Мемлекеттік рәміздер – татулық пен тұтастықтың риясыз көрінісі

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, біздің қасиетті нышандарымызда қазақтың мың жылдық арман-тілегі, мақсат-мұраты түгел тоғысқан. 

Мемлекеттік рәміздер – татулық пен тұтастықтың риясыз көрінісі Фото: gov.kz

Бір ғана мысал, Көк байрағымыз – мызғымас мемлекеттіліктің белгісі, Елтаңбамыз – азаттықтың айшықты көрінісі, Әнұранымыз – еркіндік пен елдіктің үні, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Осылайша, Тәуелсіздіктің осы үш символы халқымызға ерекше рух беруін жалғастырып келеді. Өйткені, бұл – ата-бабаларымыздың сан ғасыр бойғы орындалған арманы.

Негізінен, еліміздің басты құндылықтарын құрметтеу, қадірлеу – бәріміздің перзенттік парызымыз. Рәміздерімізді елдігіміздің ұраны, нақты көрінісі, патриоттығымыздың бастауы, Отанымыздың мақтаныш символы ретінде жер-жаһанға таныта түсуіміз қажет.

Биыл – мемлекеттігіміздің символдарының қабылданғанына 32 жыл. Тарихқа сәл шегініс жасасақ, 1992 жылдың 4 маусымында Тәуелсіз қазақ елінің мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітілген еді. Ал 2007 жылдың 4 маусымынан бастап қазақстандықтар бұл күнді "Мемлекеттік рәміздер" күні ретінде мерекелеп, тойлап келеді. Әлбетте, бұл – ерекше дата. Оны ұғына білу керек, сезіне білу шарт. Ел Президенті мемлекеттік рәміздерде бүкіл Қазақстан халқын біріктіретін, жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайтатын құдіретті күш бар екенін осыған дейін бірнеше рет атап өтті.

Мемлекеттік ту Қазақстанның еркіндігі мен біртұтастығының айғағы болса, Елтаңба біздің жүріп өткен тарихи жолымыз бен бірлігіміздің символындай. Ал Әнұран Отанға деген мақтаныш пен сүйіспеншілік сезімін оята түседі.

Мызғымас мемлекеттігіміздің белгілері

Биыл ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы "Атамекен" этномемориалды кешенінде Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты. Онда құрмет қарауылының бастығы салтанатты іс-шараға дайындығы туралы Президентке рапорт беріп, содан соң еліміздің әнұраны шырқалып, көк байрағымыз көкке көтерілді.

– Ұлт рәміздері – Тәуелсіздігіміздің киелі бойтұмары. Елтаңба, Ту және Әнұран – мызғымас мемлекеттігіміздің белгісі. Қастерлі нышандарымыз Қазақстанның егемен ел, еңселі жұрт екенін жер жүзіне әйгілейді. Байрағы биік елдің рухы асқақ болады. Сондықтан, біз осы мейрамға орай жыл сайын көк Туымызды биікке көтереміз. Бабаларымыз "Туыңды тік ұста!" деп өсиет қалдырды. Осы аманатқа адал болу – баршаға ортақ парыз. Бүгінде көк байрағымыз қастерлі Отанымыз – Қазақстанның бейбіт аспанында желбіреп тұр. Оны кейінгі ұрпаққа табыстау – қасиетті борыш.

Биыл жауынгерлеріміз бітімгерлік миссиясын көк байрақтың астында тұңғыш рет дербес орындап келді. Азаматтарымыздың, мемлекетіміздің осындай жетістіктері Қазақстанның қуатты әрі жасампаз ел екенін көрсетеді. Мемлекеттік рәміздер – ел мақтанышы. Елтаңбамыз, көк Туымыз бен Әнұранымыз әр азаматтың жүрегінен ерекше орын алады. Бұл – нағыз отаншылдық белгісі. Ұлт нышандары – халқымыздың болмыс-бітімінің айнасы, жарқын болашағымыздың кепілі, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Мемлекет басшысының сөзінше, қазір көк Туымыздың беделін бүкіл әлем мойындайды, таниды. Байрағымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде тұр. Оны альпинистеріміз жер шарындағы ең биік шыңдарға көтерді. Спортшыларымыз да талай мәрте жеңіс тұғырына шығарды. Сол себепті, еліміз ірі спорт державасына айналып үлгерді.

– Гимн, мемлекеттік ту, елтаңба адамға, кез келген спортшыға рух береді деп ойлаймын. Оны әлемдік аренада шырқату, өз еліңнің абыройын үстем ету – үлкен мәртебе, үлкен бақыт. Шыны керек, әлемде өз елі жоқ ұлттар бар. Ал біздің еліміз, тіліміз, дініміз, діліміз бар. Шекарамыз шегендеулі, гимніміз шырқалады, мемлекеттік туымыз көк аспанда желбірейді, елтаңбамыз өз ерекшелігін танытады. Бұл – біздің бағымыз. Осы көк туды желбіретіп, әнұранды шырқату – әрбір спортшы үшін, әрбір Қазақстан Республикасының азаматы үшін мақтаныш, мәртебе. Мен осындай мәртебеге ие болғаныма қуанамын, мақтанамын!

Елдің спортшылары әлемдік, халықаралық жарыстарда, турнирлерде көк туымызды желбіретіп, мемлекеттік гимніміздің шырқалуына бар күш-жігерін аямай келеді. Бізге сенген барлық жанкүйердің үмітін ақтауға тырысамыз, – дейді Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, бірнеше әлем чемпионатының жүлдегері, кәсіпқой және әуесқой боксшы Қамшыбек Қоңқабаев.

Осылайша, біздің мемлекеттік рәміздеріміз – Ту, Елтаңба, Гимн бір сәтте ғана ғайыптан пайда болмағанын еске салайық, олар сан ғасырларды артта қалдырды, сосын ғана бекіді. Рәміздер – Қазақстан атты дербес мемлекеттің әлем картасында, жер-жаһанда бар екенінің бірегей белгісі.

Халықаралық іс-шараларда, спорт жарыстарында, ірі турнирлерінде ел мерейі үстем болған сәтте көк байрағымыз биіктеп, Әнұранымыз шарықтайды. Бір ғана мысал, Ташкент қаласында өткен Әлем чемпионатында Қазақстан жанкүйерлерінің Әнұранымызды әуелете шырқағаны әлеуметтік желілерде кеңінен тарады, ол көпшіліктің көңілін көкке көтерді десек, артық айтқандық емес. Мұндай көріністер адамға рух береді, патриотизмді оятады, елдің өркендеуіне үлесін қосып, халықты жасампаздыққа ұмтылдырады, мызғымас бірлікке ұйыстырады, қажырлы еңбекке жетелейді, жетістіктерге үндейді.

Мемлекеттік рәміздер – Тәуелсіздіктің үш символы

"Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы" Конституциялық Заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Осы Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді.

Мемлекеттік рәміздер – бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырағысыз атрибуттарының бірі. Қазақстан Республикасында Мемлекеттік ту, Мемлекеттік елтаңба және Мемлекеттік гимн –мемлекеттік рәміздер.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы

Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туының авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы – дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде "Qazaqstan" деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ "Qazaqstan" деген жазу – алтын түстес.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік елтаңбасының авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік гимні

Бұрын "Менің Қазақстаным" әні ретінде танымал болған Қазақстанның гимні Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша 2006 жылы 6 қаңтарда еліміздің Парламентінде бекітілді. Бірінші рет ол 2006 жылы 11 қаңтарда Мемлекет басшысының салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды.

Әннің авторы Шәмші Қалдаяқов, сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев.

Елтаңбаның әрбір сызығында, әрбір белгісінде мән бар

Төрдегі алтын қанатты пырақ көмкерген Елтаңбамыз, көгіміздегі күн бейнелі көк байрағымыз, рухымызды көкке көтеретін Гимніміз халқымызды Тәуелсіздік мұраттарына адал болуға, жанашыр болуға шақырады. Бұл туралы журналист Нұрлат Байгенже айтып отыр.

Қаламгер елтаңба авторының бірі – Жандарбек Мәлібековпен бірнеше рет дидарласқанын еске алады.

– Қазақстанның елтаңбасы – ұлттық таным мен тағылымды тұтастыра бейнелейтін, ел рухын айшықтайтын қасиетті рәміз. Онда халқымыздың дүниетанымы, өмір сүру салты мен арман-мұраты көркем символдар арқылы өрнектелген. Шаңырақ – ортақ үйдің, бірліктің белгісі болса, уықтар – татулық пен тіршіліктің тұтқасы. Ал қанатты пырақ – азат рухтың, еркіндіктің, асқақ мұраттың символы ретінде танылған.

Елтаңбаның әрбір сызығы, әрбір белгісі – ұлттың өткені мен бүгініне, келешекке деген сеніміне негізделген. Бұл – жай ғана көркем безендіру емес, бұл – халықтың рухани коды, тарихи жады, мәдени тұтастығы мен мемлекеттіліктің мәңгілік белгісі.

Мұндай символикалық терең мағынаны тану мен түсіндіруде елтаңба авторының бірі – Жандарбек Мәлібековтің ұлт тарихын терең білуі, тарихи танымы ерекше рөл атқарғаны сөзсіз. Жандарбек ағамызбен бірнеше мәрте сұхбаттасудың сәті түсті. Сонда байқағаным – ол ортағасырлық Сығанақ шаһарының іргесіндегі ауылда туғанын мақтанышпен айтатын. Демек, мұндай таным мен тереңдік текті топырақтан дарыған қасиет деп ойлаймын.

Өткен жылы "Елтаңбаны өзгерту керек" деген пікірлерді естігенде, шынымды айтсам, алаңдап қалдым. Мұндай ұсынысты дұрыс деп санамаймын. Өйткені, қазіргі елтаңба – ұлттың өткені мен бүгініне ғана емес, тарихына, болмысына, рухына терең бойлайтын символ. Ол – ұлттың өзін-өзі тануы мен танытуының көрінісі, – дейді ол.

Татулық, тұрақтылық, достық: Бұл – мемлекеттің іргесін бекемдейтін қасиетті құндылықтар тізімі

Дана қазақ халқы әлімсақтан бері бейбіт өмірді, достықты, татулықты, ынтымақ пен бірлікті ерекше қадірлейді, бағасына жетуге тырысады. "Бірлік бар жерде – тірлік бар" деген нақыл сөз ел болашағын баянды етудің басты алғышартын айқын көрсетеді. Тәуелсіз Қазақстан дәл осы ұстанымды басшылыққа ала отырып, көпұлтты мемлекет ретінде түрлі этностың ортақ мүдде, ортақ құндылықтар аясында өмір сүруіне жағдай жасап келеді. Бұл – қазіргі уақытта еш дәлелдеуді қажет етпейтін құбылыс.

Қазақстан халықаралық аренада да бейбіт бастамаларымен танылып, өз іс-әрекеті арқылы дараланып отыр. Мысалы, ядролық қарусыздану, диалог арқылы шиеленісті шешу – еліміздің тұрақты ұстанымдарының бірі. Бұл – еліміздің ішкі татулығы мен сыртқы саясаттағы сенімді серіктес ретіндегі беделін көрсетеді.

Татулық, тұрақтылық, достық. Бұл – тек сөз емес, мемлекеттің іргесін бекемдейтін қасиетті құндылықтар тізімі. Осыларды көздің қарашығындай сақтау керек. Келер ұрпаққа мұртын бұзбай аманаттасақ, бір борышымызды өтегендей әсер аламыз.

– Сарбаздармен жұмыс істеп келе жатқаныма 3 жылға жуықтады. Олардың патриоттық сезімін күшейтіп, Отанға деген адалдықты, тұрақтылықты сезіндіре білу командирдің басты мақсаты екенін жақсы білемін, терең түсінемін. Сарбаздардың жігерін шыңдау үшін батырларымыздың жүріп өткен жолын, игі істерін, ерлігін реті келгенше айтып отырамыз. Патриоттық өлеңдер тыңдатып, әрдайым әнұранымызды шырқатамын. Тәуелсіздіктің шын мәнінде бізге қалай жеткенін, оның маңызын жеткізуге тырысамын. Оларға әрдайым моральдық, психологиялық тұрғыдан көмектесемін.

Қазіргі жас сарбаздардың өмірге деген көзқарасын дұрыс бағытқа өзгертіп, шын мәнінде "Отан – отбасың" деген сөздің маңызын түсіндіреміз. Ең бастысы, қарулас досқа деген адалдық, жанашырлық қандай маңызды рөль атқаратынын білуі, ұғынуы тиіс. Кейде батырларымыздың ерлігінен сыр шертіп, патриоттық әңгімелерге кезек береміз. Сондай бір уақыттарда намыстанып, көзіне жас алған сарбаздар да болды. Әскердегі әр сарбазға: "Әр адам – бір тұлға, адам өмірдегі өз құнын түсірмеуі керек. Қазақ елінде, қазақ жерінде туғанымызды мақтан етуіміз керек" деп жиі-жиі айтамын.

Сарбаздардың әрбірі Қазақстанның жарқын болашағына үлес қосатын тұлға болып қалыптасатынына менің сенімім мол. Әскер – олардың өміріндегі ең соңғы әрі темірдей тәртіпке бағыттайтын мектеп. Мұны сарбаздар жақсы түсінеді, – дейді №5547 әскери бөлімі Жеке атқыштар ротасының 1-взвод 2-бөлімше командирі, сержант Бейбіт Бейғали.

Бірлік пен тұрақтылық – ел болашағының кепілі

Бүгінде Қазақстанда көптеген ұлт пен ұлыс өкілі тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Мұны ұлтаралық келісім мен ішкі тұрақтылықтың нақты көрінісі деуге болатын шығар. Мемлекетімізде әрбір азаматтың тіліне, дініне, мәдениетіне құрметпен қарау дәстүрге айналды. Сайып келгенде, осының бәрі ел ішіндегі тыныштықты, бейбіт өмірді қамтамасыз етеді әрі оны жалғай түседі.

Әлбетте, тұрақтылық бар жерде даму да төбе көрсетеді. Экономикалық өсім, әлеуметтік тұрақтылық, мәдени өркендеу тек бірлік пен бейбіт өмірге негізделеді. Сол себепті, ел ішіндегі татулықты сақтау – тек билікке емес, әр азаматқа жүктелетін ортақ жауапкершілік.

Осы орайда, біз Ассамблея жастар РҚБ-нің Қызылорда облысы бойынша жетекшісі Елена Пакты әңгімеге тартқан едік. Ол елдегі татулық пен бірліктің үлгісіне кеңінен тоқталып өтті.

– Қазақстан – бір шаңырақтың астында түрлі этнос өкілі тату-тәтті өмір сүріп жатқан бейбіт ел. Бұл бірлік пен ынтымақтың негізін қалаған маңызды институттардың бірі – Қазақстан халқы Ассамблеясы. Биыл бұл құрылымға 30 жыл толып отыр. Бұл – тек сан емес, еліміздегі бейбітшілікті, тұрақтылықты сақтауға арналған үлкен еңбек пен табандылықтың жемісі. Еліміздегі барлық этносты бір мақсатқа, бір мүддеге біріктіріп отырған маңызды алаң. Әртүрлі ұлт өкілінің мәдениеті мен дәстүрін сақтауға мүмкіндік беріп ғана қоймай, оларды ортақ құндылықтармен ұштастырады. Бұл – еліміздің ішкі тұрақтылығы мен қоғамдық келісімнің берік негізі.

Сонымен қатар, көптеген игі бастаманың ұйытқысы болып отыр. Жыл сайын түрлі форумдар, конференциялар, этномәдени шаралар өткізіліп, жастар арасында толеранттылық пен патриоттық рухты тәрбиелеу жолында жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл – Ассамблеяның болашаққа бағытталған нақты қадамдарының көрінісі. Еліміздегі әрбір азаматтың өзін Қазақстан қоғамының бір бөлшегі ретінде сезінуіне жағдай жасайды.

Қорытындылай келе, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойы – бұл еліміздің дамуы мен бейбіт өмірінің символы. Бірлік – ел болашағының кепілі. Біз осы бірлігімізді бағалап, ынтымақ пен татулықты әрдайым сақтауымыз керек. Тек сонда ғана Қазақстан биік белестерді бағындырып, жарқын болашаққа нық қадам басады, – дейді ол.

Айтыскер ақындар татулықты, бірлікті жырлайды

Ал айтыскер ақын Тұрар Шайдуллаұлы ұлттық өнердегі әріптестерінің бейбітшілікті, татулықты жырға қосатынын айтты. Оның сөзінше, көрермендер әлбетте ақынан шындық күтеді. Бірақ, елдегі игі істерді, атқарылған жұмыстары да ақынның аузынан естігісі келетіндер көп.

– Береке басы – бірлік. Бұл – уақыт дәлелдеген өмір шындығы. "Бірлікте кеседегі су сияқты, бір тамшысы қалмайды шайқай берсең" деген алдаспан сөз бар. Мұның астарында аласармас ақиқат жатыр.

Біз талай аламан айтыста ел қошеметіне бөлендік. Ерлікті, елдікті жырға арқау еттік. Сондай сәттерде бірлікті жырлаған ақынның асығы алшы түсіп, абыройға кенеліп жататын.

Қазақ халқының өмірлік тәжірибесінде бірліктің маңызы орасан зор. Қазақ өз тарихында бірліксіз тірлік қылғанда ғана қапыда қалып отырған. Оған кешегі жаугершілік замандарды айтпағанның өзінде қай істе де ымыралы ынтымақтың жөн жобасын түсінген. Жалпы, айтыста айтқан бірлік ол – қоғамның бір қолдың саласындай, бір үйдің баласындай берекеде болуы, үйде де, түзде де бірліктің болуы аса маңызды нәрсе. Ол белгілі бір топтың, ұжымның, халықтың, жалпы адам баласының мақсат, мұрат, мүдделері тоғысынан туындайды. Қазақ халқы бірліктің күнделікті тіршіліктегі орны мен маңызын "Бірлік болмай, тірлік болмас" немесе "Бірлік түбі – береке, "Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді" деген түрлі мысалдармен негіздеп, нұсқап отырған.

Бір аймақтық ақындар айтысында:

Бұйырмай туған елдің топырағы,

Қаншама ер өзге елде жатыр әні.

Сөгіліп соны ойласам қос қабырғам,

Төгіліп кетеді ойдың запыраны.

Бір жұтым Отан суын ақтап ішкен,

Елім деп елдік үшін отқа түскен.

Жұртына күн секілді шуақ берген,

Жаңғырттым есімдерін мақтанышпен, – деп ерлік, елдік мәселеле төңірегінде айтқан едім.

Ойлап қарасаң, қайсы бір заманда болмасын, қазақ жеткен жетістігіне береке-бірліктің арқасында қол жеткізіп отырған. Сондықтан, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні жауырындай тұтасқан ел бірлігі жасай беруіне тілекшіміз, – дейді ол.

Егемендігіміздің мәңгілік үштағаны

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Мемлекеттік ту көтеру рәсімінде оқуын үздік бітірген курсанттарға ту түбінде шен тапсыру жақсы дәстүрге айналғанын айта келіп, жас сарбаздарға жалынды сөз арнаған еді.

– Көк байрақ жауынгерлерге айрықша күш-жігер береді, отаншылдық рухын көтереді. Осындай сәттерде әр азамат туған елге қызмет ету перзенттік парызы екенін терең ұғынады. "Тұлпар мініп, ту алған" жаужүрек батырлардың ұрпағы екенін сезінеді. Отан күзетінде тұрған ұландарымызды баһадүр бабалардың бүгінгі ізбасары деуге болады. Қастерлі Туымызды әрдайым тік ұстаңыздар! Мен бұған кәміл сенемін! Байрағымыз биікте желбіресін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! – деген еді сол кезде Мемлекет басшысы.

Шыны керек, бір мүдде, бір мақсат жолында ұйысып, ынтымағы жарасқан елдің бірлігін сақтау – бәріміздің азаматтық парызымыз, борышымыз.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы бір сөзінде "Егемендігіміздің мәңгілік үштағаны – байтақ жерімізді, қастерлі тілімізді және береке-бірлігімізді көздің қарашығындай сақтауымыз керек" деп қадап айтқан болатын.

Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында сөйлеген сөзінде: "Былтыр еліміздің рухани және тарихи-мәдени ордасы – Түркістанда жаңа "Достық үйі" ашылды. "Достық үйлері" тағы бірнеше қала мен аудан орталығында ашылады деп жоспарлануда. Мен бұл бастаманы қолдаймын. Біз қоғамдық келісім инфрақұрылымын біртіндеп кеңейте беруіміз керек" деп қоса кеткен-ді.

Осы уақытта республиканың түкпір-түкпірінде "Достық" үйлері бой көтеріп жатыр. Бұл ғимараттардың аты затына сай болуы үшін мемлекеттік саясатпен қатар, ел тұрғындарының ауызбіршілігі, бір-біріне деген жанашырлығы ауадай қажет.

Қорытындылай келгенде, "тыныштықтан асқан байлық жоқ" деген ой-пікірге тоқтаған дұрыс секілді. Шыны керек, жер-жерлерде қақтығыс, соғыс өрті әлсін-әлсін тұтанып тұр. Мұндай сәтте "Қара су ішіп отырсаң да, қайғысыз күнге не жетсін?" деп әндетуге болатындай. Әр ел азаматы – ұлтының патриоты, жанашыры. Ол мемлекет қамтамасыз етіп берген тұрақтылықтың, тыныштықтың қадірін білуі шарт. Еліміздің басты құндылықтары – мемлекеттік рәміздерді де құрметтеуге, қадірлеуге міндетті. Сүттей ұйып отырған Қазақстан халқы шет мемлекеттерде қай кезде де еңсе көтеріп, еркін жүре алады. Сайып келгенде бұл да – мемлекетіміздің әлем елдері арасындағы беделі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу