Мемлекеттік тілді дамытуға бір көліктің құнындай қаржы бөлінген

3291

Тұрғындарының үлкен бөлігі орыс тілді болып келетін Семей тілдің өрісін кеңейтуге тырыспайтынға ұқсайды, бұл салаға көзқарас қала бюджетінен көрініс береді.

Мемлекеттік тілді дамытуға бір көліктің құнындай қаржы бөлінген

Пиарға тілді дамыту бюджетінен 28 есе көп қаражат бағытталды

Облыстардың, ірілі-ұсақты қалалардың қазыналарына үңілгенде, одан жергілікті әкім-қаралардың қандай мақсат-міндеттерге баса мән беретінін аңғаруға болады. Мысалы, Семей қаласының 2021-2023 жылдарға арналған бюджетінде бұл шаһардың Мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне биылғы жылы 290,9 миллион теңге бөлінген. Алайда осы соманың басым көпшілігі – 234 миллион теңгеге жуығы кітапханаларды ұстап тұруға жұмсалуда. Әрине, "кітап – жан азығы" дейді. Бірақ азаматтардың көбі ақпараттық технологияларға көшіп, кітапты ғана емес, басқасын да ғаламтордан оқитын қазіргі заманда "бұл ұйымдарды қаптатып ұстаудың қаншалықты қажеті бар?" деген сауал-пікірлер айтылып жүр.

Бір алаңдатарлығы, тұрғындары негізінен орысша сөйлейтін Семейде мемлекеттiк тiлдi дамытуға бар-жоғы 14,9 млн теңге ғана бөлініпті.

Оның орнына Семей басшылығының пиарға көбірек көңіл бөлетіні байқалады: осы жылы "ақпараттық кеңістік" бағытына 420 миллион теңгедей бағытталған. Бұл тілді дамыту бюджетінен 28 есе көп!

Жергілікті шенеуніктерді ұстап тұруға да қомақты қаражат шығындалыпты: жалпы сипаттағы мемлекеттiк қызметтер көрсетуге 1 млрд 180,8 млн теңге жұмсалды. Соның ішінде ең көп сома – 566,3 миллион теңгедей қаражат әкімнің аппаратын ұстап тұруға кеткен.

Салыстыру үшін айтсақ, елдің шетінде, желдің өтінде орналасқан шаһарда қоғамдық тәртіпті, қауіпсіздікті сақтауға, құқықтық, сот, қылмыстық-атқару қызметіне бір жылда 114,3 млн ғана бағытталды.

Әдетте бюджеттің ең үлкен бөлігін әлеуметтік сала "жеп" қояды, әрбір әкім бюджеттің әлеуметтік бағдарлануына баса мән береді. Бұл ретте Семейде "әлеуметтiк көмек және әлеуметтiк қамсыздандыруға", яғни жұмыспен қамтуға, әлеуметтік бағдарламаларға, атаулы әлеуметтік көмекке (АСП), әлеуметтiк көмекке 5,1 млрд теңге бөлінді.

Семей қаласының жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Мұрат Құржықаевқа сенсек, қалада мемлекет көмегіне зәру кедейлер күрт азайған секілді.

"Жан басына шыққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын отбасылардың атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар. Ағымдағы жылдың 9 айында қалада 2 708 отбасыға немесе 11 130 адамға жалпы сомасы 715,7 млн теңге АӘК төленді. Оның ішінде 7 186-сы – бала. 2020 жылғы кезеңмен салыстырғанда АӘК алушылар саны 15%-ға қысқартылды. Былтыр 3 001 отбасыға немесе 13 210 адамға төленген еді", – дейді М.Құржықаев.

Қала бюджетінің аса үлкен бөлігі – 22,5 миллиардтай теңгесі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына берілді. Сәулет және қала құрылысы бөлімінің дерегінше, 2021 жылы жеке тұрғын үй құрылысы бойынша қалада жалпы көлемі 86 320 шаршы метр баспананы пайдалануға беру жоспарланған. Әзірге, 2021 жылдың басынан бері 35 590 мың шаршы метрі іске қосылыпты.

Жалпы алғанда Семей қаласы бюджетінің кірістері 55 млрд 132,6 млн теңгені құрайды. Оның 26,2 миллиардын шаһар салықтық түсiмдер түрінде және 14,5 миллиардын табыс салығы түрінде өзі жинайды. Қалғанын негізінен республикалық және облыстық бюджеттен трансферт түрінде алады.

Семей бюджетінің шығыстары – 62 млрд 935,4 млн теңге. Салыстыру үшін айтсақ, оның басты "бақталасы", облыс астанасы Өскеменнің шығысы – 79,8 миллиард теңге және ол трансферт түрінде 31,3 миллиард теңге алады.

"Кешікпей келем деп ең,

Мен тұрмын елеңдеумен"

Әлеуметтік желілердегі, өзге де диалог алаңдарындағы семейліктердің чатына бас сұқсаңыз, қаладағы ең ірі проблеманың бірі көлік қатынасына, соның ішінде қоғамдық көлікке қатысты екенін байқауға болады. Мұнысы енді ұят: себебі қалада автобус шығаратын аса ірі екі автозауыт орналасқан. Рас, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ақпараты бойынша "СемАЗ" ЖШС-нің автобустар бойынша өндірістік қуаты – 1 200 бірлік, бірақ қазір 5%-ға ғана жүктелген. Семейлік "Daewoo Bus Kazakhstan" ЖШС жылына 1 200 автобус құрастыра алады, алайда небары 33%-ға жүктеліпті.

Қала бюджетінде "қалалық қоғамдық көлікте жеңілдікпен, тегін жол жүретін азаматтардың жекелеген санаттары үшін" автобус парктеріне 2021 жылы 191,9 млн теңге аударылатыны көрсетіліпті.

Бұған қоса, қала бюджетінен әлеуметтік маңызы бар қалалық, ауылдық, қаламаңы және ауданішілік қатынастарда жолаушылар тасымалдарын субсидиялауға 700 миллион теңге қарастырылған.

Семейліктер болса, автобустарды зарыға, тым ұзақ күтетініне шағымданады.

"Қаладағы қоғамдық көлікке қатысты проблема биылғы жазда әкімдік Semey Bus компаниясымен келісімшартты бұзғаннан кейін тіптен ушығып кетті. Содан бері қала көшелерінде автобустар сиреді. Мәселе сол бойы шешімін таппай тұр. Желіде автобустар аз, тұрғындар ұзақ уақытын соны сарыла күтуге кетіреді. Ал келгендеріне жұрт лап қойып, сығылыса мініп, бірін-бірі тапап тастай жаздайды. Әсіресе, қыркүйектен бері, яғни мұғалімдер мен балалар және оларға еріп ана-аналар мектепке шұбыра бастағанда, бұл мәселе өткір бола түсті. Таксишілер бағасын көтере қойды, олардың қызметін пайдалану үшін бай болуың керек. Әкімдік 45 автобусты қосымша шығарғанын хабарлады. Оның 25-і балаларды тасуға бөлінген", – дейді қала белсендісі Әйгерім Қасымбек.

Семейліктер қалтафондағы "Инфобус" ұялы қосымшасына (астанадағы Astrabus-тің аналогы) көз тігумен, шаршайды.

"Бір емес, бірнеше айдан бері қалада автобус тапшы. Олардың жұмыс кестесі дұрыс ұйымдастырылмаған. Автобустардың қай жерде келе жатқанын нақты қадағалауға мүмкіндігіміз жоқ. Бұрын қосымшада дәлірек көрініс беретін. Semey Bus-тан тәркіленген көліктердің жартысынан көбі жарамсыз болып шықты, жөндеуге зәру екен. Бірақ оның жүруге қабілетті автобустары да күні бүгінге дейін маршруттерге шықпаған. Салдарынан, қаладағы барлық аялдама жолаушыға лық толы. Автобусқа кіре алсаңыз, әлеуметтік алшақтықты сақтамақ түгіл, жүріс кезінде бұрылуға шамаңыз жетпей қалады. Бұл жағдай таңертең де, түсте де, кешке де қайталанады. Қала билігі бір шара қабылдамаса болмайды", – дейді қала тұрғыны Э.Азубаева.

Екі автобус паркі ғана қалды

Семей қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің дерегінше, бүгінде қалада жолаушылар тасумен айналысатын небары 2 тасымалдаушы қалды, бұл – "Таксомоторный парк" ЖШС және 2021 жылғы 17 сәуірде іске кіріскен "Семавтопарк" ЖШС. Соңғысы уақытша (конкурс өткізгенге дейін) жұмыс істеуде.

Ал "Семей автобус паркі" ЖШС және "SemeyBus" ЖШС биылғы 22 шілдеден бастап маршруттерге қызмет көрсетуін тоқтатты.

Әйткенмен қолданыстағы екі автобус паркі көліктерінің бәрі бірдей жолға шыға бермейтін көрінеді. Мысалы, кейбір күндері негізгі бағыттардағы 251 автобустің 197-сі ғана маршрут желісіне шыққан.

"Облыс әкімінің 2021 жылғы 9 тамыздағы тапсырмасына сәйкес, балалардың денсаулығын сақтау және санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды орындау мақсатында балаларды күн сайын шалғай шағынаудандардан қаладағы 12 мектепке жеткізу ұйымдастырылды. Оған 25 автобус қызмет етеді. Бұл автобустардың жүру кестесі және схемасы құрылды", – дейді аталған бөлім басшысының міндетін атқарушы Ерлан Уәлиев.

Айтқандай, Семей қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, яғни тұтас саласы тамыздан бері басшысыз қалды.

Қала басшылығы қоғамдық көлік тасымалы бойынша конкурс ұйымдастыруға, жолдағы автобустар санын арттыруға қам жасап жатқан көрінеді.

Жанат Ардақ