"Мемлекеттік қолдау тек қазақ тіліндегі контентке бөлінуі керек"

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында MEDIA HOLDING "ATAMEKEN BUSINESS" ЖШС бас директоры Қанат Сахария осылай деп мәлімдеді.  

"Мемлекеттік қолдау тек қазақ тіліндегі контентке бөлінуі керек"

БАҚ саласында қазіргі ең өзекті тақырып – контент мәселесі, сондықтан медиаменеджер осыған баса назар аудару керек деп ойын ортаға салған медиахолдинг директоры:

"Біз Ресейден артық орысша контент жасай алмаймыз. Сондықтан мемлекеттік қолдау тек қазақ тіліндегі контентке бөлінуі керек деп есептеймін. Жақсы документалистика, жақсы сараптама, сапалы ақпараттық шолу сияқты қазақша контент керек. Ал ең маңыздысы – бірде бір шетелдік контент ұлттық идеологияны бере алмайды. Осыны ұмытпауымыз керек", – деді . 

Жиында Қанат Сахария көтерген тағы бір өзекті тақырып медиа өлшемге қатысты болды. Медиаменеджердің айтуынша қаралымдарды теледидар көрермендерімен ғана өлшеуге болмайды. Статистикаға әлеуметтік желі мен ұялы телефон арқылы ақпарат алғандар бойынша да деректерді қосу керек. 

"Медиа технологиялар айтарлықтай өзгерді. Теледидар көретіндердің назары интернетке ауды. Ал медиа өлшем жасаушылар бұрынғыша ақпараттарды қабырғаға қағылған теледидар бойынша есептейді. Сондықтан медиа өнім жасаушылар мен медиа өлшем құрастырушылардың арасындағы диалог мылқау адамдардың тілдесуіне ұқсайды. Сұранысты есептегенде Youtube сынды әлеуметтік желілердің хостингтеріндегі ақпараттар мен ұялы телефондар бойынша қаралым деректерін қосу қажет", – деді Қанат Сахария. 

"ATAMEKEN BUSINESS" ЖШС бас директоры қаралым деректерін телеарналардың рейтингтері мен үлестерін есептегенде ескеру маңызды екеніне де тоқталды. Ал бұл үрдісті Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі реттеуі керек. Бұған қоса ол мемлекет қаржыландыратын міндетті телеарналар туралы сөз қозғады. Қазіргі кезде бұл тізімге мемлекеттік және шетелдіктердің қатысуы бар 15 арна кіреді. 

"Ал өткен жылы бұл тізімінен Kazakh TV шығып қалды. Бұл біздің мақтанашымызға айналған, еліміз туралы әлемге ақпарат тарататын телеарна. Алайда тізімнен шетелдіктердің қатысуы бар ақпарат көздері табылды. Оны бекітетін комиссия мұның себебін түсіндіре алмады. Бұл  – маңызды тақырып. Сондай-ақ, жуырда Нұр-Сұлтан мен Алматы әкімдіктері ақпараттық сүйемелдеу бойынша мемлекеттік сатып алу жариялады. Алайда олардың талаптары бойынша сатып алуға қатысушы осы 15 телеарнаның қатарында болуы керек. Осылайша ATAMEKEN BUSINESS сынды арналар конкурстан тыс қалады. Бұл мемлекеттік сатып алу талабына сәйкес келмейді, барлық арна тең құқылы. Мұнда анық қарама-қайшылық байқалады. Қаржылық қолдау мемлекеттік ақпараттық идеология жүргізілетін арналарға көрсетілуі керек", – деді медиаменеджер.

Құралай Құдайберген


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу