Меморгандарды оңтайландыру ветеринария қызметін күйретпей ме

3584

"Медицина адамды емдесе, ветеринария адамзатты емдейді" деген сөз бар.  

Меморгандарды оңтайландыру ветеринария қызметін күйретпей ме

Мал ауруы өңірлерде жиі көрініс беріп жататын қазіргі заманда да бұл сөз маңызын жоғалта қойған жоқ. Дәл осындай кезеңде ветеринария мекемелерін облыстардағы Ауыл шаруашылығы басқармаларына қаратқан дұрыс па? Мемлекеттік органдарды оңтайландыру жыры осындай өзекті сұрақты туындатып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Ветеринария – қалқан іспеттес

Ауыл халқының бірден-бір күнкөріс көзіне айналған төрт түлік малдың саны жылдан- жылға артып келеді. Мал басы көбейген сайын оның ауруларының түрлері де сан алуан көрініс беріп отыр. Ветеринария қызметі – халық денсаулығын жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғау жөніндегі қалқан іспеттес. Олар адамдар мен жануарларға ортақ аса қауіпті аурулардың алдын алу жөніндегі функцияларды орындап, тамақ өнімдерінің ветеринариялық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Өткен жылы заңнамаларға енгізілген өзгерістерге сәйкес, аудандардың ветеринария саласындағы мекемелері таратылып, оның барлық міндеттері облыстық деңгейге өтті. Сөйтіп, облыс әкімдігінің ветеринария басқармалары – аудандардағы ветеринариялық станциялардың қызметін үйлестіруді, ішкі бақылауды, бағдарламаларды жоспарлау мен қаржыландыруды, материалдық-техникалық жабдықтауды жүзеге асырып келеді. Ал оларға жүктелген функциялар тізбесі бұрынғыдан да кеңейтілген.

Жалпы облыстық ветеринария басқармасының  құзыретіне денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен бірлесе отырып, халық денсаулығын жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғауды ұйымдастыру және өзара ақпарат алмасуды жүзеге асыру, ветеринария саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру міндеті кіреді. Одан бөлек басқармалар карантин шараларын белгілеу туралы шешімдер қабылдауға, шектеу іс-шараларын немесе карантинді тоқтату туралы шешімдер қабылдауға, өнім мен шикізатқа ветеринариялық-санитариялық сараптаманы лицензиялауға жауапты. Сонымен қатар мал қорымдарын салу, реконструкциялауды ұйымдастыру, оларды күтіп-ұстауды қамтамасыз ету, жануарларды асырау қағидаларын, иттер мен мысықтарды асырау, серуендету қағидаларын, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою, жануарларды асыраудың санитариялық аймақтарының шекараларын белгілеу жөнінде ұсыныстар енгізуге де жауап береді.

Тәжірибе көрсеткендей, өткен жылы жоғары патогенді құс тұмауының өршуі кезінде құстардың жаппай қырылуының салдарын жою, оқшаулау және одан әрі таралуын болдырмау бойынша ветеринария қызметінің рөлі өте маңызды болды. Бұған қоса, қазіргі уақытта күйдіргі, оба, құтыру және сол сияқты қауіпті аурулардың өршуі жоқ, бұл да осы қызметтің еңбегінің арқасы. Ауылдағы ағайынның да қолындағы азын-аулақ малы ауырса, барар жері – мал дәрігерлік мекемелер.

ҰЭМ ұсынысына қарсылық

Осы жылдың 9 сәуірінде Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті мүшелері мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшылығымен өткен кездесуде ветеринария саласының проблемаларын талқыланған еді. Онда Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері ветеринариялық қызметті дамыту және нығайту бойынша кешенді шаралар әзірленгенін ортаға салды. Оның қорытындылары бойынша Сенат депутаттары да Президенттің тапсырмасын қолдады. Алайда Ұлттық экономика вице-министрі Айгүл Шайымова мемлекеттік органдарды оңтайландыру бойынша кеңесінде бірқатар мекемелерді, оның ішінде, облыстардың ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармаларын біріктіруді ұсынған еді. Бұған қарсы шыққан "Ақ жол" партиясының бір топ депутаты Үкімет басшысының орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдаған болатын. Мәжілісмендердің айтуынша, Ауыл шаруашылығы басқармасы агроөнеркәсіптік кешеннің қызметін көп дәрежеде реттейтін мемлекеттік орган. Ал ветеринария басқармасы, ветеринариялық және тамақ қауіпсіздігі, халықтың денсаулығын жануарлар мен адамға ортақ аса қауіпті аурулардан (сібір жарасы, шошқаның африкалық обасы, бруцеллез, құс тұмауы, эмкар, құтыру және т.б.) қорғау мәселелерін реттейді.

"Ветеринария басқармасы мен ауыл шаруашылығы басқармасы қосылған жағдайда, соңғысында 4-5 маманнан тұратын ветеринария бөлімі құрылатын болады. Ол заңнамада жүктелген функцияларды іске асыруды толық көлемде қамтамасыз етпейді. Ведомстволық бағынысты ұйымдармен ветеринариялық іс-шараларды орындау жөніндегі жұмысты тиісті деңгейде жүргізуге шамасы жетпейді. Ветеринариялық қызмет оқшауланған және тәуелсіз болуы тиіс. Ал ветеринария басқармасы мен ауыл шаруашылығы басқармасы қосылған жағдайда заңнамада жүктелген функцияларды іске асыруды толық көлемде қамтамасыз етуді, індеттердің алдын алудағы жедел іс-қимылдар жасауды баяулатады. Бұл өз кезегінде жануарлардың аса қауіпті аурулары бойынша өңірдегі эпизоотиялық жағдайға теріс әсерін тигізеді", – деген еді ақжолдықтар.

Үкіметтің ұстанымы қандай?

Облыстық деңгейдегі ветеринариялық мекемелердің дербес болып қалуына қатысты депутаттардың сауалына вице-премьер Роман Скляр таяуда ғана жауап берді. Оның айтуынша, қазіргі уақытта ветеринариялық қызмет жергілікті атқарушы органның құрылымы өзгертіліп, тікелей бағыныстылық арқылы құрылған. Аудандық деңгейдегі ветеринариялық бөлімдер қысқартылып, аудандық ветеринариялық станциялар тікелей облыстық ветеринариялық басқармаға бағынысты болды. Бұл ветеринариялық басқарманың қызметі мен жауапкершілігін  және жұмыс істеу тиімділігін арттырады.

"Бұдан басқа, "Ветеринария туралы" заңның 9-бабы 2-тармағына сәйкес облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының бөлімшелері ветеринария саласындағы қызметті осы заңға сәйкес жүзеге асырады. Дербес бөлімшелер нысанында құрылады. Сонымен қатар, Дүниежүзілік жануарлар саулығы ұйымының жерүсті жануарларының денсаулық кодексінің 3.1.2-бабына сәйкес ветеринариялық қызметтер тәуелсіз болуы керек және шешім қабылдау кезінде олардың пікіріне әсер етуі мүмкін сауда, қаржы, саяси және басқа топтар мен жоғары тұрған жұмысшылардың қысымына ұшырамауы тиіс", дейді Роман Скляр.

Үкіметтің ұстанымы бұл ретте айқын болып отыр. Биыл да әлемде жануарлар аурулары бойынша эпизоотиялық ахуал көңіл алаңдатарлықтай күйде қалып отыр. Атап айтқанда, Халықаралық Эпизоотиялық Бюроның деректеріне сәйкес жануарлардың аса қауіпті аурулары індетінің тіркелуі Еуропа, Шығыс Азия, Қытай, Ресей елдерінде және басқа да шекара маңындағы елдерде жалғасуда. 

"Ветеринария басқармасы тарапынан жануарлардың аса қауіпті ауруларын вакциналау және диагностикалау бойынша профилактикалық іс-шаралар жоспары қалыптастырылып, іске асырылуда. Жоғарыда айтылғандарға байланысты ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және елдегі тұрақты эпизоотиялық ахуалды сақтау үшін уақтылы ден қою және алдын алу шараларын қабылдау мақсатында облыстық деңгейдегі ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармаларын біріктіру тиімсіз екенін  атап өтемін", – дейді Роман Скляр.

Аян Бекенұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу