Оған сәйкес, ҚДБ ел бюджетінен су-тегінге, 0,15%-бен ақша алған, артынша оны отандық кәсіпорындар мен инвесторларға 9-11%-дан таратып, астатөк, шектен тыс көп табыс тауып отыр.
Елде "Қазақстанның Даму банкі" АҚ (ҚДБ) атты мемлекеттік банк бар.
Сол сайтта жазылғандай, Банктің басты миссиясы – экономиканың шикізаттық емес секторын тұрақты дамыту және экономиканың өсуін қамтамасыз ететін инфрақұрылым құру есебінен ұлттық әл-ауқатты жақсарту. Сондай-ақ, импорт алмастыру, экспорттық әлеуетті арттыру, жоғары әлеуметтік-экономикалық әсері бар өңдеуші өнеркәсіп жобаларын қаржыландыру да соған жүктелді.
Егер ҚДБ осы тарихи миссияны жүзеге асыруға сүбелі үлес қосқанда, қазақстандықтар шетелдік импорттық тауарлардан бас тартып, төл тауарларымызға жаппай көшетін еді. Еліміздің әр өңірі өңдеу кәсіпорындарына толатын еді.
Неге тарихи миссия жарға жығылды? Жауабын Жоғары аудиторлық палата берді. Бұған дейін ЖАП-тың "ревизорлары" отандық өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілерін ынталандыру саласындағы мемлекет саясатына ауқымды аудит жүргізген болатын.
Тексергенде, ҚДБ-ның ала қойды бөле қырқатыны – жекелеген компанияларға тіпті төл салалық даму тұжырымдамасында бекітілген шекті мәндерден де арзан ставкамен кредиттер тарататыны анықталды.
Аудиторлардың пікірінше, бұл мемлекеттік қолдау шараларына алуда теңсіздік туғызды. Көптеген отандық өндіруші мемлекеттен өзіне тиесілі көмек ала алмай тауы шағылған.
Салдарынан, "Қазақстанның Даму банкі" АҚ-ның 5 жылдағы барлық кредиттік, лизингтік және инвестициялық портфельдерінің жартысы осы артықшылық берілген, привилегиялы топтарға үлестіріліпті.
ЖАП байламынша, бұл "ҚДБ-ның іс жүзінде "таңдаулы тұлғалар тобына арналған жеке банк" болып қала бергені көрсетеді". Осы теріс тәсіл арзандатылған бюджеттік қаражатқа барлық отандық бизнес өкілдерінің тең қол жеткізуі және ақшаны әділ бөлу қағидаттарын бұзды.
Осыған байланысты Жоғары аудиторлық палата барлық заемшыға бірдей болатын, нақты бекітілген пайыздық ставка енгізуді ұсынды. Сонда бұл мемлекеттік банкке өзі белгілеген ішкі бағалаулары негізінде кейбір клиент үшін мөлшерлемені төмендетуіне мүмкіндік бермейді.
Аудиторлардың қаһары нәтиже әкелді, ҚДБ олардың талабына мойынсұнды.
"Нәтижесінде, ҚДБ директорлар кеңесінің шешімімен, өңдеу өнеркәсібі жобаларының айналымдық капиталын қаржыландыру мен экспорттаушыларды қолдау бағдарламаларына өзгерістер енгізілді. Бұл өзгерістер барлық түпкілікті қарыз алушылар үшін жылдық 7% болатын бірыңғай сыйақы ставкасын енгізуді көздейді", – деп хабарлады ЖАП.
Сонымен қатар, аудиторлар Қазақстан Даму Банкінің бюджет қаражатын бар-жоғы жылдық 0,15% ставкамен алып, кейіннен қарыз алушыларға 9-11%-бен кредит түрінде таратып келгені жариялады.
"Бұл банктің шектен тыс қаржылай пайда табуына және мемлекет үшін кірістің мардымсыздығына соқтырды. Осыған байланысты Жоғары аудиторлық палата бюджеттік кредиттеу шарттары бойынша пайыздық мөлшерлемелерді қайта қарауды ұсынды. Премьердің 2025 жылғы 15 ақпандағы хаттамалық тапсырмасымен ҚДБ-ны бюджеттік кредиттеу ставкасын 2025 жылдан бастап 1%-ға дейін арттыру тәсілдері мақұлданды", – деп мәлім етті палата.
Яғни, мемлекеттік банкке республикалық бюджеттің қаржысы жылдық 0,15%-бен емес, 1% ставкамен беріледі.
ЖАП басқа да тапсырмалары мен ұсынымдары "толық орындалғанға дейін" жағдай өз бақылауында болатынына сендірді.
Банкирлер не дейді?
"Бәйтерек" холдингінің еншілес құрылымы саналатын ҚДБ Жоғары аудиторлық палатаның айыптауларына түсініктеме берді. Банк барлық шағымдар өздеріне емес, шенеуніктерге бағытталуы керек деп санайды.
"ҚДБ өз бағдарламалары аясында ұсынатын мөлшерлемелер уәкілетті меморгандар бекітіп берген қаржылық-экономикалық негіздемелердің параметрлеріне қатаң сәйкес келеді. Бағдарламалар әкімшілері – салалық министрліктер. Біздің сыйақының шекті ең жоғары ставкасын да солар белгілейді. Бюджеттік өтінімді қалыптастыру кезінде сыйақының шекті ең жоғары ставкаларын есептеу бізге тартылатын нарықтық және бюджеттік қарыздың үлесі мен орташа өлшенген кредиттік рейтинг негізінде жүзеге асырылады", – деп мәлімдеді ҚДБ.
Ол төл сыйақы ставкасын айқындау үшін тәуекелдерді басқарудың халықаралық тәсілдерін, оның ішінде Standard & Poor's, Moody's және Fitch агенттіктерінің жүйелеріне сәйкес келетін кредиттік рейтингтер шкаласын қолданатынын нықтады.
"Осыған байланысты ЖАП сыйақы ставкаларының мемлекеттік бағдарламалардың шарттарына сәйкессіздігіне қатысты бұзушылықтарды анықтай алмады. Банк мембағдарламалардың операторы ретінде бюджеттен әрбір 1 теңгеге (0,15%) бюджеттен тыс көздерден – ішкі немесе халықаралық капитал нарықтарынан (16%-дан астам) кемінде 1 теңге тартады", – деп түсіндірді банк.
2024 жылдың қорытындысында бұл пропорция айтарлықтай артыпты: бюджет қаражатының әрбір 1 теңгесіне нарықтан 3 теңге тартылған.
Сарапшылар банктегілердің тым жоғары жалақы алатынын айтып жүр.
Алайда ҚДБ-ның өзі "мемлекеттік даму институты ретінде пайда табуды мақсат етпейтініне" табандады. Бұл әрине, жоғары жалақы алмайды деген сөз емес. Бұл тек банктен бюджетке түсетін табыс аздау дегенді білдіреді. Мұны ЖАП та айтты.
"Банк жыл сайын таза пайдасын дивидендтер мен салықтар түрінде республикалық бюджетке аударады. Сонымен қатар, ЖАП аудитінің нәтижелері бойынша банк сыйақы мөлшерлемелерін біріздендіру мақсатында ішкі құжаттарына өзгерістер енгізу бойынша жұмыстар жүргізді. Банк өз қызметінің ашықтығы мен транспаренттілігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты тұрақты негізде жалғастырады және мемлекеттік органдармен, БАҚ-пен және қоғаммен сындарлы диалог үшін ашық", – деп сендірді ҚДБ.
ҚДБ қызметін 2022 жылы Президент қатты сынаған болатын. Содан бері оның жұмысын қайта құру талаптары жасалуда. Басшылығы да ауысты.
Алайда таяуда ЖАП төрағасы Әлихан Смайылов Қазақстан Даму Банкінің қызметін қатаң сынға алды. Оның айтуынша, бұл мембанк бюрократия батпағына батқан, рәсімдері тым шабан және әлі күнге негізінен "привилегиялы топтарды қаржыландырумен" айналысады.
ЖАП басшысы Қазақстанда өңдеу өнеркәсібін қолдайтын негізгі 2 даму институты барын еске салды. Бұлар – "Қазақстанның Даму банкі" АҚ-ы және оның еншілес ұйымы "Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ-ы.
Палата аудиті көрсеткендей, 2019-2023 жылдары бұл екеуі "салалық жобаларды қаржыландырдым" деп, ұшантеңіз соманы – 2,4 триллион теңге бюджет қаражатын шығындаған.
Ылан-ойран ақшаны негізінен металлургия, тамақ өнеркәсібі, машина жасау салаларындағы алпауыттар қалтасына басыпты. Сондай-ақ, банк резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіруге қатысты.
Елдің бас аудиторының дерегінше, ҚДБ мен еншілес ұйымы экологиялық және инновациялық бағдарланған жобаларды қаржыландырудан қашқақтайды. Сондай-ақ, дайын өнімдер, жеңіл және фармацевтикалық өнеркәсіп сияқты басымдыққа ие, ел үшін стратегиялық маңызды бағыттар қолдау шараларынан тыс қалған.
Бұдан бөлек, бюджеттен бизнеске бөлінетін арзандатылған несие түпкі алушыларға жеткенше ұзақ уақыт кетеді. Бюджет пен өндіруші арасында делдал болып отырған ҚДБ кәсіпкерді әуре-сарсаңға салады. Бюджет қаражаты банк депозитінде ұсталады.
Бұл жалпы мемқолдау шараларының тиімсіздігіне соқтырады. Сорақысы сол, палата мәлімдеуінше, тіпті Үкімет резервінен шұғыл іс-шараларға көзделген қаражатты да кешіктіріп беру фактілері орын алып отыр.
Әлихан Смайыловтың айтуынша, жобаларды жеңілдікпен қаржыландыру қазіргіден бірнеше есе жылдам жүруге тиіс. Бұған ҚДБ сапалы дайындық жұмыстары есебінен қол жеткізе алар еді.
"Яғни, жобаларды алдын ала қарау және қаражат бөлуге дайындау қажет. Керісінше емес! Банкке: "экономикаға белсенді инвестицияласын!", сол арқылы "салық базасын кеңейтсін, жаңа жұмыс орындарын құрсын!" деп, бюджеттен ақша беріледі. Ал, бұлар жедел үлестіру орнына қаржыны астына басып, ұзақ ұстап отырады. Мемлекеттен мол ақша сұрап алады да, оны депозиттік шоттарда ұстайды. Дәл осы кезде басқа маңызды инфрақұрылымдық жобаларға бюджет қаржысы жетпей жатады", – деді ЖАП төрағасы Смайылов.
Сондай-ақ, мемлекеттік аудит ҚДБ-дан алған арзан қаржыны алпауыт компаниялардың өз қожайын-акционерлеріне дивиденд түрінде төлегенін, банктердегі депозиттерге жоғары сыйақымен салып, табыс тапқанын және басқа былықтарды әшкереледі.
Арзан несиелендірілген біраз жобаның қаржылық жағдайы нашарлаған, өнім экспорты бойынша жоспарлары орындалмаған, ҚДБ-ға төлемдер кешіктірілген. Тіпті банк қаржыландырған екі компания экономикалық дефолтқа ұшырапты.
Мемлекеттік аудит ҚДБ шығындаған 2,4 триллион емес, тек 439 млрд теңгеден астам қаржыны ғана қамтыды. Соның өзінде 1,2 млрд теңгенің қаржылық бұзушылықтары анықталды. 25,9 млрд теңге тиімсіз жоспарланып, орынсыз пайдаланылып, талан-тараж болған.