Меруерт Өтекешова: Ең керемет, ең бай, ең дархан ел – ол біздің Қазақстан!

Республика күні – Тәуелсіздігімізді дәріптеп, егемендігімізді көздің қарашығындай сақтауға, азаматтығымызды бағалауға үндейтін ерекше мереке.

Меруерт Өтекешова: Ең керемет, ең бай, ең дархан ел – ол біздің Қазақстан!  Фото: kazakhfilm.kz

1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын.

Былтыр Қасым-Жомарт Тоқаев "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне кинематография мәдениет және мерекелер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңына қол қойып, 25 қазан ұлттық мереке – Республика күні, ал 16 желтоқсан мемлекеттік мереке – Тәуелсіздік күні болып белгіленді.  

"Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек", – деді Мемлекет басшысы.

Бұл мерекенің тарихи маңызы, рухани құндылығы туралы inbusiness.kz сайтына Қазақ КСР Еңбек сіңірген әртісі, "Құрмет" және "Парасат" ордендерінің иегері Меруерт Өтекешова айтып берді.

– Меруерт Қаратайқызы, ұлт үшін маңызы зор датаға былтыр ел Президенті ерекше мәртебе берді. Тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадам болған мереке туралы ойыңызбен бөліссеңіз...

– Бұл ерекше тарихи маңызы зор мереке. Бүгінде еліміздің әрбір азаматы тәуелсіздіктің барлық игілігін көріп жатыр. Керемет емес пе? Біз небір кезеңді бастан өткізіп, заман мен тарихтың өзгергеніне куә болдық. Қазіргі кезде елімізде жақсы өзгерістер өте көп. Жастарға барлық жағдай жасалған. Баяғыда біздің кезімізде Алматыда екі-ақ қазақ мектебі болған. Менің кіші қызым соның біреуіне барды. Қазір мектеп өте көп. Білім аламын, дамимын, өсемін деген жастарға мүмкіндік бар. Елімізде колледждер мен университеттер көбейді. Барлық салада, оның ішінде экономика, өнер, әлеуметтік салаларда өң өзгерістер жетерлік. Егеменді елміз. Әсем қала Астанамыз бар.

17 жасыңызда қазақ киносындағы шоқтығы биік, қайталанбас Қыз Жібек бейнесін сомдадыңыз. Өнер саласында қайталанбас із қалдырған ұжыммен бірге жұмыс істегеннің өзі бір ерекше күш-жігер беретін шығар? 

– Бүгінде концертке немесе басқа бір жерге барсам көпшілік келіп сұрап, суретке түсіп жатады. "Қыз Жібек" пен Меруерт Өтекешова есімі қазақ халқы үшін егіз ұғымға айналып кетті. Бұл керемет туындыға мектеп бітіргеннен кейін, 16-17 жасымда түстім. Фильмде басты рөлді сомдаған Құман екеуміздің сезіміміз өмірде жалғасын тауып, кейін отбасын құрдық. Режиссер Сұлтан Қожықов, суретші Гүлфайруз Ысмайылова, композитор Нұрғиса Тілендиев ағаларымыз бастаған керемет ұжыммен жұмыс істедік. Бұл үлкен мәртебе. Олар өнерде өшпес із қалдырды, оларды ешкім ұмытпайды. "Қыз Жібек" фильмінің түсірілгеніне 50 жылдан аса уақыт өтсе де экраннан түспейді. Себебі киноға өнер саласының барлық майталмандары қатысты.

– Сізді театр сахнасынан, кейде кинокартиналардан көреміз. Шәкірт тәрбиелеп, тәжірибеңізбен бөлісу ойыңызда бар ма?

– Рас, арасында телехикаялар шақырады, бірақ соңғы жылдары киноға түспей жүрмін. Алайда университетте сабақ беремін. Астана мен Алматының ортасында еңбек етіп келемін. Елордадағы "Шабыт" өнер университетінде шәкірт тәрбиелеймін, "қара шаңырақ" Қазақ мемлекеттік Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында жұмыс істеймін. Екі жылдан кейін театрымызға 100 жыл толады. Сол күнге аман-есен жету бұйырсын деп тілеп отырмын. Осылай жұмыс істеп, ортада жүргенге үйреніп қалғанмын.

Сіздің шәкірттеріңіз тәуелсіздік ұрпақтары, оларға көңіліңіз тола ма?

– Иә, менің шәкірттерімнің барлығы тәуелсіздік ұрпақтары. Жастарға сабақ бере жүріп, бізде талантты жастар көп, дарынды режиссерлер, әртістер көп екенін байқаймын. Олардың ынта-ықыластарына қуанамын. Жастарға ризамын. Біз Кеңестік кезеңде білім алдық, жұмыс істедік. Қазір зейнет жасындамын. Ол заман басқа болатын. Бұрын сол кездегі Гурьев, қазіргі Атырауда болғанмын. Соңғы жылдары тағы жолым түсті. Қала мүлде өзгерген, көркейген. Қазір барлық қалаларымыз көркейді. Жалпы қай жағынан қараса да халық риза. Жастарға мүмкіндіктер көп. "Астана опера" бар, Жастар театрлары бой көтерді, концерттер мен спектакльдер өтіп жатыр. Осының бәрі тәуелсіздіктің арқасы.

– Республика күні осынау ұлттық мерекеде қазақстандықтарға қандай тілек айтасыз?

– Біз Әуезов театрымен қаншама рет шет елдерде гастрольдік сапарларда болдық. Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей тағы айта берсем көп. Бірақ қандай елге барсам да ең керемет ел, ең бай, ең кең, ең дархан ел – ол біздің Қазақстан екеніне көзім жетеді. Еліміз, халқымыз аман болсын! 25 қазан Республика күні – Тәуелсіздігімізді дәріптеп, егемендігімізді көздің қарашығындай сақтауға, азаматтығымызды бағалауға үндейтін ерекше мереке.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу