Мемлекеттік тілді үйретудің жаңа әдістері пысықталады

2772

Орыс мектептеріне арналған қазақ тілі оқулықтарында ешқандай аударманың болмау себебі анықталды.   

Мемлекеттік тілді үйретудің жаңа әдістері пысықталады

Орыс тілді мектептерді бітірген түлектердің басым бөлігі мемлекеттік тілді тиісті деңгейге білмейтіні жасырын емес. Әлеуметтік желіде пікір білдірген бірқатар ата-аналар бұған сапасыз оқулықтарды, енді бір бөлігі – біліксіз педагогтерді айыптайды. Қоғам белсенділері болса, ұсыныс-пікірлерін БҒМ-ге жолдап та жатыр.

Мысалы, қарағандылық "Білім беру қызметкерлерінің еркін кәсіподағы" қоғамдық ұйымының өкілі Назифа Жүнісова қазақ тілі оқулықтарында орысша аудармалары болғаны жөн деген пікірде.

"Кезінде балаларға тіл үйретіп жүріп, өз еңбегіміздің нәтижесін көретінбіз. Балаларға бәрі қызықты, түсінікті болатын. Қазіргі уақытта мемлекеттік тілді үйрету бағдарламаларының біліксіз құрылғаны сонша, мұғалімдер де, балалар да ештеңе түсінбейді. Бағдарлама күрделендірілген, бұл оқушылардың пәнге деген жеккөрінішін туғызуы мүмкін. Ал қазақ әдебиеті пәні – бөлек әңгіме. Бұрын орыс мектептерінде білім алушылар Абай, Ы. Алтынсарин, Ш. Уалиханов, А. Байтұрсынов және басқа да ұлы тұлғалардың өмірбаянымен, шығармашылығымен орыс тілінде болса да, танысатын. Енді барлық мәтін тек қазақ тілінде ұсынылған. Онсыз да тіл білмейтін балалар жазушылардың тілі бай шығармаларын түсіне алмайды", – деген байлам жасады Н. Жүнісова БҒМ-ге хатында.

Оның ұстанымынша, бағдарлама мен оқулық әзірлеушілер өздерін балалардың орнына қойып көруі, солардың мүддесі тұрғысынан әрекет етуі қажет.

"Балаларды тіл үйренуге қызықтыра білген жөн. Екі оқушыны үйреттім, нәтиже жаман емес. Олар қазақ тілі сабағынан қорқады. Үйге тапсырма береді. Ал балалардың отбасында қазақ тілін білетін, яғни сабақпен көмектесе алатын адам болмауы мүмкін. Сондықтан тіл үйрету үшін алдымен оқушының бойындағы үрейден арылтуға тура келді. Әйтпесе, "бұл тіл күрделі" деп алдын ала түйін түйіп, қабылдамайды. Шынында, қазақ тілін үйрету – оңай", – дейді ұстаз.

Жалпы қазақ тілінің ережелерін ХХ ғасырда Ыбырай Алтынсарин мен Ахмет Байтұрсыновтан бастап, атақты педагогтер нақты жүйелеп, нақты дайындап берген. Адам қазақша сөздерді және жұрнақ пен жалғауларды білсе болғаны, еш қиналмай сөйлеп кетеді. Орыс тіліндегідей ережеден тыс қаптаған "исключениелер" жоқ. Екпінді де дұрыс қою қажет етілмейді. Әрбір сөзді женский, мужской, средний род деп ажыратып жату керек емес.

Неге мемлекеттік тілді үйрету қиындатылған?

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қоғам белсендісіне берген жауабында қазіргі оқыту бағдарламасын құп көретінін қадап айтты.

"Кез келген тілді оқыту үшін бірінші кезекте үйретілетін тілдік ортаға тереңдеу, "сүңгу" әдісі қолданылады. Сондықтан тәжірибеде тілді оқытудың аудармасыз әдісі пайдаланылады. Яғни бұл тәсіл өзге тілді адамның өз ана тіліне сүйенбеуін қарастырады. Қазақ тілінің оқу бағдарламасы тілдік қызметтің барлық түрін – тілді қабылдау үшін аудиожазбаларды тыңдауды, сөйлеуді, оқуды және жазуды қамтиды, бәрін қатар дамытады. Қазақша сөздерді ажырата білу, сөйлеу, тілдесу, оқу, жазу машықтары өмірдің әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-мәдени, ғылыми-техникалық, оқу-кәсіптік салаларында қарым-қатынас жасау үшін қажет болады", – деді министр.

Бірқатар отандық және шетелдік ғалымдардың тұжырымдауынша, егер адам сөздердің қазақ тіліндегі аудармасын механикалық түрде жаттап алумен шектелсе, ол мемлекеттік тілді үйренуде алысқа ұзамайды. Өйткені қазақ тілінде сөйлегісі келсе, әлдебір орысша сөздің аудармасын ойша іздеп, әуре-сарсаңға түседі. Қазақша дұрыс сөйлеу үшін қазақша ойлауға үйренгені жөн.  

"Мектепте тілді үйрету тілдің базалық конструкцияларын зерттеу және практикалық жаттығуларды орындау жолымен жүзеге асады. Бұл өте маңызды. Себебі грамматика негіздерін білу ауызша сөйлемді дұрыс құрауға және сауатты жазуға көмектеседі. Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармалары мен өлеңдері пайдаланылады. Олар қосарлама функцияны орындайды: қазақ тіліне, әдебиеттің рухани-адамгершілік құндылықтарын талдауға, синтездеуге үйретеді. Мұндай тәсіл оқытудың білім беру, даму және тәрбие беру міндеттерін табысты шешуге ықпал етеді", – деді БҒМ басшысы.

Ол қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәндерінің не себепті қосылып оқытылатынын түсіндіре кетті. Әйтпесе, бұрын мысалы, орыс мектептері қазақ тілі пәнінде қазақша үйренетін. Ал қазақ әдебиеті пәні орысша өтетін, оның барысында қазақ классиктері шығармаларының орысша аудармасымен ғана танысатын.  

"Қазақ тілі мен әдебиетін интеграцияланған түрде оқытудың мақсаты – тілдік, коммуникативтік және әдеби құзыреттілікті қалыптастыру болып табылады. Сондай-ақ бұл тілді жақынырақ түсінуге, тілге тән эстетикалық сезімді тәрбиелеуге, сайып келгенде қазақ тілін қарым-қатынас құралы ретінде меңгеруге жол ашады. Оқушылар қазақ әдебиетінің материалдары негізінде қазақ тілін үйренеді. Бұл – Білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының негізгі міндеті. Ол оқушылардың қазақ тілі және әдебиеті сабақтарында функционалдық сауаттылығын дамытуға септеседі", – деді А. Аймағамбетов.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәндері жеке оқытылғаны жөн

Дегенмен БҒМ-нің өзі әзірлеген "Қазақстанда білім беруді дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасының" жаңа жобасында қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәндерінің қосып оқыту сынға ілікті.

"Орта білім беру жүйесінде қазақ тілі мен әдебиеті біріктіріліп, бір пән ретінде оқытылады. Мұндай аралас оқыту күтілетін нәтиже бермейді, өйткені шәкірттерге бір пән аясында тіл мен әдебиетті қатар игеру қиынға соғады. Мысалы, халықаралық тәжірибеде тіл міндетті түрде жеке пән ретінде оқытылады", – деп атап өтілген.

Ендеше болашақта бұл екі пән қайтадан бөлек оқытыла бастауы мүмкін.

Жалпы бұл салада реформа қолға алынбақ. Жаңа тұжырымдама қабылданса, 2022-2025 жылдардағы білім беруді дамытудың жаңа кезеңінде біріншіден, Қазақстанда қазақ тілін оқытудың әдістемесі жетілдіріледі және оны үйретудің жалпы мемлекеттік жүйесі қалыптастырылады. Екіншіден, мектеп-колледж-ЖОО-қызмет көрсету сатылары бойынша мемлекеттік тілді оқытудың жеке деңгейлері айқындалып, түзіледі және үздіксіз білім беру қамтамасыз етіледі.

Үшіншіден, әрбір кезең мен деңгейдің оқу-әдістемелік мазмұны әзірленетін болады, олар тіл білмейтін азаматтарда лексикалық-грамматикалық минимумдарға негізделген коммуникативтік құзыреттіліктерді қалыптастыруға тиіс.

Төртіншіден, оқу-әдістемелік контент "қазақ тілін мемлекеттік тіл тұрғысынан оқытудың кезеңдері мен деңгейлерін негізге ала отырып, әзірленбек".

Бесіншіден, тұжырымдамада "жұмыс берушілердің қатысуымен қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерін даярлау жөніндегі инновациялық білім беру бағдарламаларын әзірлеу жұмыстары" жүргізілмек.

Осы орайда Ақмола облысының Целиноград ауданындағы мектептердің бірінің оқушысы Марияның шағымы ойға қалдырады.

"Мен мемлекеттік тілді үйренгім келеді. Қазақ тілінде сөйлеп кетуді қатты қалаймын. Тырысып та жүрмін. Бірақ қазақ тілі мұғаліміміз сабақ бойы бізге ұрысумен болады, әртүрлі сөзбен намысымызға тиеді, "бәрің Ресейлеріңе кетіп қалмайсыңдар ма?!" дейді. Мен Ресейге кеткім келмейді, әкем де, шешем де, мен де Қазақстанда тудық, осында өмір сүреміз. Мектеп директорына шағымдандық, ол "тілді үйренбейтін өздерің кінәлісіңдер!" деп қоя салды. Бізге мемлекеттік тілге білікті үйрететін мұғалім жіберсе екен", – дейді ол.

Мемлекеттік тілді ілгерілету – бұрыннан қордаланған мәселелерді кешенді, жан-жақты шешуді қажет етеді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу