Месси ақыры көшбасшы атағына лайық екенін дәлелдеді
Сауд Арабиясына қарсы жеңіліс Аргентинаға ауыр тиді. Ойын соңында Месси журналисттермен ашық әңгімелесті. Бірақ, құраманың киім ауыстыру бөлмесінде аузына құм құйғандай үнсіз қалды. Скалони капитанға базаға барар жолда сөз берген екен. Месси бұл сәтті босқа жібермепті. Жігіттерді жолда жеңіске жігерлендіріпті. Не айтқаны белгісіз? Алайда, Мессидің сол бір лекциясы Аргентина ойыншыларына қанат бітіргендей болды.
Лео, жұлдызды деңгейіне қарамастан көп жылдар бойы құрама көшбасшысына айнала алмаған болатын. Ол кездегі ұжымның рухани лидері Хавьер Маскерано еді.
Бірақ, соңғы жылдары бәрі өзгерді. Месси көшбасшы тұғырына қадам басты. Бүтіндей бір елдің оған деген жауапкершілігін сезінген шабуылшы бақ өкілдерінің алдында түсініксіз сөйлей бастапты. Бұған дейінгі пресс-конференцияларда Месси испан тілінде таза сұқбат беріп жүрген екен. Тілмаш мамандардың айтуынша, Леоның түсініксіз деп жүрген тілі аргентина-испан қосындысынан құралыпты. Ол мәлімдемелерінің отандастарына түсінікті болғанын қалағандықтан, өз еліне бүйірін (тілін) бұрған екен. Мессидің өзгерісі қарусыз көзбен-ақ көрініп тұр. Бұрындары жеңілісті ойындардан кейін жоғалып кететін шабуылшы қазірде батыл шешімдерді қабылдауға жасқанбайды.
Лео сыйбайластарының ауқымы кеңейген кез
Өткен-кеткен жылдары Мессидің құрамадағы аралас командаластарының ауқымы саусақпен санарлық еді. БАҚ өкілдері бір дастарханға жиналған бұл кіші жиынды "la mesa chica" деп атап кеткен екен. Ол кезде шабуылшының жанында тек: Агуэро, Игуаин, Билья, Ди Мария және Маскерано ғана жүретін еді. Сол бір кездері арнама толдым, Мессидің қатарына қосылатын дәрежеге жеттім, деген Икарди аталмыш үстелге отыруға дәмеленді. Бірақ, Лео қасындағыларына Мауроның бұл іс-әрекеті ұнамады. Бүгінде Мессидің комфорт зонадан шыққалы қашан. Ол команда ығына қарай ыңғайланды. Мінезі ауыр деген Де Паульмен ортақ тіл тапты. Отаменди мен Папу Гоместе Леоға деген сәлемдерін түзеді.
2019 жылы кезекті бір Аргентинаның ойыны алдында Де Пауль, Паредес және Месси қонақ үйдің ішінде карта ойнапты. Олар бұл үрдісті дәстүрге айналдырып алған екен. Қазірде құрама айналасындағы футболшылардың бәрі Леомен карта ойнап, көңіл көтере алады. "GOAT" бұған қарсы емес. Аргентинаның жас толқыны - Лисандро, Фернандес, Ромеро, Альварес және Молиналар құрама келісімен тез сіңісіп кетті. Өзін дәлелдеп тастаған "альбиселесте" футболшылары інілеріне ағалық кеңесін айту арқылы осыған сеп болды. Команда деп осыны айтыңыз!
Жоғарыда айтылған жас буын ойыншыларының тағдыры Мессимен әлде-қайда байланысты болған екен. Мәселен, Энцо Фернандес. 2016 жылы кумирімен суретке түсуді арман еткен жас жігіт 120 шақырымды артта қалдырады. Бағына орай, Месси Энцоның бетін қайтармай, фотоға түсуден бас тартқан жоқ.
Аргентина ойыншылары кампусте тұрды
Катарда Аргентина университет кампусында орналасты. Бұл жақтағы өмір сүру деңгейі қонақ үймен салыстырғанда, едәуір төмен еді. Бірақ, футболшылар бұған наразылық білдірген жоқ. Осыдан кейін, БАҚ өкілдері Аргентина ойын-сауыққа емес, жеңіске жету үшін келді деп жарыса жазды. Әлем чемпионаты өтіп жатқан елге "альбиселесте" өзімен бірге 2600 кг сиыр етімен, өзіндік гриль қондырғысын ала келіпті. Бұл базарлық асадо тағамын әзірлеуге мүмкіндік берді. Осылайша, құрама үлкен дастарханға жиналып, көңіл қосқан болатын. Асадо туралы идеяны ұсынған Скалони құрама ішіндегі ынтымақтастықты нығайтты. Бірақ, стратег бапкер көрегендігін осы жерде ғана көрсетіп қалған жоқ. Ол басқа құрамадағы әріптесі Роберто Мартинеске қарағанда, ойыншыларына жақындарымен көрісуге мүмкіндік берді. Бұл жайт көрсеткішке еш кедергісін келтірген жоқ. Қайта футболшылар жақындарын көріп, мауқымын басты.
Агуэро құраманың бой тұмары
Серхио Агуэро ӘЧ ESPN арнасының аргентиналық сарапшысы ретінде барды. Ол арасында стрим түсіріп, жанкүйер сұранысын қанағаттандырумен жүрген болатын. Агуэро Аргентинаға қолдан келгенінше көмек берді. Ол құрама жаттығуларына қатысып, жас буынға өмірлік тәжірибесінен ақыл айтты. Нидерландыға қарсы ойыннан кейін Мессиді жан-жақтан қыспаққа алғанын көрген Кун оққағарларды алаңға дер кезінде жіберген екен. Соның арқасында, Леоға ешқандай зардап келмеді. Финалдан кейін Агуэро жанкүйерлердің дауылпазын иығына іліп, стадион ішінде өз атмосферасын енгізеді. Барлық футболшымен тілдескен Кун құрама үшін шуақ шашқан күнге айналды.
Скалониге ешкім сенбеді
Шынын айту керек, Аргентина футбол федерациясы Скалониді шарасыздан бапкерлікке тағайындады. Бұған себеп, ақша мәселесі. Диего Симеоне мен Маурисио Почеттиноны шақырғысы келген "альбиселесте" осы жайтқа бола Лионельді жаңа орынға жайғастырады. Жас бапкерге ешкім сенбеді. Солардың қатарында Диего Марадонада бар. Бірақ, бапкер қарсы сөзге тосқауыл қойып, жұмысын жалғастырды. Оның басты миссиясы Мессимен тіл табысу болатын. Ол бұл үшін Лео кумирі Пабло Аймарды құрамаға шақырды. Және бұл жоспары жүзеге асты. Даңқты Аймар Мессигеде айтқанын істетті.
Скалони басқа көмекшілерінде дәл тапты. "Интердің" экс-қорғаушысы Вальтер Самуэль қорғаныстағы олқылықты оңдады. "Расингтің" спорт директоры Роберто Айяла болса, ортақ тапсырмаларды орындауға көмектесті.
Эмилиано Мартинеске шабыт берген Ван Гал пікірі
БАҚ өкілдері бір кездері Паредестен құрамадағы ең есерсоқ футболшы кім? деп сұрақ қойыпты. Паредес ойланбастан, Эмилиано Мартинес деп жауап қайырған екен.
Ия, Эмилианоның миға келмес қылығы көптің ашуын тудырады. Мысалы, қақпашының ӘЧ финалынан кейінгі мына қылығы әлі-күнге дейін сын астында.
1/4 финал алдында Луи ван Гал егерде матч пенальти сериясына дейін жетсе, менің тәжірибем шешуші рөлді ойнайды деп өзіне сенімділік ұялатқан еді. Эми осы бір пікірді скриншотқа түсіріп, сары майдай сақтап қояды. Телефонын алған сайын осы бір пікірді оқып, өзіне шабыт алады. Бұған тағысы, Мартинес команда футболшыларының бәріне Ван Гал отпен ойнады, оған көресіні көрсетемін деп айтып шығыпты.
Қақпашы сөзінде тұрды. Эми пенальти сериясында екі соққы қайтарып, Аргентинаны жартылай финалға алып шықты.
Қорытындылай келсек, бұл Аргентина өткеннен сабақ алып, бой түзеді. Кем-кетік жердің жыртығын жамады. Бұл қадамда олар біріге жұмыс атқарған болатын. Нәтижесі көп күттірмеді. Қатарынан үш жүлде... Команда үшін бұдан артық не керек?
Мұхамедқали Көбеев