Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның сөзінше, қаржы жағдайы нашарлауының алғашқы белгілері пайда болған кезде банктер күшейтілген қадағалауға алынады. Мұндай шаралар банктер және банктік қызмет туралы жаңа заң жобасында қамтылған.
"Үш сатылы жүйені енгізу көзделіп отыр. Атап айтқанда, күшейтілген қадағалау, қаржылық тұрақтылықты қалпына келтіру және реттеу режимі. Қаржы жағдайы нашарлауының алғашқы белгілері пайда болғанда, банк күшейтілген қадағалауға алынып, қалпына келтіру жоспарлары жаңартылады. Егер жағдайы одан әрі нашарласа, қаржылық тұрақтылықты қалпына келтіру режимі іске қосылып, тұрақтандыру шаралары қолданылады. Банк төлемге қабілетсіз деп танылса, реттеу механизмі іске қосылады, бұл уақытша әкімшілік тағайындауды қамтиды", - деді агенттік басшысы.
Бұл шаралардың негізгі мақсаты – мемлекеттік қолдауды қолдануды барынша азайту. Яғни, ол тек жүйелік маңызды банктер үшін ғана қолданылуы мүмкін.