"Мен басымды тік көтеріп кетіп барамын": Криштиану Роналду Португалия құрамасындағы мансабын аяқтады

Футболшы бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында бейнеүндеу жариялады.

"Мен басымды тік көтеріп кетіп барамын": Криштиану Роналду Португалия құрамасындағы мансабын аяқтады Фото: Jose Breton/Pics Action/Getty Images

Роналду мұндай қиын шешім жүрекпен қабылданатынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

– Ұлттық құраманың жетінші нөмірлі жейдесін тапсыратын уақыт келді. Мен бұл жейдені ешқашан тек өзіме тиесілі деп санаған емеспін. Дегенмен 23 жыл бойы оны әлемнің түкпір-түкпіріндегі стадиондарда абыроймен киіп, қорғадым. Енді оны болашақ ұрпаққа табыстайтын кез келді, – деді аңыз ойыншы.

Оның сөзінше, 2003 жылдың тамызында басталған кезең өмірін түбегейлі өзгерткен.

– Голдар ұмытылады. Жүлделер музейлерде қалады. Рекордтар ерте ме, кеш пе жаңарады. Бірақ уақыт өшіре алмайтын бір нәрсе бар. Ол – адамдардың жүрегінен алған орнымыз, – деді ол.

Шабуылшы ұлттық құрама сапында жеңістермен қатар, әлі күнге дейін қинала еске алатын жеңілістер болғанын жасырмады.

– Мен қателестім, қиналдым. Кейде португалдықтар күткен нәтижені көрсете алмадым. Бірақ ешқашан берілген емеспін және Португалия атынан өнер көрсеткенім үшін мақтануды бір сәтке де тоқтатқан жоқпын.

Бүгін ұлттық құрама сапындағы алаңдағы жолым аяқталады. Мен бұл жолдан басымды тік көтеріп кетіп барамын. Жүріп өткен жолымды және Португалия үшін барымды салғанымды мақтан тұтамын. Бірақ мен ешқашан өз халқымның бір бөлігі болудан қалмаймын. Португалияның әр жеңісіне әлі де алаңдап, жанкүйер болып, бірге қуанамын, – деп түйіндеді ол.

Жаза кеткен жөн, Криштиану Роналду Португалия құрамасындағы алғашқы матчын 2003 жылдың тамызында өткізді. Ұлттық команда сапында 2016 жылғы Еуропа чемпионатында және Ұлттар лигасында екі рет жеңімпаз атанды.

Сондай-ақ Еуропа чемпионаттарының күміс және қола жүлдесін иеленді.

Футболшы  Португалия құрамасы үшін 234 матч өткізіп, 146 гол соққан. Бұл ұлттық құрамалар деңгейіндегі рекордтық көрсеткіш саналады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу