Мемлекеттік сатып алудағы демпингті он пайызбен шектемекші

2829

Бұған қоса МЖӘ келісімшарты бойынша несие алуға мүмкіндік беріледі.  

Мемлекеттік сатып алудағы демпингті он пайызбен шектемекші

Бұл туралы Қарағанды облысы әкімі Ерлан Қошанов және жергілікті бизнес өкілдері, сондай-ақ КҰП басшылығы қатысқан өңірлік кәсіпкерлер палатасы отырысында "Атамекен" кәсіпкерлер ұлттық палатасы басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметов мәлім етті.

 МЖӘ-ге қатысты мәселе

Мемлекеттік-жеке әріптестік тақырыбын талқыламас бұрын Ерлан Қошанов облыста МЖӘ құралдары жақсы қолданылып отырғанын айтып кетті. Облыста атқарылып жатқан мұндай жобалар саны 21-ге жатып отыр. Қарағанды облысы МЖӘ жобаларын іске асыру бойынша елімізде көш бастап тұр.

"Бізде мектепке дейінгі білім беру саласында жақсы тәжірибе бар. Қарағандыда эксперименттік түрде балабақшалардағы мемлекеттік тапсырыс мөлшері ата-аналар мемлекеттік және жеке балабақшаға бірдей ақша төлейтіндей етіп жасалды. Бұл кәсіпкерлер үшін күшті ынталандыру болып, олар мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне қаражат сала бастады. Осының нәтижесінде бүгінгі күні Қарағандыда  мемлекеттік тапсырыс бойынша 35 жеке балабақша ашылды, алда 11 балабақша ашылады деп жоспарланып отыр. Енді осы тәжірибені өңірдің барлық жеріне таратуды көздеп отырмыз. Біздің медициналық мекемелеріміз МЖӘ арқылы заманауи қымбат техникаға қол жеткізді. Кәсіпкерлер МЖӘ құралының тиімділігін біліп, бұл процеске қуана-қуана қосылуда", - деді Қарағанды облысының әкімі.  

"Атамекен" КҰП төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев бизнестің қоғам алдындағы міндеттері туралы еске салып, кәсіпкерлік қауымдастығының оны орындауға  дайын екенін айтты.

"Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне қатысты мәселе біздің басымдығымыз болып табылады. Сондықтан әкімдіктерден  облыста іске асырығысы келетін, алайда жергілікті бюджеттің ресурсы жетпей отырған әлеуметтік маңызы бар жобаларды анықтауды сұраймыз. Бұл бір келісімге келетіндей  жүйе болуға тиіс", - деді ол.

"Атамекен" кәсіпкерлер ұлттық палатасы басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметов тап қазіргі уақытта МЖӘ жобасының тұжырымдамасын қорғауға алты айдан, бір жарым жылға дейін уақыт кететінін айтып, палата бұл мәселені үкіметпен бірлесіп түзетуге ниетті екенін сөз етті.

"Қазір тұжырымдаманы алып тастап, оның орнына қарапайым бизнес-жоспарды қолдануға келістік. МЖӘ-нің барлық процесін рәсімдеуге бас-аяғы екі-үш ай ғана кететін болады деп ойлаймыз. Заңдағы бұл норма қазір мәжілісте қаралып жатыр", ­ - деді ол.

Содан кейін Абылай Мырзахметов бүгінгі таңда  мемлекеттік-жеке әріптестік келісімшартын ақшаға айналдыру бойынша  "Атамекеннің" ұсынып отырған керемет идеясына тоқталды.

"Қазір кез келген кәсіпкер мемлекеттің кепілімен өзінің бизнесінің өзін-өзі ақтауы қанша болатынын білу үшін  вице-премьер Ерболат Досаевпен жан басына шаққандағы қаржыландыруды қарастырып жатырмыз. Тағы бір айта кетерлік нәрсе, МЖӘ-нің нақты келісімшартын ЕДБ-ға салып, несие алу мүмкіндігін де қарастырудамыз", - деді ол.  

Бұл тақырыпты қорытындылай келе Тимур Құлыбаев КҰП кәсіпкерді МЖӘ-нің әзірге бұралаң болып тұрған тұстарынан шығуға көмектесетінін тілге тиек етті.

"Кез келген жаңа істің бірден бастау алып кетуі қиын. Мектепке дейінгі білім беру бойынша МЖӘ-нің жақсы іске асқаны, бұл істі білетін адамның болғанының пайдасы. Ал орташамерзімді  төлем бар екенін білгенде әкімдіктер тұралай бастады. Бірақ бұл мәселені де шешеміз, содан кейін әкімдіктер алдағы уақытта ұзақмерзімді келісімшарттар жасайтын болады. Сонда бұл процеске қатысатын әкімдікке де, кәсіпкерге де тиімді болады. Басқармаға білім беру, мәдениет, спорт саласына қатысты үлгі жоба әзірлеуге тапсырма бердім. МЖӘ жобасына қатысқысы келетін әрбір кәсіпкерге көмектесуге тиіспіз. Мұндай қанатқақты жобаларды тікелей іске қосамыз", ­ – деді "Атамекен" басшысы.

Мемлекеттік сатып алулар қалай өтуде

Абылай Мырзахметов айтып кеткендей, "Атамекеннің" квазимемлекеттік сектордағы сатып алулар бойынша сұрағы көп.

"Самұрық-Қазына өз ішінде 1,7 трлн теңгенің байқауын өткізгені белгілі болып отыр. Олардың ережесі мұндай сатып алу өткізуге мүмкіндік береді. Осыдан тек 800 млрд теңге ғана ШОБ-тан бәсекелестік негізде сатып алуға қалған. Кәсіпкерлер съезден бір күн бұрын (2017 жылдың 14 маусымы – автор еск.) Тимур Асқарұлы мен холдинг басшысы келісімге қол қойды. Қазір олар осы 1,7 трлн теңгенің 300 млрд теңгесін бәсекелестік ортаға беруге дайын. Бұл ­– үлкен көмек",  деді ол.

Жергілікті деңгейде мемлекеттік сатып алуды өткізуге қатысты айтатын болсақ, онда палата арнайы комиссия құру арқылы бақылауды күшейтуді  ұсынып отыр.  

"Тендерге дейін және тендер өткеннен кейін бақылау деген түсінік бар. Жалпы регламент жасалып қойған, 29 қыркүйек күні үкімет отырысында барлық облыс әкімдерінің орынбасары мен палата директорлары бұл комиссияға басшылық жасайтынын айттық. Құрылыс комитеті тарапынан бұйрық беріліп, онда құрылыс салу тендері бойынша жоба жасаушы мен бас мердігерге қойылатын талапты жергілікті палата жасайтыны қөрсетілді. Ол жерде критерийлер мен анықтамалар бар. Бұл жердегі басты басымдық - отандық тауарлар мен қызмет көрсетуді сатып алуға жасалады. Бұл комиссия бағдарламаның барлық әкімшіліктерін тыңдайды да, тендер біткеннен кейін бақылау жүргізеді. Заң жобасы жақында мәжілістің қарауына түседі деп отырмыз", - деді ол.

Мемлекеттік сатып алулардағы тағы бір ескеретін жайт бұл - демпинг мәселесі. Абылай Мырзахметовтың айтуынша, бұл шара дұрыс өтіп жатқан жоқ.

"Демпинг барысында 50%-ға дейін сапалы бюджеттік нысан салу мүмкін емес екенін білеміз. Үкімет бұл мәселеде бізбен келісіп, жобалау бойынша демпингтің бастапқы мәні 5%-дан 10%-ға дейін болу керектігімен келісті. Яғни демпинг шектелетін болады".

Гүлназ  Ермағанбетова,  Олег И. Гусев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу