Мен билікке қызығып отырған жоқпын – Жээнбеков

4328

Қырғызстан президенті отставкаға кетіп, халыққа үндеу жасады.

Мен билікке қызығып отырған жоқпын – Жээнбеков

15 қазанда Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков отставкаға кететін жариялады. Ол елдегі қоғамдық-саяси жағдайға байланысты бірқатар мәлімдеме жасады.

"Бішкектегі қоғамдық-саяси жағдай әлі де тұрақталған жоқ. Кеше Жогорку Кеңеш үкімет құрамын мақұлдап, мен де бұл жарлыққа қол қойдым. Дегенмен ахуал шиеленіскен күйі тұр. Агрессия да басылмады, менің биліктен кетуімді талап етіп жатыр. Қазіргі жағдай екіжақты шиеленіске әкеліп соғуы мүмкін. Бұның арты қантөгіске ұласатыны анық. Сондықтан мен арандатуға ермеулеріңізді сұраймын", – деді ол.

Сонымен қатар ол өз сөзінде премьер-министрі Садыр Жапаров пен басқа да саясаткерлерді елде бейбітшілік орнатуға  шақырды. 
"Құрметті отандастар, мен үшін Қырғызстандағы бейбітшілік, мемлекеттің тұтастығы, халықтың бірлігі мен қоғамдағы тыныштық бәрінен де артық. Әр отандасымның өмірінен қымбат ешнәрсе жоқ. Мен билікке қызығып отырған жоқпын. Тарих беттерінде өз азаматтарына оқ атып, қанын төккен президент ретінде қалғым келмейді. Сондықтан мен отставкаға кету туралы шешім қабылдадым", – деді ол президент ретіндегі соңғы үндеуінде. 

Ескере кететін жайт, президентті отставкаға кетіру туралы келіссөздер 14 қазанда, яғни Садыр Жапаров премьер-министрі болып тағайындалғаннан соң басталған. Премьер Жээнбековты биліктен қалайда кетіретінін айтқан болатын. Ал президенттің баспасөз қызметі болса, Сооронбай Жээнбеков жаңадан парламенттік сайлау өткізілгеннен кейін ғана кететінін алға тартқан еді.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу