржы активтерінің ең құрығанда төменгі шегін қалдыруға, елдің сыртқы қарызын шектеуге бағытталған.

Пандемия қарсаңында, ЭЫДҰ Қазақстанның бюджеттік жүйесіне шолу жасап, "Бюджеттік саясатты оңтайландыру" қалай жүзеге асырылып жатқанына талдау жүргізіпті. Дамыған елдер ғана кіретін бұл беделді ұйымның сарапшылары "зерттеу нәтижесінде Қазақстанда жүргізіліп жатқан бюджеттік реформаларға биік баға берді". "Ғажап!" деп, қол соғуға болады. Бірақ шын мәнінде бұл көзбояушылық болып шыққанға ұқсайды.

Ел басшылығының тапсырмасымен "Қазақстанның 2030 жылға дейінгі мемлекеттік қаржысын басқарудың тұжырымдамасы" жобасын әзірлеген сарапшылар көңілсіз қорытындыға келіп отыр. Тұжырымдамада "хронический дефицит" деген үрейлі термин қолданылады.

"Бюджеттің созылмалы тапшылығы ЖІӨ-ге шаққанда мемлекеттік борыштың ұлғаюына және бюджетке түсетін жүктемесінің ауырлауына соқтырды. Бұған қоса, мұнай бағасы төмендеген сайын мемлекеттік борыштың өсуі де жеделдейді. ЖІӨ-ге шаққандағы мемборыш 2013 жылғы 12,5%-дан 2020 жылы 29,4%-ға дейін өсті. 2021 жылы ол 30,6%-ға жетті. Атаулы мәнде мемборыш 4,7 есе өсті. 2014 жылғы 1 қаңтардағы 4,4 трлн теңгеден 2021 жылғы 1 қаңтарда 20,6 трлн теңгеге дейін көбейді. Оның өсу үрдісі жалғасуда", – дейді сарапшылар.

Сорақысы сол, Үкіметтің қаптаған қарызын жабуға кететін бюджет қаражаты да ұдайы артып барады. "Үкіметтік борышқа қызмет көрсетуге жұмсалатын республикалық бюджеттің шығыстары 2015 жылғы 296,5 миллиард теңгеден 2021 жылғы 1,1 триллион теңгеге дейін өсті".

Егер 2013 жылы республикалық бюджет табыстарының 9,7%-ы осы қарыздарды өтеуге жұмсалға, қазір ел қаржысының 13,1%-ы Үкіметтің өрттей қаулаған борышын "сөндіруге" төгіледі екен.

"Коронадағдарыс салдарлары бюджеттің тұрақтылығына нұқсан келтірді. 2020 жылдың қорытындысында бюджеттік тапшылық және мұнайлық емес тапшылық, мемлекеттік борыш және борыштық жүктеме бойынша қағидалар тегіс бұзылды. 2020 жылы республикалық бюджеттің тапшылығы ЖІӨ-ге шаққанда 3,1%-ға жетті. 2021 жылғы ол 3,5%-ға дейін өсуде. 2020 жылы мемлекеттік бюджеттің мұнайлық емес тапшылығы да өсіп, ЖІӨ-ге шаққанда 11,6%-ды құрады, 2021 жылы 10,6% болмақ. Мемлекеттік қазынаның ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін мұнайлық емес тапшылық тым жоғары болып тұр", – делінген экономика министрлігінің талдауында.

Қазақстанның "мұнай инесіне" тәуелділігі артқан

Жалпы заң жүзінде Үкіметтің алатын қарызы Ұлттық қордың шетелдік активтерінің көлемімен шектелді. Бірақ бұл шектеу тек "шетелдік және мемлекет кепілдендірген сыртқы қарызға ғана таралады". Нәтижесінде, шенеуніктер қарызды ішкі нарықтан, биржадан, банктерден молырақ тарта бастады. Олар өз кезегінде қарызды шетелден алады. Айналып келгенде, бәрібір елдің шетелге берешегі өсе береді.

Үкімет 2020 жылы дағдарысқа қарсы бағдарламаны жүзеге асырғаны мәлім, соның аясында экономиканы қолдау және әлеуметтік міндеттемелерді орындау үшін бюджет сыртында, Ұлттық қордың 4,8 триллион теңге қаражаты шығындалды. Бұл сома азаматтарды әлеуметтік қолдауды күшейтуге, халықтың табысы аз топтарын қолдауға және кірістерін арттыруға, табысы төмен азаматтардың тұрғын үй мәселелерін шешуге, білім беру және денсаулық сақтау салаларын жақсартуға, өңірлерді дамытуға бағытталды.

Коронавирус инфекциясының таралуымен күрес шараларына 5,5-6 триллион теңге (13 млрд доллар, ЖІӨ-нің 8%-дан астамы) жұмсалды.

Нәтижесінде республикалық бюджеттің мұнай кірістеріне тәуелділігі 2020 жылы 45%-ға дейін өсіп шыға келді. Яғни Қазақстан "қара алтынға" тәуелділіктен кетпек түгіл, "мұнай инесіне" тіптен тәуелді бола түсті.

Бұл ретте елдің шикізаттық емес табысы сол бойы өспей қалған.

"2013-2020 жылдары Ұлттық қордан алынған трансферттерді есепке алмағанда, мемлекеттік бюджеттің төл кірістері өзгерген жоқ және орташа есеппен ЖІӨ-ге шаққанда 13,5%-ды ғана құрайды", – деген байлам жасады экономика ведомствосы.

Мұнайдың әлемдік бағасының төмендеуіне және Үкіметтің қарқынды шығындауына байланысты 2016 жылдан бері Ұлттық қордың валюталық активтері тоқтаусыз азайып келеді. 2016 жылы онда 72 миллиард доллардан астам қазына болса, содан 2020 жылы 58,7 млрд доллар ғана қалған. 2021 жылдың І жартыжылдығында ҰҚ валюталық активтері 57 млрд долларға дейін одан әрі кеміді. Жалпы биылғы жылдың 9 айында ол 55 млрд долларға дейін төмендеді. Яғни Үкіметтің Ұлттық қор активтерін 100 млрд долларға жеткізу жоспары жайына қалды.

Дамуын ойламаған дағдарады

Қынжылтатыны сол, Қазақстанның ысырапшылдығы тек пандемиямен ғана байланысты емес. Демек КВИ эпидемиясынан кейін де мемлекеттің бұл істе кері кетуі жалғасуы мүмкін.

"Хәкім Абай бекер мал шашуды, яғни ысырапшылдықты бес дұшпанның біріне теңеген. Ұлы бабамыздың осы өсиетін Үкімет құлағына ілмеді. Қарапайым теңеу келтірейін. Ер-азамат айына миллион теңге табыс табады делік. Оның басым бөлігін ол ойын-сауыққа, қымбат мейрамханаларда тамақтануға және басқа да ағымдағы шығындарына шығындайды. Тек 80 мың теңгесін ғана өзін-өзі дамытуға, оқуына, болашақ бизнесіне, не жинақ ретінде жинауға бөлген болады. Әрине, бұл сома ондай мақсатқа тым аз. Ертең осы адам "жетпей жатыр" деп қол жайып, ақша сұраса, ол аяуға, қолдауға лайық па? Осы сияқты Қазақстан да бар тапқанының айтуға ұят 8 пайыздайын ғана даму бюджетіне бағыттайды", – дейді экономист-ғалым Марат Ерғозин.

Мемлекеттің даму бюджетіне тым мардымсыз қаражат бағыттайтынын Ұлттық экономика министрлігі жасырмады.

"Мемлекеттік бюджет шығыстарының құрылымында ағымдағы шығындардың үлесі өте көп және ол үздіксіз өсу үрдісіне ие. Ағымдағы шығындардың үлесі 2013 жылғы 79,6%-дан 2020 жылы 83%-ға дейін ұлғайды. Инвестициялық қызметті қамтамасыз ететін және әлеуметтік-экономикалық инфрақұрылымды тұрғызуға және кеңейтуге ықпал ететін инвестициялық шығындардың үлесі керісінше, үнемі қысқарып барады. Егер 2007-2008 жылдары даму бюджетінің үлесі шамамен 30% болса, одан кейінгі кезеңде, яғни 2011 жылы оның үлесі – 24,4%-ға, 2013 жылы – 20,4%-ға, 2020 жылы 12%-ға дейін төмендеп кетті. Ал 2021 жылы небары 8,6%-ды құрады", – деген мәлімет берді ведомство.

Түсіндіре кетсек, даму бюджетіне негізінен, инновациялы, жоғары технологиялы өндірісті, сондай-ақ өндірістік емес салаларды дамытуға инвестиция салу, материалдық-қаражаттық базаны нығайту жатады.

Әрине, жағдай бұлай өрби бермеуі қажет. Әлемде қаншама мемлекет "банкрот-ел" жағдайында тіршілік етуде, олардың даму даңғылына шыға алуы енді неғайбыл. Ол – босқа мал шашпақтың, ысырапшылдықтың, қолда барды ұқсата алмаудың салдары.

Қазақстанның жағдайын жақсарту үшін ел басшылығының тапсырмасымен "2030 жылға дейінгі мемлекеттік қаржыны басқарудың тұжырымдамасы" әзірленді. Ондағы шаралар қалыптасқан жағдайды түзеуді көздейді. Одан не шығатынын тек өмір көрсетеді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу