Мемлекеттік қызметтің беделін түсірген төрт павлодарлық орнынан алынды

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Павлодар облыстық департаменті 2019 жылдың қорытындысын шығарды. 

Мемлекеттік қызметтің беделін түсірген төрт павлодарлық орнынан алынды

Былтыр Павлодар облысында мемлекеттік қызметтің беделін түсірген жеті адамға тәртіптік жаза қолданылды. Оның ішінде мемлекеттік органдарды басқарып отырған төрт адам орнынан алынған. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Павлодар облыстық департаментінің мамандары хабарлады.

Департаменттің мемлекеттік қызмет саласын бақылау басқармасының басшысы Ерлан Төлегеновтің айтуынша, былтыр Әдеп жөніндегі кеңес 8 отырыс өткізіп, 104 мәселені қарастырған. Оның 38-і – тәртіптік іс.

"Әдеп жөніндегі кеңес 38 тәртіптік іс бойынша 24 мемлекеттік қызметкерге тәртіптік жаза тағайындау туралы ұсыныс жасады. Әдеп кодексін бұзғаны үшін 10 адам ескерту жасалып, екеуі сөгіс алды. Ал төрт қызметкерге қатаң сөгіс жарияланды. Біреуі қызметінен босатылды", – деді Ерлан Төлегенов.

Ресми деректерге сүйенсек, 2020 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша, Павлодар облысында 426 мемлекеттік орган жұмыс істейді. Аталған мекемелердегі жалпы штат саны – 5 089 адам. Оның ішінде саяси мемлекеттік қызметшілердің саны – 19, әкімшілік мемлекеттік қызметшілер саны – 5 070 адам. Ал нақты қызметкерлер саны 4 562 адамды құрады. Бұл жалпы штат санының 89,6 пайызы. 527 бос орын бар. Бұл жалпы үлестің 10 пайызына тең.

"Павлодар облысындағы мемлекеттік қызметшілердің 65 пайызы – әйелдер. "В" корпусындағы әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы – 39,9 жас. 29 жасқа дейінгі жастардың саны – 19 пайыз. Сонымен қатар, Павлодар облысында "Болашақ" бағдарламасымен білім алған 8 адам, Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын тәмамдаған 16 адам жұмыс істейді. Жалпы, 80 адам шетелде білім алып келген", – деді департаменттің Мемлекеттік қызмет баскармасынын басшысы Сәния Хасенова.

2019 жылы Павлодар облысындағы мемлекеттік қызмет жүйесінен 301 адам босатылған. Бұл жалпы қызметкерлер үлесінің 6 пайызына тең. Олардың дені квазимемлекеттік және жекеменшік секторларға ауысқан.

"Былтыр 1 495 мемлекеттік қызметші оқытылды. 1671 бос орынға конкурс жарияланған. Оның қорытындысы бойынша 937 вакансия жабылды", – деп нақтылады Сәния Хасенова.

Мемлекеттік қызмет көрсету реестріне сәйкес, халыққа 823 қызмет көрсетіледі. Оның ішінде Павлодар облысындағы мемлекеттік органдар 408 қызмет ұсынады. 2019 жылы 7 млн-нан астам қызмет көрсетілген. 2018 жылмен салыстырғанда қызмет көрсету үлесі 19 пайызға артқан. Бұл ретте, электронды қызметтердің үлесі 12 пайызға өскен. 7 млн-нан аса қызметтің шамамен 6 млн-ы электронды түрде көрсетілген.

"Мемлекеттік қызмет көрсету саласына жүргізілген тексерулер нәтижесінде 3 мыңнан астам кемшілік анықталды. Әсіресе, кемшіліктер ауыл шаруашылығы, әлеуметтік салаларда көптеп орын алған. Бұл ретте, тұрғындардан 42 өтініш келіп түсті. Бес өтініш бойынша тексеріс жүргізілді. 10 факті бойынша кемшілік расталды. Олардың басым бөлігі жер қатынастары саласына қатысты. 10 жауапты тұлғаға тәртіптік жаза тағайындалды", – деді департаменттің Мемлекеттік қызмет көрсету басқармасының басшысы Аягөз Мүсәпірова.

Былтыр мемлкеттік қызмет көрсету бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы 17 хаттама толтырылды. Кемшіліктерге жол берген мемлекеттік қызметшілерге 500 мың теңге көлемінде айыппұл салынған.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу