Ербол Өстеміров: Мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуының 2 негізі қысқарды

1686

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Ербол Өстеміров бәсекелестікті дамыту арқылы ғана бизнеске жайлы жағдай жасауға болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz.  

Ербол Өстеміров: Мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуының 2 негізі қысқарды

Ербол Өстеміров ұлттық кәсіпкерлер палатасы мемлекеттік органдармен бірлесіп, мемлекеттің кәсіпкерлікке қатысуын қысқарту бойынша жүйелі жұмыс атқарып жатқанын айтты. 

"Уақыт мемлекеттің ұлттық экономикаға қатысу үлесін қысқарту қажет екенін көрсетті. Мақсатқа жету үшін мемлекеттік монополияның саны қысқарып, бизнеске мүмкіндік берілді. Жеке компаниялардың өсуіне жағдай жасалды. Сөзімізге Президенттің 2019 жылғы 3 шілдеде биылғы жылдың соңына дейін квазимемлекеттік сектор субъектілерін құруға мораторий жариялауы дәлел", – деді басқарма төрағасының орынбасары.

Оның сөзінше, парламент депутаттарының қолдауымен бизнес ортаны дамыту мәселесі бойынша Кәсіпкерлік кодексіне енгізілген түзетулердің 7 пакеті шеңберінде мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуының 7 негізінің екеуі қысқарды.

"2019 жылы монополияға қарсы орган "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуының орындылығы бөлігінде тауар нарығын талдау бойынша жұмыс жүргізді. Қорытындысында үкімет қаулы қабылдап, 347 қызметтің 107 түрін немесе 30,8%-ын алып тастады. Республикалық меншік субъектілері үшін қызметтің 14, Ұлттық басқарушы холдингтер мен ұлттық холдингтер үшін 93 түрі жойылды", – деді Ербол Өстеміров.

Басқарма төрағасының орынбасары мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке шамадан тыс қатысуы бірінші кезекте бизнес субъектілерінің құқығы мен заңды мүддесіне нұқсан келтіретінін мәлімдеді. 

"Біздің мүддеміз Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жүргізіп отырған саясатпен толық сәйкес келеді. Мәжілістің қарауына берілген "Бәсекелестікті дамыту туралы" заң жобасында мемлекеттің Қазақстан экономикасына қатысуын қысқартуға бағытталған бірқатар түзету ұсынылды", – деді Ербол Өстеміров.

Ол мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысу негізінен бұрын құрылған мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекеттің қатысу үлесінің 50 пайызынан асатын заңды тұлғаларға қатысты негіздемені алып тастау бизнес үшін маңызды түзету екенін атап өтті. 

"Көрсетілген негіздеме рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізбесін қысқарту бойынша жүргізілген жұмысты жандандырады. Себебі мемлекеттік компаниялардың көпшілігі жоғарыдағы талап жарияланғанға дейін құрылған", – деді Ербол Өстеміров.

Қанат Махамбет 
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу