"Менің Атамекенім"

2489

Қалталы азаматтар ғана емес, қарапайым қазақстандықтар да көмек көрсетіп жатыр.

"Менің Атамекенім"

Жығылғанға жәрдемдесіп, қиналғанға қамқор болудың жарқын үлгісін өзгелерге өнеге етіп көрсету үшін ATAMEKЕN BUSINESS телеарнасы "Менің Атамекенім" атты арнайы жобаның телевизиялық нұсқасын көрсете бастады.

"Менің Атамекенім" жобасы мұқтаж жандарға жақсылық жасайтын қайырымды жандар мен көмекке зәру адамдардың арасына алтын көпір болды. Сәйкесінше көпбалалы аналар мен тұрмысы төмен отбасылар, қариялар мен ауыл тұрғындары жақсылық жасап жарысатын жандардың шарапатына кенеле бастады.  

Тоқшылықпен емес, жоқшылықпен сыналған адамдарға қалталы азаматтар ғана емес, қарапайым қазақстандықтар да мүмкіндігінше көмек көрсете бастады. Біреулер мұқтаж жандарға азық-түлік апарса, ендібеулер киім-кешек ұсынды. Адамдардың тағы бір тобы денсаулығының кінәраты бар балаларға дәрі-дәрмек, ойыншық жеткізді. Осының барлығы ATAMEKЕN BUSINESS телеарнасы арқылы таратылып, көрерменмен қауышты.

Қуантарлығы, қазір телеарнаның байланыс телефоны дамыл таппай тұр. Қайырымды жандар кімге, қандай көмек қажет екенін сұрап, күн құрғатпай хабарласып  жатыр.

Кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігін арттырып, мейірімі мен жанашырлығын ояту арқылы әлеуметтің әлсіз тобына үміт сәулесін сыйлауды мақсат тұтатын "Менің Атамекенім" жобасы қазірдің өзінде өміршең әрі пайдалы болатынын көрсетіп отыр. Ендеше, ATAMEKЕN BUSINESS телеарнасынан "Менің Атамекенім" телевизиялық жобасын тамашалаңыз, жақсылық жасаңыз! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу