Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Басқосуда Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралардың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын жүзеге асыру барысы қаралды.
Отырыста Мемлекет басшысының "Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым" атты сайлау алдындағы бағдарламасында көлеңкелі экономика деңгейін төмендету міндеті қойылғаны айтылды.
Бұл бағдарламаны іске асыру және бақыланбайтын экономикаға қарсы іс-қимыл аясында жұмысты жүйелі түрде жалғастыруды қамтамасыз ету үшін Үкіметтің былтыр 2023-2025 жылдарға арналған жаңа кешенді жоспарды бекіткені атап өтілді.
Нақты айтқанда, құжат мұнай және мұнай өнімдерінің, дәрі-дәрмектің, цифрлық активтердің айналымы сияқты бағыттарға қатысты іс-шаралармен толықтырылды.
Осы мәселе бойынша Қаржы мониторингі агенттігі, Қаржы, Ұлттық экономика, Сауда және интеграция министрліктері, "Самұрық-Қазына" АҚ басшыларының баяндамалары тыңдалды.
Мемлекеттік кеңесші Кешенді жоспарда қарастырылған іс-шараларды сапалы орындаудың, негізгі көрсеткіштерге қол жеткізудің, тәжірибені ескеріп, көлеңкелі қызметке бейім басқа салаларды анықтаудың және қабылданып жатқан шараларды жаңартып отырудың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Жиын барысындағы талқылауды ескере отырып, Комиссия нақты ұсынымдар әзірледі. Отырысты қорытындылай келе, Мемлекеттік кеңесші бірқатар тапсырма берді және оның орындалуы бақылауға алынды.