Бір қызығы, дау-дамай туғызған көлікті мемлекеттік мекеме сауда-саттыққа қойған. Қымбат көліктің жарнамасын көріп қызыққан Юрий Джуманияс Астана қаласының мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті ұйымдастырған сауда саттыққа қатысады.18 қатысушыны басып озып, 4 млн 800 мың теңгеге жуық қаражатқа Тойота Ландкрузерді сатып алған. Сол кезде көлік алып қуанған қарағандылық кейін басының пәлеге қалатынын ойламапты. Ол бірден темір тұлпарды автокөліктерге арналған халыққа қызмет көрсету орталығына тіркетуге алып барады. Осы жерде күтпеген жағдай орын алып, төбесінен жәй түскендей күй кешкен. Тойота Ландкрузерді тексерген полиция қызметкерлері оның ұрланғанын әрі қосалқы бөлшегінің нөмірінің түзетілгенін айтқан. Осыдан соң тәртіп сақшылары көлікті айыппұл тұрағына апарып қойған. Бүгінде Юрий Джуманияс не көлігіне, не ақшасына қолы жетпей санын соғып отыр.
"Мен түксіз қалдым. Көлікке төлеген қаражатым қазынада қалды. Машина айыппұл тұрағында тұр. Менің қолымда қазір ештеңе қалмады. Ешкім мені тыңдағысы да келмейді, барлығы қашқақтай береді. Олар маған емес, мен оларға қарыз сияқтымын", – деп қынжылады көлік сатып алған қарағандылық.
Көлік сатылған сауда-саттықты Астана қаласының мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті ұйымдастырған. Департамент өкілдері "бұл мәселеге Астана қаласының әділет департаменті жауапты, көлік солардың иелігінде болған" деп сілтепті. Полиция қызметкерлері Юрий Джуманиясқа "бұл автокөлік Ақтөбеде ұрланған болуы мүмкін, кейін темір тұлпарға иелік еткен адамнан сот шешімі арқылы мемлекет пайдасына өткен " деп мәлімдеген. Бүгінгі күнде көлік айыппұл тұрағында тұр.
Мемлекеттен көлік сатып аламын деп басы дауға қалған қарағандылық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті сату-сатып алу келісімшартының күшін жойып, ақшамды қайтарсын деп сотқа арызданған. Ол көлікке төлеген ақшаға қоса моральдық шығындармен өзге де залалдарын есептеп, жалпы соммасы 5,5 млн теңге қайтарсын деп отыр.
Қымбат көліктің аукционға шығарылмай тұрып мемлекеттік органдардың тіркеуінен қалай өткені беймәлім.
Сотқа сауда саттықты ұйымдастырған мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті жауап беруші ретінде қатысты. Департамент өкілдері "бізден заң бұзушылық кеткен жоқ көлік иелігінде болған әділет департаменті жауап берсе, әділетті болар еді" деген пікірін білдіреді.
"Нысанды теңгерімге ұстаушы әділет департаменті және әкімшілік полиция, олар бүгінгі процесске қатысуы керек деп ойлаймыз. Өйткені бұл көлік тіркеуші органдардан қалай тіркеуден өтті, теңгерімге қалай алынды. Осының барлығын сот шеңберінде айқындап алған дұрыс", – дейді Астана қаласының мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің кадрлық және құқықтық қамтамасыз ету қызметінің бастығы Қаблан Қамбарбеков.
Бүгінде Астанадағы мемлекеттік құрылымдарда осы жайтқа байланысты тексеріс өткізілуде. Алайда күні бүгінге дейін ұрланған көліктің қалай әділет департаментінің иелігіне өтіп кеткендігі анықталған жоқ.
Арайлым Еркебаева