Мердігерлердің бейқамдығы қолайсыздық тудырып отыр

Тұрғын үйлердің құрылысы сапасыз жүргізілген. 

Мердігерлердің бейқамдығы қолайсыздық тудырып отыр Фото: Валерий Бугаев

Павлодар қаласында әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды, апаттық жағдайдағы үйлердің тұрғындарын баспанамен қамту үшін жаңа пәтерлер салынуда. Алайда олардың барлығы бірдей талапқа сай емес. Соның салдары қарапайым жұртшылыққа қолайсыздық жасауда, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Айталық, облыс орталығындағы бұрынғы Алюминстрой шағын ауданындағы ағаштан салынған ескі екіқабатты үйлер иелерінің жалдамалы пәтерлергп көшкеніне төрт жылдың жүзі болды. Содан бері жергілікті билік уәде етілген жаңа көпқабатты үйлердегі пәтер кілттерін берер емес. Заманауи баспаналар үшін өз шаңырақтарын босатып берген жұртшылық тығырыққа тірелді.

"Біздің құлағалы тұрған үйіміздің орнына жаңасы салынып, содан бізге сапалы пәтерлер берілуі керек-тін. Әу баста әкімдік бір жыл пәтер жалдайсыздар, кейін заманауи баспанаға қоныстанасыздар деп уәде етті. Айтылғандай, жаңа үйсалынды, бірақ біздің оған көшер түріміз жоқ. Әкімдік ай сайын пәтер жалдауға беретін 50 мың теңге жетпейді. Сондықтан үстінен 20-30 мың теңге қосуға тура келеді. Коммуналдық шығындар тағы бар. Төрт жыл ішінде мұндай жағдайдан әбден мезі болдық. Өз үйімізге қашан кіреміз?",-деп налиды көпбалалы ана Елена Дудиева.

Павлодар қалалық құрылыс бөлімі үйдің тапсырылу мерзімінің сағызша созылуына мердігерлер кінәлі екенін алға тартады.

"Мердігерлердің салғырттығы салдарынан жылу желілері дұрыс жүргізілмей, қыс бойы жұмыс тұралап тұрды. Қазір іс қайта жанданды. Жоспар бойынша қыркүйекте бір, жыл соңына дейін тағы бірнеше үй беріледі. Сол кезде Алюминстройдың азаматтары жаңа пәтерлерге қоныстана алады",- дейді аталмыш бөлімнің сектор меңгерушісі Арман Асылханов.

Мердігерлердің жауапсыз әрекеттерінен зардап шегіп отырған бұл шағын аудан тұрғындары ғана емес. Қала іргесіндегі Кенжекөл ауылынан көпбалалы отбасыларға берілген екі пәтерлі 22 баспананың жағдайы да мәз емес. Ұзақ жыл бойы түрғын үй кезегінде тұрып, бір жыл бұрын пәтер кілттерін алған олардың қуанышы көпке созылмады. Қазір бұл баспаналарда адам тұрғысыз. Қабырғалары сыз тартып көгеріп, құлағалары тұр. Электр, жылумен қамтуда да қиындық бар. Тұрғындардың басқа амалы болмаған соң соларды паналауға тура келеді.

"Бір күні үйдің төбесі үстімізге құлай ма деп қорқамыз. Кәріз жүйесі дұрыс тартылмағандықтан лас су іргетасты бұзып жатыр. Қабырғалардан тоқ соғады. Қыстың күні үйдің іші азынап тұрады",-дейді көпбалалы ана Алмагүл Балғымбаева.

Жергілікті билік мұндағы баспаналардағы проблемалар да мердігерлердің қателігі дегенді алға тартады. Арман Асылхановтың айтуынша, әр үйдің мәселесін талдау үшін тәуелсіз сарапшылар тартылады. Соның негізінде жобалық-сметалық құжаттама дайындалады. Бірақ жөндеудің нақты қай уақытта жүргізілері беймәлім.

Күні кеше облыс орталығында жаңадан салынған, бірақ тұрғындар әлі қоныстанып үлгермеген көпқабатты үй су астында қалды. Достық шағын ауданында бой көтерген баспананың 8 қабатындағы пәтерлердің бірінен су атқылап, бірінші қабатқа дейін жеткен.

"Желіге су жіберілген соң құбырлар бекітілген жерден су ақты. Белгілі болғандай, құрылыс материалының ақауы болған. Мердігер компания өкілдері оқыс жағдайдың салдарын жоюға кірісті",-деп хабарлады жергілікті әкімдік.

Бұл - мердігерлер жіберген олқылықтардың бір парасы ғана. Жүкталген міндетке атүсті қараған компаниялардың кесірінен қарапайым халыққа қиындық пен қолайсыздық туындап отыр. Ал "қит" етсе кінәнің барлығын сол мнрдігерлердің мойнына іліп қоятын билік өкілдері қайда қарады? Таяқтың бір ұшы оларғада тиетіні анық. Құрылыс барысында тапсырыс деруші мемлекеттік мекеме тарапынан қатаң қадағалау болса, тұрғындар мұндай тығырыққа тірелмес еді. Бұл жағдайлар - бақылауды әлі де күшейтіп, жакапкершілікті бөлісу керек екенінің жарқын айғағы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу