Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік: Енгізілген өзгерістер туралы қысқаша, нақты

1817

"Әріптесті аукцион арқылы анықтау", "Жекеше серіктес өз қаражатының кем дегенде 20 пайызын қосуы керек", "Әлеуметтік нысан салатын болса, шығыны толық өтеледі" және "Барлық жоба бірінші кезекте халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталуы тиіс".  

Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік: Енгізілген өзгерістер туралы қысқаша, нақты

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында "Қазақстандық мемлекеттік – жеке меншік әріптестік орталығы" АҚ Басқарма Төрағасы Ержан Сәрсенбай биылғы өзгерістерді айтып берді.

Іnbusiness.kz тілшісі негізгілеріне қысқаша тоқталып өтуді жөн көреді.

– Әріптесті аукцион арқылы анықтау.

"Мысалы, мемлекеттік мекеменің бос пайдаланылмайтын алаңдары бар, олар бойынша мемлекет күтіп-ұстауға арналған шығыстарды көтереді. Жеке тұлға осы алаңдарды белгілі бір қызмет түріне коммерциялық мақсаттарда пайдалана алады. Мемлекет аукцион өткізеді және осы алаңды жеке тұлғаға береді".

– Жеке меншік серіктестер (инвесторлар) меншік қаражатының кемінде 20%-ын міндетті түрде осы іске салуы керек.

"Бұл түзету бюджетке жүктемені төмендету және жобаны іске асыру кезінде жекеше әріптестің жауапкершілігін арттыру мақсатында енгізілді".

– Әлеуметтік инфрақұрылым мен тіршілікті қамтамасыз ететін объектілерге келгенде жекеше әріптестің шығындарын толық өтеу енгізілді.

"Өйткені бұл нысандар коммерциялық емес, пайдалану есебінен өзін-өзі өтемейді. Мысалы, білім беру, денсаулық сақтау және ТКШ салаларында".

– Бюджетке түсетін жүктемені төмендету, сондай-ақ МЖӘ-ні мемлекеттік сатып алулардан ажырату мақсатында объектіні пайдалану және инвестициялық шығындардың өтемақысын төлеу кезеңі 5 жылдан кем емес мерзімге ұлғайтылды.

"Анықтама: кезеңнің қысқа мерзімділігі (бұрын 3 жылдан бастап қарастырылған) жеке серіктестер тез пайда көргісі келетін және жобаның өзін жүзеге асыруға қызығушылық танытпайтын жағдайларға әкелді.

– МЖӘ жаңа қағидаты енгізілді: әлеуметтік инфрақұрылымды және халықтың тіршілігін қамтамасыз ету жүйелерін дамытуды қамтамасыз ету, тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің қолжетімділік деңгейін және сапасын арттыру, сондай-ақ МЖӘ жобасын іске асыру шеңберінде жұмыс орындарын ашу.

"МЖӘ-нің барлық жобалары бірінші кезекте халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталуы тиіс. Бұл "people first PPP" немесе "адамдардың игілігі үшін МЖӘ" деп аталатын МЖӘ жобаларын іріктеудің басты критерийлерінің бірі".

– "Қайтарымды мемлекеттік-жеке меншік әріптестік" (МЖӘ) енгізілді.

"Мысалы, жеке тұлға зауыт салды және оған инженерлік коммуникациялар жүргізуі қажет дейік. Енді нормаға сәйкес, жеке тұлға осы коммуникацияларды МЖӘ шеңберінде жүргізе алады және әрі қарай өз шығындарының өтемін ала алады. Сонымен қатар ол жұмыс орындарын ұлғайтуға міндетті болады. Сонда жеке тұлға үшін де, халық үшін де оң нәтиже болады".

– Мемлекет шығынының ұлғаюына алып келетін МЖӘ шарттарының талаптарын өзгертуге шектеу қойылды.

"Анықтама: кей жағдайда МЖӘ шарты бір құнға жасалса да, кейінірек шарт өзгерістерге ұшыраған, оның ішінде бәсекелестіктің бұзылуына әкеп соқтыратын бұрын белгіленген соманың ұлғаюына (өйткені бастапқы кезеңде бұл сомалар көзделмеген) және бюджет шығыстарының көбеюіне әкелген жағдайлар анықталды".

– МЖӘ жаңа белгісі енгізілді: МЖӘ жобасын іске асыру үшін жекеше әріптестің инвестицияларды міндетті түрде жүзеге асыруы.

"Яғни жекеше әріптес жобаны жаңғырту, салу, жүйені енгізу және т.б. жолымен міндетті түрде инвестициялауы тиіс.

Жалпы барлық өзгерістер МЖӘ жобаларының "санынан сапаға" көшуіне және бюджеттік жүктемені төмендетуге бағытталған. Бұл ретте, қазіргі уақытта біз инвестициялық ахуалды жақсарту, жеке сектор үшін мемлекет тарапынан кепілдіктерді арттыру бойынша жұмысты жалғастырудамыз".

Ескертеміз, тырнақшаға алынып беріліп отырған сөз – Ержан Сәрсенбайдың енгізілген өзгерістерді түсіндіруі.

Тасқын Болатұлы

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу