Мереке күндері демалысқа ғана емес, қауіпсіздікке де көңіл бөліңіз

Әдетте мереке күндері жол-көлік оқиғалары мен оқыс оқиғалар көбейеді. Мұның көпшілігі демалыс кезінде басқа қалалрға саяхаттап, тауға шығушылардың қауіпсіздкке мән бермеуінен болады. 

Мереке күндері демалысқа ғана емес, қауіпсіздікке де көңіл бөліңіз Фото: google.com

Мамыр ішкі туризм маусымының басталатын айы. Өйткені көп өңірде, әсіресе,  қазақстандықтар ұнататын таулы өңірлерде қар еріп, күн жылып, демалысқа қолайлы сәт туады. Әрі ай басындағы аптаға жуық демалыстарды қазақстандықтардың көпшілігі ел ішіндегі саяхатқа арнауға тырысады. Алайда мереке күндері демалыспен қатар сақтыққа да көңіл бөлген жөн. Неге баса назар аудару керек? Inbusiness.kz тілшісі зерттеп көрді. 

Отандастарымыздың арасында сұранысқа ие – Алматы облысындағы Есік көлі, Түрген, Шарын шатқалы мен Көлсай, Қайыңды көлдеріндегі туристік нысандар маусымашар кезеңі мамыр айында басталады.

Ал күні жылы Түркістан облысы, Шымкент наурыз айында ашылады. Ал Алматы қаласының маңы, Ақмола облысындағы Көкшетау демалыс аймағы, батыс өңірдегі демалыс аймақтары жыл он екі ай. Дегенмен мамырдағы демалыстарда ол өңірлерде нағыз қызған шақ басталады.

Былтырғы көрсеткішке сүйенсек, ел ішінде саяхаттаушылар алғашқы алты айда 2021 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 121,5% -ға немесе 1,13 млн адамға өскен. Оның негізгі бөлігі дәл осы мамыр айының еншісінде. 

Мамандар мерекелердің кезінде жол-көлік апаттары мен туристік маусым басталатын айда және мереке күндері суға ағып кету, көшкін астында қалу, кене шағу, тауда жүру ережелерін сақтмау салдарынан түрлі қайғылы жағдайлардың да жиілейтінін айтады. Сондықтан жылда мамырдағы мерекелер алдында қауіпсіздік ережелерін еске салады. Биыл да арнайы хабарлама таратып, мамырда таулы аймақта қар көшкіні қаупі сақталатынын ескертіп, тауға шықпауды сұрады. 

"Мысалы: Алматы Іле Алатауының етегінде орналасқан. Біраз уақыт тауға шығудан бас тарту керек, өйткені тауда қар көшкіні қаупі жоғары, сондықтан сақ болу қажет. Қар көшкіні болуы мүмкін беткейлерге барудың керегі жоқ", – дейді халықаралық дәрежедегі құтқарушы, Төтенше жағдайлар министрлігінің ардагері Әлихан Көпжанов.

Таулы аймақтардағы су қоймалары да қаупті. Республикалық жедел құтқару жасағы сүңгуір-құтқару бөлімінің бастығы Андрей Быбченконың айтуынша көктем мен жаздың басында өзендер қауіпті. 

"Мұнда тау етегінде, әсіресе, ағысы қарқынды, көлемді, күрделі ландшафты және тік жағалаулары бар тау өзендері бар. Ең басты қауып-қатер өзендерге жақындағанда салмағы 100-500 келіден асатын алып тастарды ағызып, алып жүреді. Сондықтан сақтық керек", – дейді ол. 

Сонымен қатар тау өзендерінде шомылу қауіпті, адам аяқ-қолы құрысып, инсультке дейін ұшырауы мүмкін. Егер адам сонда да суық суға шомылуға тәуекел етсе, оның жанында көмек көрсете алатын адамдар болуы керек.

Егер адам тау өзеніне батып кете бастаса, оның артынан өзеннің бойымен жүгіру қажет, ол ағашқа немесе тасқа тірелуі мүмкін. Бұл уақытта қолда бар құралдар таяқ, арқан, бөрене және т.б. пайдаланып, көмек көрсетуге тырысқан жөн. Ешқандай дайындығыңыз болмаса, құтқару үшін суға секірмеңіз. 

Ал кенелердің белсенділік маусымы дәл осы мамырдың жылы күндеріне келеді, бұл да таудағы демалысты жақсы көретіндерге қауіпті.  Осыған байланысты құтқарушылар тұрғындарға жабық киім, капюшон киіп, жеңі бар киім мен шалбар киюді, денеде ашық жер қалдырмауға кеңес береді. 

"Сондай-ақ бір-біріңізге киімдеріңізде кене бар-жоғын тексертіп алыңыздар", – дейді Республикалық жедел құтқару жасағы жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы Әділхан Балтабай. 

Құтқарушылар сонымен қатар мереке күндері жаппай көкке шығатын азаматтарға таулы жерде от жағуға тыйым салынғанын және туристерге тек рұқсат етілген жолдармен жүру керектігін ескертті. Табиғатқа шығар алдында, ол туралы жақындарға және 112 телефоны арқылы құтқару қызметіне ескерткен жөн. Сонымен қатар, шуақты күнге қарап, жұқа киіммен тауға шығудан бас тартқан жөн. 

Мамыр айында ауа райы әлі де құбылмалы. Аяқасты жауын жауып, тауда тұман түсуі мүмкін. Жақында алматылық құтқарушылар 2 джиппен тауға шығып, жоғалып кеткен адамдарды іздеуге мәжбүр болған. 

"Біздің топ бірінші болып жолға шықты, бірақ табылған жерде екі жоғалған көлік емес, қырыққа жуық машина болатынын күткен жоқпыз. Байланыс болмады, көліктерді қар көшкіні басып қалды. Жауған қар құтқару жұмыстарын қиындатты, ауа температурасы да төмен болды. Қарда жүретін көліктер мен жүру мүмкіндігі жоғары Камаздар арқылы адамдарды эвакуациялай бастадық. Барлығы сәтті аяқталып, адамдар аман қалды",–  деді А.Быбченко.

Тауға шығушылардың көпшілігі селфи жасап, әлеуметтік желіге салуға құмар. Сол үшін ерекше ракурс іздеп, ағынды өзен жағасында тұрып, биік тау басына шығуға дайын.

"Мұндайдан барынша бас тартыңыз, өзен жағасындағы тастар тайғақ болуы, тау басында күн күрт суытуы мүмкін", – дейді құтқарушылар. 

Мамыр айының тағы бір ерекшелігі - жауын жиі жауып, найзағай ойнауы мүмкін. Егер қалаларлық жолдарда кетіп бара жатып, нөсер құйып, күн күркірсе, көлікті тоқтатып, жол жиегінде немесе автотұраққа тоқтаған жөн. Терезелерді жауып, радиоқабылдағыштың антеннасын түсіріп, биік ағаштардан қашықтау тұрған дұрыс. Ашық далада тұрмаңыз, автомобиль ішінде отырыңыз, көлік құралының астына тығылмаңыз. Ал велосипед пен мотоциклмен саяхаттап бара жатсаңыз, оларды жерге қойып, кем дегенде 30 метр алыстау жерге барыңыз. 

Ал полиция қызметкерлері басқа қалаларға саяхаттау кезінде алдын-ала қай жерлерде мерекелік шаралар өтеді, қандай көшелер жабық болатынын біліп алуды ұсынады. Әрі статистикаға сүйенсек мереке күндері ішімдік ішіп, рөлге отыратындар көбейеді. Сондықтан мереке күндері жол ережесін барынша сақтап, мұқият болған жөн. 

Мереке күндері қалалар мен қалааралық бағытта трафик көбейеді. Басқа қалаларға саяхаттар алдында ауа райымен, жол жағдайымен танысып, көлікті барлық жағынан сайлап алған жөн. Егер ауа райы құбылмалы болса, сапардан бас тарту қажет. 
Мереке күндері әдетті полиция күшейтілген тәртіп режиміне көшеді. Сондықтан жол ережесін сақтау, құжаттарды толық алып жүрген жөн. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу