Мәжіліс "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оларды Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларына сәйкес келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Заң жобасы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов баяндама жасады.
Айтуынша, құжат Конституциялық соттың 2023 жылғы 13 маусымдағы нормативтік қаулысын жүзеге асыруға бағытталған.
"Осы нормативтік қаулыға сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңның 13-бабы мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берген адамдарға теңестірілген барлық адамдарға кәсіпкерлік қызметке құқықты шектеу бөлігінде Конституцияға сәйкес келмейтін болып танылды. Яғни, мемлекеттік қызметшілерге теңестірілген адамдар кәсіпкерлік қызметпен айналысуға мүмкіндігі болады. Мұндай адамдарға республикалық мемлекеттік кәсіпорындарда, коммуналдық кәсіпорындарда, коммуналдық мемлекеттік мекемелерде, оның ішінде мектептерде, ауруханаларда басқару функцияларын жүзеге асыратын адамдардар жатады. Бірінші басшылар, олардың орынбасарлары, бас есепшілер, мемлекеттік сатып алу департаментінің басшылары, филиалдардың басшылары", - деді Ұлан Сарқұлов.
Бұдан басқа бұрынғыдай теңестірілген адамдар арасынан кейбір адамдарға кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тыйымды сақтау ұсынылады.
"Олар аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері; Ұлттық Банктің, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымның қызметшілері; мұндай компаниялар қызметінің стратегиялық бағытына байланысты ұлттық холдингтердегі, ұлттық компаниялардағы басқарушыларға. Бұрынғыдай аталған ұйымдардың, ұлттық компаниялар мен ұлттық холдингтердің қатардағы қызметкерлері заңмен тыйым салынбаған кез келген кәсіпкерлік қызметпен айналысуға құқылы. Өйткені олар мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдарға жатпайды", - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары.
Алайда егер бұл олардың қызметтiк мiндеттерiн орындауына кедергi келтiрсе, қызметтiк мүлiктi пайдалануға әкеп соқса немесе мүдделер қақтығысын тудырса, коммерциялық ұйымның қызметiне қатысуға, кәсiпкерлiк немесе өзге де ақылы қызметпен айналысуға құқығы жоқ.