Соңғы 2 жылда келісім рәсімдеу көрсеткіші төмендеп кетті, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Жағдайды жақсарту үшін "Астана" халықаралық қаржы орталығы мен "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы жаңа ұсыныс пакетін әзірледі.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының бірінші орынбасары Нариман Әбілшайықовтың айтуынша, "Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік" және "Концессиялар туралы" заңдардың біріктірілуі сонымен қатар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қандай жобаларды қамтуға тиіс деген мәселенің нақтыланбауы мәселе туғызып тұр. Заңдардағы ішінара сәйкестік те әріптестіктің дамуына кедергі келтіруде.
"Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік экономиканың тиімділігі төмен салаларын қамтып жатыр. Барлық жобалардың шамамен 50%-ын бизнес ұсынады. Алайда концессия жеке бастаманы қарастырмайды. Мемлекет ұсынатын жобалардың бағасы жоғары және мерзімі ұзақ. Бұл жүзеге асуы мүмкін жоба санының қысқаруына әкеледі", – деді Нариман Әбілшайықов.
Оның айтуынша, кейде мемлекеттің бастамасымен немесе концессия бойынша әзірленген жобаға жалғыз жекеменшік әріптес қатысады. Осыған орай инвестициялық ұсыныс болған жағдайда жобаны жеке бастама арқылы іске асыру ұсынылады. Ал конкурстық құжаттама бәсекелес болған жағдайда ғана әзірленеді.
Нариман Әбілшайықовтың сөзінше, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында IT саласындағы жобаларға басымдық беріліп жатыр. Бұл жерде ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етпейтін жобалар назарға алынады.
Мемлекетке IT-өнімнің меншік құқығы берілмейді, яғни монополия субъектісін құруға әрекет жасалады.
"Мемлекеттің қажетіне жарайтын бағдарламалық өнімдер сенімділіктің белгілі бір өлшеміне сәйкес келуі және мемлекетке тиесілі болуы керек. Сондықтан IT-саласындағы жобаларға арналған жеке бастаманы іске асыруды қайта қарау қажет деп санаймыз", – деді төрағаның бірінші орынбасары.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік нақты нәтиже беріп жатыр ма деген сұраққа бірден "иә" деп жауап беру қиын. Себебі жобаларда көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларына қатысты толық әрі нақты ақпарат аз. Салдарынан қазына қаржысының жұмсалуына қатысты екіұшты ой туады.
Бұл ретте республикалық бюджет шығысы ірі жобаларға ғана жұмсалатынын ескеру қажет.
Атап көрсетерлігі жекеменшік әріптес қазынадан қаржы алу үшін мемлекеттік сатып алу рәсімінен өтіп, қосымша шартқа қол қояды. Яғни әр теңге үшін есеп береді.
Нариман Әбілшайықовтың пікірінше, бюджет кодексіне мемлекеттік қолдау шараларын нақтылап жазып, тұтыну кепілдігі мен мемлекеттің ең төменгі кепілді табысын қамтамасыз ету мәселесін реттеу қажет. Бұған қоса мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну тәртібін әзірлеу керек. Жобалар мемлекеттік серіктестің коммерциялық тәуекелін жабу дәрежесі бойынша нақтылануға тиіс.
Қанат Махамбет
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз !